Аквамәдениет саласының дамуы браконьерлік өнімге сұранысты төмендетуі мүмкін деп есептейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Қуаныш ИСБЕКОВ.
БАЛЫҚТЫҢ БЕТ-ЖҮЗІН БІЛУ
Біздің өңірімізге қызметтік сапар барысымен келген еліміздің бас балық өсірушісі «АЖ»-ға сұхбат берді.
- Сіздің қызметкерлеріңіз Каспийдің балық фаунасын қашаннан бері зерттейді? Қандай түрлерін зерттейсіздер, қандай үрдістерді бөліп айтуға болады?
- Жалпы популяцияның күрт азайғанын ескерсек, орыс бекіресінің нақты санын анықтау мүмкін емес. Біз генетикалық мониторинг жүргіземіз, жекелеген түрлеріне чип саламыз, өйткені біз олардың «жүздерін» білуіміз керек. Оларға белгілі бір нөмірі бар электронды белгі енгізіледі. Осы белгіге генетикалық төлқұжат жасалады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы министрлігі мен білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде орыс бекіресінің 55 данасына тест жасадық. Олардың қалай қыстап шығатынын, чиптер ағзаларына бітісіп кете ме, көргіміз келді.
Биыл тағы 36-сына белгі салдық. Бұл жұмыс генетикалық полиморфизмді анықтауға және толықтырушы-аналық топты қалыптастыруға бағытталған. Инбридингті - сибстерді жақын туыстық, яғни, ағалы-інілі мен апалы-қарындастарды будандастыруды болдырмау үшін будандастыру сызбасы оңтайландырылуы тиіс.
Гендік чиптеу, төлқұжаттаудың арқасында балық аулаушылар аталықтар мен аналықтардың жұбын дұрыс іріктей алады. Сол кезде әрі қарай осы балықтардың уылдырықтарынан дені сау, тіршілікке төзімді ұрпақ шығарды.
Бүгінде біз келесі жылы шоқыр өсіп-өнуге кіре ме, жоқ па, білмейміз. Ал біз оған чип салып, үйір жасадық, бұл алғаш рет жасалып отыр. Біз тоқтауға тиіс емеспіз, өйткені қазір толықтырушы аналық үйірді қалыптастырудың бірегей мүмкіндігі пайда болды. Әзірге әлі де бекірелердің табиғи полиморфизмі сақталады. Олар ешқайда жіберілмейді - өзенге де, теңізге де, олар сіздің бекіре өсіру зауыттарыңызда ұсталатын болады.
- Сіз қазір бекірелердің табиғи өсіп-өнуі үшін бірегей су тоғандары ретінде Каспийдің, Жайықтың жағдайын қалай сипаттар едіңіз? Соңғы жылдары балықтың құрып біткендігі туралы айқын пікір қалыптасты.
- Айталық, биыл судың молдығына қатысты – тиісінше, тұқымдық балықтардың кіру саны көбейді. Бірақ бұл уақытша құбылыс, ал жалпы, әрине, санының азаю үрдісі байқалады. Себептері баршаға белгілі: бұл жалпы экологиялық ахуалдың нашарлауы және браконьерлік факторы.
- Ал саға түбінің тарылуы, лайлануы ше?
- Иә, бұл антропогендік факторлардың тұтас кешені. Тереңдету жұмыстары жүргізілмейді, шектес мемлекет-тердің аумағынан, яғни, Ресей Федерациясынан судың жіберілу проблемасы бар...
- Бұл мәселе көп жылдан бері талқыланып келе жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Қазақстанда қазіргі тиімсіз геосаяси жағдайында әлдебір әсер ету тетіктері бар ма?
- Бұл мәселе шешілуде. Әр елдің өз мүддесі бар екені түсінікті. Ымыраға келу процедуралары, бәтуаласу өте ұзаққа барады. Біз қазір ортақ экономикалық одақтамыз және уақыт өте келе бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.
