Индербор поселкесіндегі өрттің салдарынан елу шақты адам үйсіз қалды. Қақаған қыста далада қалған ел биліктен көмек болмаса парламент сайлауына қатыспайтындарын айтып отыр.
БАСПАНАСЫЗ ҚАЛДЫ
Өрт желтоқсанның 8-інде түстен кейін поселкенің С. Сейфуллин көшесіндегі сегіз пәтерлі екі қабатты үйде орын алған. Өрт сөндірушілер келгенімен, үйді аман сақтаудың мүмкіндігі болмай қалды. Аяқ асты баспанасыз қалғандардың тентіреп жүргеніне бір апта болды.
- Үйдегі жалғыз сандықтағы құжаттарымызды алуға ғана үлгердік. Басқа заттарымыз, киім-кешегіміз өртеніп кетті, - дейді Исатай ОМАРОВ.
Басқа тұрғындар да қолға тиген дүние-мүліктерін алып шыққанымен, пайдаға аспайтын күйде екенін айтып жатыр. С. Бақсиықовтың жалын ортасында қалған жеті жасар ұлын өрт сөндірушілер құтқарып алған. Бастың амандығына шүкіршілік етіскендер тосын оқиғадан шошып қалыпты. Өртті сөндіргенімен үй жарамсыз болып қалған. Қираған үйдің іші астан- кестең. Едендер түсіп, қабырғалар сөгіліп қалған.
Сағытжан ОРАЗҒАЛИЕВТІҢде отбасында он үш адам қайда барып паналарын білмей отыр. Мұнда тұратындардың көбі жарытымсыз жалақы алады, болмаса жұмыссыз.
- Осындай жағдайда жүріп, біз пәтерді қалай жалдамақпыз? Жағдайымыз келіссе мұндай апатты үйде тұрмай, баспана тұрғызып алар ма едік. Тіпті кейбіреулер үйлерін өздері әдейі өртеген дегенді айта бастапты. Қалайша қақаған қыста өзімізге қастандық жасаймыз? Бұл ақылға сыймайтын нәрсе ғой, - дейді Қайрат ЕРМҰХАНОВ, Кәмшат ҚАНСҰЛТАНОВА, Роза БАЙТЕШОВА, Хамит НҰҒЫМАНОВ, Самат БАҚСИЫҚОВ, т. б.
Тұрғындар бұл үйдің 1964 жылы салынғанын айтады. Бастапқыда геологтардың жатақханасы болып, кейін жекеменшікке беріліпті. Бұдан үш жыл бұрын қатты желдің салдарынан үй апаттық жағдайға жеткен. Сетіней бастаған үйдің қабырғаларын тұрғындардың өздері қалыпқа келтіріп алыпты.
«САЙЛАУДАН БАС ТАРТАМЫЗ»
Баспанасыздарды аудандық және поселке әкімдері қабылдапты. Пәтер жалдап береміз дегенімен, нақты көмек жоқ. Әркімнің үйінде жүргендер балаларын мектепке де жібере алмай отыр. Мектеп жасындағы оншақты бала оқу құралдары, киім-кешектері болмағандықтан сабаққа бара алмай жүр.
- Мен екі оқитын ұлым мен он бірінші сыныптағы қызымды мектепке жібере алмай отырмын. Үй іздеңдер, өзіміз жалдап береміз дегенімен, әзірге бос сөз ғана. Он бес мың төлейтін пәтерді тапқаныммен төлейтін қаражатымыз жоқ, - дейді Гүлшат БАҚСИЫҚОВА.
Баспана мәселесі шешілмесе, баспанасыздар балаларын мектепке жібермейтіндерін және сайлауға қатыспайтындарын айтып отыр.
- Біз бұған еріккеннен бармаймыз, қиындықта халықтың мұң мұқтажы шешілмесе ондай сайлаудан не қайыр, - дейді баспанасыздар.
ӘКІМДІК ЖАУАПТАН ЖАЛТАРУДА
Аудандық төтенше жағдай жөніндегі бөлім мамандары өрттің себебін әлі анықтап жатыр. Олар үйдің тұруға келмейтінін ашық мәлімдеп, зардап шеккендердің залалын есептеп жатқандарын айтады.
Баспанасыздарға нендей көмек беріліп жатыр, уақытша пәтер қашан жалдап береді, болашақта үй алып беріле ме деген маңызды сұрақтарға билік басындағылар жауап айтудан қашқақтайды. «АЖ» тілшісін поселке әкімі Мақсот ОМАШ, аудан әкімінің орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВ «жиналыс болып жатыр» деген сылтаумен сенделтсе, ал Индер ауданының әкімі Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ ұялы телефонын мүлдем көтермеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА,
Суретті түсірген автор