Әлі есімде, бала кезімде қариялардан: «Ұлытауға бардың ба? Ұлар етін жедің бе?» деген сөзді талай рет естіген едім.
Бұл сөздің мағынасын түсінбестен өмір сүріп келдім... Бірақ биыл мамыр айында этнографиялық экспедиция құрамында Ұлытауға барудың сәті түскен еді. Кіші жүз өкілдерінен - Атыраудан үш адам болдық - фото және бейнеоператор, біздің сапарымыз туралы деректі фильмнің авторы Темуджин Дүйсенов, экспедицияның ең жас қатысушысы қызым Ақбота және мен.
Жиналған энтузиастар тобы (80 шақты адам) дала өркениеті орталығының бірі, үш жүздің басы біріккен қасиетті жер - Ұлытауға қызықты саяхат жасады. Дәл осы жерде бүкіл 36 ханды ақ киізге көтеріп хан сайлаған. Бұл жерде қазақ билеушілерінің ордалары орналасқан. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығына орай ежелгі ордалардың ортасына граниттен хан тағы орнатылыпты. Оның арқалығына үш жүздің қазақ руларының таңбалары ойып салынған. Ұлытаудың әр жерінен бір кездері біртұтас қазақ халқының үш жүзінің өкілдері бірлік белгісі ретінде қалдырған таңбаларын көруге болады.
…БІЗДІҢ ӘМІРШІМІЗ - ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҰЛЫ ЖОШЫ
Экспедиция кезінде аяқ басқан Ұлытау қорығының ескерткіштерін санамалаудың өзі әсерлі. Олардың бірнешеуі мыналар: Ұлытауда Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханның және қазақтардың арғы бабасы, Алаш ордасының билеушісі Алаш ханның мазарлары салынған. Бұл жерде Алтын Орда ханы Тоқтамыс, Ұлы орда қолбасшысы, бір кездері Тевтон Орденін быт-шыт қылған Әмір Едіге жерленген. Ол, айтпақшы, өз ордасын Сарайшықтан Ұлытау бөктеріне көшірген екен. Ежелгі Русь сол кездері Алтын Орданың бір бөлігі (Жошы ұлысы) деп саналған. Орыс князьдері Ұлытауға князьдік билік етуге жарлық алу үшін баратын. Демек, Ежелгі Русьтің формальды астанасы да бір кездері осы жерде болған. Алтыншоқыдағы тас тақтаға Темірлан 1391 жылдың көктемінде өзінің келгендігі туралы (Алтын орданың ханы Тоқтамысқа қарсы Дешті Қыпшаққа жорығы) жазып, естелік белгі қалдырып кеткен. Бұл тақтаны 1935 жылы академик Қаныш Сәтпаевтың экспедициясы тапқан еді.
Бұл жерде ежелгі адамдардың тұрақтары, олардың еңбек құралдары, б.э.д. 2-1 мыңжылдықта жартасқа салынған суреттер галереясы сақталған.
Аңызға сәйкес, Ұлытаудың ең жоғарғы нүктесінде – Әулиетау үңгірлерінің бірінде біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда Заратуштра немесе жергілікті тұрғындардың атауынша Зердеш баба алғаш рет Жаратушының үнін естіген. Осы жерден өмірін Жерұйықты іздеумен өткізген дала философы Асан Қайғы мәңгілік орын тепкен деседі.
Көптеген тас (палеолит, неолит), қола, темір дәуірлерінің қоныстары, балбал тас жауынгерлер, ғұн (Кетебұғы бабасы - Домбауыл кесенесі), сақ дәуірлерінің, Алтын Орданың, Көк Орданың ескерткіштері, ата-баба сағаналары... Тек Ұлытау ауданының аумағында тіркелген 700-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар, олардың 12-сі республикалық маңызда (осынау аз мөлшерге таңданудың жөні жоқ, өйткені, біздің көне Сарайшық қаласы да осы тізілімге енбеген), тағы 10 мыңнан астамы мемлекеттік есепке қойылмаған.