ҚОЙШЫ КӨП БОЛСА ҚОЙ АРАМ ӨЛЕДІ
- Ашық теңізге кіру мүмкіндігі барлар тікенді балықтың молдығына назар аударды. Ол бізге Маңғыстау акваториясынан кірді деседі. Оның көптігі сондай, қолмен аулауға болады. Қалай дегенмен де, өткен жылы осылай болды. Оны кәсіпшілікпен аулау қалай дамуда?
- Кәсіпшілік флоттың болмау проблемасы жыл сайын көтеріліп отырады. Менің білуімше, Ақтауда кәсіпшілік флотын дамыту әрекеті бар. Ол жақта жеке компания теңіз кемелерін алған. Кезінде теңізден балық аулауды ынталандыру үшін тіпті нөлдік квоталар орнатылды. Сонымен қатар, теңізден балық аулауды субсидиялау мәселесі көтерілуде. Бұл – мемлекет тарапынан қозғалтқыш күш керек болатын осындай сала. Мен тек балық аулауды ғана емес, аквамәдени тауарлық өсіп-өндіруді дамыту керектігіне назар аудартқым келеді. Бұл үшін жағдай жасау керек. Тек бекіре өсіруді ғана дамыту керек емес, бұл, әрине, бренд. Бірақ балықтың басқа түрлерін де дамыту қажет. Өйткені қара балықтың саны да төмендеуде. Егер заңды, аквамәдени балық нарыққа түссе, браконьерлікке сұраныс азаятын болады. Яғни, екі қоянды бір оқпен ату керек: адамдарды қолжетімді балықпен тамақтандырып, табиғи популяцияға қысымды азайту керек. Коммерциялық тұрғыда браконьерлікпен айналысу тиімсіз болатындай ету керек. Әрине, заңдық кедергілерді де орнатуға болады.
- Бүгінде балық қорларын қорғаумен көптеген органдар: ІІМ, балық қорғау қызметі, шекарашылар, су полициясы айналысатын жағдай қалыптасты. Бәрі бір-бірімен тіл табыспайды. Ақыр аяғында не болып жатқанына ешкім жауап бермейді. Уақыт өте келе бәрінен бас тартып, бірыңғай жауапты құрылым құру туралы ұсыныс түседі. Сіз ғалым ретінде мұнымен келісесіз бе?
- Ұйымдастырушылық, заңнамалық тұрғыда осындай бір органды құру өте қиын. Өте көп заңнама актілерін қайта қарау керек болады. Осылайша, мұндай идеяны іс жүзінде жүзеге асыру ықтималдығы, менің пікірімше, нөлге жақын. Қалай болғанда да, осы 6-7 органның ішінен қазір осы бассейнде не болып жатқаны үшін жауап беруге тиістілерді табуға міндеттіміз.
- Израильде балықты тауарлық өндіру фермалары көп. Уылдырықтың кошерлі емес өнім екені белгілі. Сондықтан тек экспортқа кетеді. Бірақ балықты олар өздері тұтынады. Ол жақта тұратын біздің қазақстандықтар олардың бекірелерін біздікілермен қатар қоюға болмайтындығына сенімді. Сіздің пікіріңізше, бұл осындай атыраулық снобизм бе, әлде олардың дәмдік сапасы шынымен де түрлі ме? Бәлкім, балықтың химиялық құрамы ол тіршілік ететін суға байланысты, азығына байланысты өзгере ме екен?..
- Нәрлілігі, химиялық құрамы бойынша бұл заттардың айырмашылығы аз деп ойлаймын. Бұл таза дәмдік әуестік, айталық, бренд, имидж мәселесі. Бәлкім, гурмандар айыратын шығар. Бірақ мен өзімді мұндайларға жатқызбаймын. Біз СИТЕС ғылыми органы болып табыламыз. Бізге бекіре уылдырықтарын импорттауға рұқсат беруге тура келеді. Сол Германиядан келеді, басқа елдерден алып келеді. Адамдармен қанша аралассақ та, ешкім де көздерін жұмған күйде, мұның аквамәдени немесе табиғи тұқымдық балықтардан алынған уылдырық немесе балық екенін нақты айта алмайды.
- Ал сіз өзіңіз соңғы рет уылдырықты қашан жедіңіз?
