«Қор фермермен соттасуда» мақаласында («АЖ», 12.05.2016 ж.) ауданаралық экономикалық сотында өтіп жатқан сот дауы туралы әңгімелеген едік. Бұл істе қазақстандық фермерлер мен олардың кредиторлары арасында жиі туындайтын әдеттегі проблемалар бейнеленген. Даудағы тараптардың бірінің атынан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада ШАЛАГУЛОВА осы дау тұрғысындағы өз пікірін баяндап, фермердің «неліктен біздің жағдайымызды түсінбеске?» деген сауалына жауап береді.
«“…Неге егу жұмыстарына қатысты жағдай ескерілмейді? Біз бұл несиені өзімізге жұмсау үшін алған жоқпыз ғой. Ақша бізге өте кеш түсті, - дейді Жұмағазиев. - Мен несиемді өтеу мерзімін бір жылға ұзартуды сұрап отырмын».
Егер сіз несиені өзіңізге жұмсау үшін алмаған болсаңыз, онда соны растаңыз. Ал, егер ақша егін егу мерзімінен кейін түскен болса, онда бұл мақсаттық несие қорын өз қалауыңызша жұмсауға құқық бермейді.
«Қор фермермен соттасуда» мақаласында жаңсақ мәліметтер келтірілген. Несиеге өтініш беру фактісі бұрмаланған. Өтініш мақалада көрсетілгендей, ақпанда емес, 2015 жылдың 8 маусымында тіркелді. Сол жылдың 12 маусымында қарыз алу шартына қол қойылды, яғни, өтінішті қарау мерзімі 4 күнді құрады.
Сонымен қатар, егін салу жұмыстарының «Егінжай» бағдарламасы бойынша бизнес жоспарға сәйкес несиелендірілгенін түсіндіргіміз келеді. Шаруа қожалығы соңғы үш жылда (2012-2014 жж.) 20 гектардан астам жерге егін еккенін растады. Ал, 2015 жылы шаруашылық 15 гектар жерге егін егіп, 120 тоннадан астам өнім алды (бүкіл мәліметтер жергілікті атқарушы органның анықтамаларымен расталған).
120 тонна болатын жақсы өнім ала отырып, қарыз алушы несие өтеу мерзімін тағы бір жылға ұзартуды сұрап отыр. Бұл мүлдем негізсіз.
«Былтыр қыркүйектің аяғында бізден қаржының жұмсалуы туралы есеп сұратты. Менде көшеттердің шот-фактурасы болмай шықты. Қарапайым кемпірлерде шот-фактура қайдан болсын? Сауданы кіммен, қаншаға жасағаным туралы анықтаманы базар әкімшілігінен алуға болатынын ол кезде білген жоқпын» - бұл дәлелдерді де негізді деп есептеуге болмайды. Қарыз алушының әкесі Х. ЖҰМАҒАЗИЕВ көп жылдар бойы ауыл шаруашылығында жұмыс істеді, екінші мамандығы бойынша заңгер. Көпжылдық өтілі бар аграрий әрі заңгер мақсаттық қарызды растау үшін чектердің, түбіртектер мен шот-фактуралардың керек екенін қалай білмейді? Заңгер мен бюджет несиесін алған жеке кәсіпкер неліктен көшеттерді салық төлемейтін әжейлерден сатып алады?
Сонымен қатар, шаруа үшін қарыз алудың тиімді әдістерінің бірі – алынған қарыз есебінен ағымдағы жылы жиналған кредиторлық бережақты жабу болып табылады. Яғни, егер фермер несие алғанға дейін ерте көктемде егу материалдарын сатып алса, мұндай құжаттар несиенің мақсаттық пайдаланылғанын растайтын құжаттар болып есептеледі. Алайда «Айсұлтан» ШҚ 2015 жылы жұмсалған шығындар туралы құжаттарды ұсынбады. «“Первомайский" ЖШС-нен 45 баспақ сатып алуға» келер болсақ, олар сотқа ұсынған құжаттарға сәйкес, сату фактісі Қордың растау мерзімі өткендігі туралы хабарламасынан кейін, яғни, мақсаттық қарыздың сәйкес келмейтіндігін біле тұра жасалған (қарыз мал шаруашылығын емес, өсімдік шаруашылығын дамыту үшін берілген).
Қор - мемлекеттік 100 пайыздық қатысы бар Акционерлік қоғам, яғни, айналымдағы бүкіл қаржы бюджеттік болып табылады.
…Мемлекет тарапынан міндеттеме толық көлемде орындалды, ал, жеке серіктес – шаруа қожалығының басшысы несиені мақсатты пайдаланған жоқ, мақсаттық пайдаланғанын растаған жоқ. Оның үстіне, шартты мерзімінде орындағысы келмей, ақша жоқ деп желеуретіп, шарт мерзімін тағы бір жылға ұзартуды сұрап отыр. Несиенің мақсаттық пайдаланылу шартын бұзған қарыз алушы мемлекеттен тағы қандай қолдау күтеді? Егер әрбір қарыз алушы мемлекет қаржысын өз қалауынша пайдаланатын болса, не болмақ? Мұндай жағдайда, мемлекеттік бағдарламалар мақсатқа қол жеткізді, агроөнеркәсіптік кешен осы бағдарламаларға сәйкес дамитын болады деп айтуға бола ма?
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада ШАЛАГУЛОВА