СЕЙФУЛЛИН МЕН МАРҒҰЛАН БІЗБЕН БІРГЕ
Осы экспедицияның бастамашысы әрі жетекшісі Марғұлан Сейсембаев – экспедиция барысында Ұлытау ұлттық қорығына, сондай-ақ, алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, әлемге танымал болған ботай мәдениеті пайда болған кішкентай Терісаққан ауылына үлкен қаржылық қолдау көрсеткен танымал қазақстандық бизнесмен, меценат.
Марғұлан Сейсембаев, айтпақшы, экспедицияның негізгі құрамының (25 адам) сапарына демеушілік еткен. Ал, біздің, атыраулық топтың демеушісі - «Ембімұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясы.
Экспедиция құрамында тек Қазақстаннан емес, басқа да елдерден – Польшадан, Украинадан, Ресейден, Қырғызстаннан ғалымдар, археологтар, тарихшылар, журналистер, фотографтар, блогерлер болды.
Ішкі туризмді дамыту аясында Марғұлан Қазақстан бойынша «Nomad Explorer» (Көшпенділер мәдениетін зерттеуші) деген атаумен этноэкспедиция сериясын жоспарлаған. Біздің экспедиция «Ұлытау мұрасы» деп аталды. Логотипке салт мінген адам бейнесі – Ұлытаудағы ежелгі жартасқа салынған суреттің көшірмесі таңдалды. Айтпақшы, келесі «Үстірт құпиясы» экспедициясы 2017 жылдың мамырына жоспарланған. Экспедиция мүшелері Жезқазған қаласындағы қазіргі қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиннің ескерткішін кездесу орны етіп белгіледі.
Мен танымал ақын әрі жазушы немересінің біздің экспедиция мүшесі болғандығына таң қалдым. Оның да аты-жөні Сәкен Сейфуллин. Жалпы, осы сапарға келген жандардың әрқайсысы – жеке тарих. Аяқ басқан жерлеріміздің 3D турлары мен Ұлытаудың жұлдызды көгінің және Жошы хан мазарының таңғаларлық түнгі келбетін фотосуретке түсірген астаналық тамаша фотограф Евгений Волковпен танысқаныма өте қуанышты болдым.
Сондай-ақ, «ФотоСафари» командасы мен «ТұранТВ» командаларының арасында гитарамен ән айтып, ұмытылмас уақыт өткізу бақыты бұйырды. Эспедициямызда Қазақстан тарихының үлкен білгірі, геолог әрі археолог Орынбай Ошанов, ерікті әрі вундеркинд Қайсар Тұрсынғожаев болды. Алматылық екі экипаж жылы естелік қалдырды, олардың бірі өздерін «Dream Team» (Арман командасы) деп атаған.
Арамызда Қазақстанның тарихымен және мәдениетімен жақынырақ танысу үшін Ұлытауға әдейілеп келген шетелдіктер де болды.
ҚОЛА ДӘУІР ГАЛЕРЕЯСЫ
Өткенге саяхатты біз Теректі әулие шатқалынан, оның Сарыарқадағы (Орталық Қазақстан) қола дәуірінің ең әйгілі жартасқа салынған суреттер жинағынан бастадық.
Бұл жердегі петроглифтердің жасы үш мың жылдан көп (қола және ерте темір дәуірлері). Суреттер тегіс гранит жұрнақтарына салынған. Суреттер - ежелгі адамдардың көшпелі өмірінің бейнесі. Аңшылыққа, жабайы аңдарға арналған сюжеттер, сондай-ақ, Күнге табынушылықты дәлелдейтін суреттер бар. Ұлытауда Теректі әулиеден басқа Байқоңыр, Тамды, Жаңғабыл, Жетіқыз өзендерінің жағалауындағы жартастарға салынған суреттер галереясы бар.
Әрі қарай Қаракеңгір өзеніне жақын жерде орналасқан Жошы хан кесенесіне жол тарттық. «Біздің Иордан осы», - деп әзілдеді Марғұлан. Ауа райының салқындығына қарамастан өзендегі су өте жылы екен. Өзенге шомылып алып, сол жерге түнеп қалдық.
Келесі күні таңертең жолсызбен жүрудің асқан шеберлігін көрсетіп, 15 джиптен тұратын біздің автоколонна Қаракеңгір өзенін кесіп өтіп, осы жердегі ең биік, ішінде шолу мұнарасы бар тарихи құрылыс (биікті 10 метр) Алаш ханның мазарына бет түзеді. Жалпы, жол бойында өткелдерден өтетін қиын жерлер әлденеше рет кездесті, дөңгелектер «ұшып кетіп», көліктер сазды топыраққа батып қалды. Бірақ экспедицияға қатысушылар әрдайым бір-біріне көмекке келіп отырды.
ЕСТЕЛІК АРАЛЫ
Жезді поселкесі өте жағымсыз әсер қалдырды: үйлер жұртта қалған, төңірек бос. Одақ құлағаннан кейін марганец пен темір рудаларын өндіретін Жезді кеніші жұмысын тоқтатты. 8000 тұрғыннан 2000-ы қалды. Есесіне, бұл жерде тау және балқыту ісінің тамаша тарихи музейі жұмыс жасап тұр. Жәдігерлер қола дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі: қарапайым құралдан күрделі механизмге дейінгі, қола дәуірінің жер пешінен 20-шы ғасырдың балқыту пешіне дейінгі жез өндіру тарихын бейнелейді.
Жезді, қоланы балқыту технологиясы мен қазіргі заманғы технологияның негізгі принциптері ұқсас. Орта ғасырдағы дереккөздерде Сарысу немесе Жез жолдары туралы айтылады. Жезді Алдыңғы Азия, Иран, Түркия, Венецияға тасыған, біздің жезімізден грек қалаларында бұйымдар дайындаған. Мұндай игіліктер көп жылдар бойы музей директоры Зейпін Қазанбаеваның аянбаған жұмысының арқасында сақталған. Осындай музейіміз бар екендігін мақтан тұтуға болады.
АЙҒЫР ҚОСУ
Терісаққан өзенінің жағалауында орналасқан осы аттас ауылдың көшпелі өмір салтының фестиваліне баруымыз экспедициямыздың шарықтау шегі деп есептеймін. Терісаққан - Ұлытаудағы тоғыз өзеннің солтүстікке қарай ағып, (Кара теңізіне құйылатын Есіл, Обь арқылы) Солтүстік Мұзды мұхитқа құйылатын жалғыз ғана өзені.
Жыл сайын 1-ші және 2-ші мамырда тұрғындар үлкен мерекені атап өтеді. Бірақ олар үшін бұл күн Халықаралық еңбекшілердің ынтымақтастық күні немесе Қазақстан халықтарының бірлігі күні емес. Мереке «Бие байлау – Айғыр қосу» деп аталады және бие сауу мен айғырларды жас байталдарға қосу маусымының басталуына арналады. Бұл - өсіп-өну, көбеюге байланысты қолданылатын ежелгі жоралғы.
25 үйден тұратын шағын ауылдың тұрғындарында 19 табын бар (әрине бұл табын-табын жылқы емес, тек жылқы үйірі ғана). Мерекеге терісаққандықтар қыста әзірленеді және өз биелеріне лайықты айғыр іздей бастайды. Ол үшін олар мықты айғырлардың қожайындарымен достық қатынас ұстап, оларға «құда түседі», қонаққа шақырып, сыйлықтар тарту етеді. Көктем келгенде алғашқы құлындар дүниеге келген кезде бие сүті сауылып, осынау өзгеше мереке басталады.
Айғырларға «құда түсудің» не қажеті бар деп сұрарсыз. Мәселе мынада, әр табынға әр 2 жыл сайын айғырларды ауыстырып тұру керек. Өйткені, олар өздерінен туған «қыздарымен» шағылыспайды. Бұл - жылқылардың сирек кездесетін қасиеттерінің бірі. Ұрпақ жалғастыру үшін айғырларды көрші ауылдардан, аудандар мен облыстардан іздейді. Жалпы, «жылқы тойы» мәселесіне тұрғындар өте байыппен қарайды.
«Күйеулер» таңдалған кезде жаңа қожайындары оларды 2 айға қораға қамап, жемдейді. Ал, неке күні, яғни, 1-ші және 2-ші мамырда айғырларды үйірге қосып жібереді. Осы оқиғаға орай бірнеше міндетті жоралғыларды жасайды.
Жайылымнан жылқыларды қуып әкеледі. Табыны бар әр үйдің алдына қонақтар үшін дастархан жайылады. Онда міндетті түрде ет, құрт, балқаймақ, бауырсақ пен қымыз болуы тиіс. Ақсақалдар бата беріп, «ноқталау» - құлындарға ноқта кигізу жоралғысы басталады. Оларды содан соң қазыға байланып, маймен сыланған ұзын арқан - желіге байлайды. Әйелдер құлындардың құйрықтарын да, темір қазықты да маймен сылап, «Байлар көп болсын, ақ мол болсын!» деп тілек айтады. Бұл жоралғы мерекенің қасиетті маңыздылығын - өсіп-өну, үйірлердің көбею жоралғысын – қазақтың басты байлығын көрсетеді. Содан соң құлындарды биелерге әкеліп, оларға желіндерін береді. Желіннен сүт шашырап шыққан кезде биені сауа бастайды. Осы сүттен алғашқы көктемгі қымызды дайындайды.
Осыдан кейін мерекенің шарықтау шегі басталады – айғырларды табынға жібереді. Айғыр оқырана кісінеп, жылқылар үйіріне кіріп кетеді де, өзінің шағылысуға әзір екенін көрсетеді. Алайда жас биелер айғырларды өздеріне бірден жақындата қоймайды. Тепсініп, тұяқтарын тарпып, көңілдерін нәзіктікпен табуды талап етеді.
Бірақ біраздан кейін бие мен айғыр бір-бірінің шоқтықтарын үйкелеп, сүйіспеншіліктерін білдіре бастайды. Бұл - өзгеше әдемі көрініс... Айғыр міндетті түрде тіршілікті жалғастыру үшін өз міндетін атқаруы тиіс.
Адамдар «жылқы тойын» толқи бақылап, өздерінің сүйікті жануарлары үшін алаңдайды, оларға тағы бір рет баға береді. Өйткені, биенің көбеюі ғана емес, табынның сақталуы да айғырға байланысты болады.
Мереке кезінде көптеген басқа да жоралғылар жасалады. Олардың бірі – қымыз дайындалатын ағаш немесе тері ыдыс - күбіні ыстау. Алдымен күбінің ішін маймен және қазының майымен майлайды. Содан соң самаурынның тұрбасы арқылы тобылғының түтінімен ыстайды. Тобылғының жұпар түтіні ыдысты тазартады. Қазының майы қымызға өзіндік иіс береді және қымызды ашытуға мүмкіндік береді.
Жігіттер жағы садақпен жебе атып, асау жылқыны қолға үйретіп, мерекенің көркін қыздырса, әйелдер киіз басу, ши тоқу өнерлерін көрсетеді, балалар асық ойнайды. Айтпақшы, асық ату – көктем ойыны, асық – маңыздылығы жағынан екінші үй жануары қойдың символы. Көп асық ұтсаң, отбасында қой көп болады деседі.
Терісаққанда өзіңді нағыз көшпенділердің ортасына түскендей сезінесің. Әр жерде, әр аулада, дүкендердің маңында байлаулы жылқылар тұрады – иелері азық-түліктер немесе тауарлар сатып алуға кіріп кетсе керек. Бұл жерде жылқыдан қорқу сезімі тез жоғалады. Онымен тез ортақ тіл тауып, атқа алғаш рет қонсаң да, кешікпей сайын даланың төсінде кентавр секілді жүйтки жөнелесің.
Меніңше, жылқы қараған кезде жан-дүниеңе көз жібергендей болады. Сені танып алған соң байланыс орнайды. Көшпенділер жылқыны киелі деп тегін айтпаған ғой.
ҰЛЫТАУҒА ӨРЛЕУ
Экспедицияға қатысушылар үшін ең жауапты күн де басталды. Әулиетауды – Ұлытаудың ең биік шыңын бағындыру (биіктігі 1 134 метрді құрайды) қасиетті іс атқарғанмен бірдей. Ол қойды құрбандыққа шалып, Құраннан сүре оқудан басталды. Әруақтарға сыйынып, жолға шықтық. Ұлытау тауының етегінде қасиетті Әулие бұлақ бар. Оның суы әруақтар әлеміне аяқ баспас бұрын тазару үшін қолданылады. Бұл жерден тірілер мен өлілер дүниесі арасындағы шекара өтеді. Ал, ата-бабалар рухының әлемінен ғажайып әлемге өтуге болады. Көне түрік тілінде «ұлы» деген сөздің тағы бір мағынасы бар. Бұл – Тәңір. Ұлытау – Тәңір елі, Мәңгілік Көк аспанмен байланысатын орын.
«Ұлытауға жақын болған сайын Жаратушының қамқорлығы да көп болады», ал, Ұлытаудың ең жоғарғы нүктесі Әулиетау Тәңірмен байланысатын антенна секілді.
Тауларды қар басыпты. Бізді сынағандай дауылды жел соғып тұрды. Бірақ сол кезде ол маған жаратушының мейіріміндей сезілді. Жел менің басымдағы «Ембімұнайгаз» компаниясының логотипі салынған бас киімімді жұлып алып, шашымды дудыратып, көңіл-күйімді көтерді. Шың басында тұрып, қарқылдай күліп, айқайлап желдің дауысын басуға тырыстық. Компанияның жалауын тау басына қадау оңайға соқпады. Біз, Атырау экспедициясының мүшелері бар күшімізбен жалаудың сабына жабыстық, басқалары бізге жалауды жазуға көмектесті. Міне, ақыры жалау аты аңызға айналған таудың шыңында желбіреп тұр. Темуджин, Ақбота және мен шыңында тұрмыз, шыңды бағындырғандықтан ғана емес, ата-бабалар өсиетін орындағандықтан да кеудемізді мақтаныш кернеді. «Ұлытауда болдың ба? Ұлар етін жедің бе?» деген сөздердің астарын енді ұғынғандаймын.
Қазақ эпосының бұл жолдары Ұлытауға жиналған әрбір ру бірінші «шартқа» сәйкес, тасқа өздерінің рулық таңбасын ойып жазуға тиіс болған. Ал, екінші шарт – киелі құстың етін жеген соң халық бірлігіне адал болуға ант берген. Менің ойымша, ұлар етінен дәм тату – бірлігімізге берік болуға ант беру.
Мен бұл өсиетті орындадым.
МОЙЫНДАУ
Өмірімде мұндай ғажайыпты бастан өткерген емеспін. Ұлытауда экспедиция мүшелері, мүлдем бейтаныс жандар қысқа уақыт ішінде бір-біріне туысқандай болып кетті. Бізді ортақ рух біріктірген еді.
Эспедиция мүшелерінің бірі, алматылық Азамат Мұхаметжанов: «Бұған дейін бейтаныс адамдардың жарты күн ішінде мықты пікірлес, үзеңгілес жандарға айналып, қалайша экспедиция аяқталғаннан кейін де осы қалыпта қалғаны түсініксіз» деп таң қалды.
Ал, маған бұл Ұлытаудың көп ғасырлар бұрынғы уақыттардағыдай біріктіретін әлдебір сиқыр күшіндей көрінді.
Экспедиция бар болғаны бір апта уақытқа созылды, ал, мен басқа бір қатарлас әлемде тағы бір өмірді бастан өткергендей күй кештім. Біздің мыңжылдық тарихымыз көз алдымда қас-қағымдай өте шықты.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Суретті түсірген автор