- Соңғы рет уылдырықты жарты жыл бұрын жедім. Бұл аквамәдени уылдырық болатын.
- Дәмі қалай екен?
- Айтып отырмын ғой, мен гурман емеспін. Айыра алмадым.
- Ал сіз қай жақтансыз?
- Мен Талдықорған облысынанмын. Мен үшін ең дәмді балық – сазан.
«ЕКІ ЗАУЫТТЫ ДА ҚАЙТА ЖАРАҚТАУ КЕРЕК»
- Егер біз бекіре тұқымдастарды тауарлы өндіруді жолға қойсақ, осы балықты сатып, экспортқа шығара аламыз ба?
- Қазір бекіре тұқымдастарды коммерциялық аулауға тыйым салынған, бірде бір Каспий өңіріндегі мемлекеттердің етке де, уылдырыққа да өндіруге не сатуға құқығы жоқ. Аквамәдени балықтарға қатысты проблема жоқ. Бізге өтініш береді, біз зерттеу жүргіземіз, егер мұның аквамәдени екені расталса, онда рұқсат береміз. Бірақ уақыт өте, жеке кәсіпкерлер авиамәдени өсіп-өндіруді дамытса (ал бизнес мұнымен айналысуда), бұл мәселе өте өткір тұрады - өйткені аквамәдени түр деп заңсыз ауланған табиғи өнімдерді алып шығаруға әрекет етуі мүмкін.
- Қалай ойлайсыз, балығы бар Каспийдің болашағы бар ма?
- Балық шаруашылығының болашағы бар екені сөзсіз.
- Мұндай позитивті болжам үшін қандай негіз бар?
- Бұл позитивті емес, нақты болжам. Осындай ірі су тоғаны, оның үстіне біздің солтүстік бөліктің суы тайыз, өнімі жоғары - әрине, балық саласы сақталады, қалай болғанда да балық болады.
- Ал Қашағанның іске қосылуына қатысты ше?
- Мен кешікпей ол іске қосылады, құбырға қатысты проблемалар да қайталанбайды деп үміттенемін. Мұнай төгілген жағдайда, балыққа бүгін жақсы болып отырған Солтүстік Каспийде апат болады. Яғни, мұнай төгілсе балыққа қатысты не болатынын болжау өте ауыр.
Бізге тауарлық өндіруден бөлек, жұмыс жасап тұрған балық зауыттарын дамыту қажет. Оларды баяғыда-ақ қайта жарақтап, қуаттылығын көбейту керек еді. Кезінде Балық шаруашылығы комитеті қайта жарақтаудың техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) жасады. Қаржы іздестіріп табу керек, алайда бұл мәселе ұзаққа созылуда.
Жылдан жылға үрдіс жақсы жағына дамып жатқан жоқ, сондықтан қазірдің өзінде толықтырушы аналық үйірді қалыптастыру керек. Өйткені, бекіре өсіру зауыттары мұндай үйірді ұстау үшін қарастырылмаған. Бүгінде оларды бейімделген жағдайда өсіріп, ұстайды. Ал арнайы қыстайтын, қоңдандыратын тоғандар болуы тиіс. Бұл мемлекет субсидиялайтын бірегей бекіре өсіру зауыттары. Қазақстанда олар екеу, екеуі де сіздің өңіріңізде.
- Қайта жарақтау не береді?
- Біздің генетикалық зерттеулерімізбен бірге қайта жарақтау өміршеңдіктің анағұрлым жоғарғы көрсеткіштері бар тіршілікке қабілетті балықты алуға мүмкіндік береді. Кәсіптік қайтарым тиісінше жоғары болады. Бұл, сонымен қатар, шабақтардың өнімділігін жылына 7-ден 12,5 млн-ға дейін көбейтуге мүмкіндік берер еді. Алайда, мемлекетте қазір қаржы көп емес, сондықтан мәселе кейінге қалдырылды. Ауқымды қайта жарақтауға дейін қыстайтын тоғандарды қамтамасыз ету үшін және толықтырушы аналық үйірді қалыптастырып, дамыту үшін ең болмағанда қаржы табу керек.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА