13 желтоқсандағы мәліметтер бойынша, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға 309 үміткер ұсынылған. Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әнуар ТӘШЕНОВТІҢ айтуынша, оның 151-і - өзін-өзі ұсынғандар.
- Үміткерлерді тіркеу 20 желтоқсанға дейін жалғасады. Сегіз саяси партия Орталық сайлау комиссиясына мәжіліс депутаттығы үшін өз үміткерлерінің тізімін ұсынды. 4 партиядан - «Нұр Отаннан», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан (ЖСДП), «Ақ жол» және «Ауыл» партияларынан кандидаттар тіркелді. Ал қалғандары қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келуіне қатысты тексеруден өтіп жатыр, - деп түсіндірді Ә. Тәшенов.
«Нұр Отан» партиясының мәжіліс депутаттығына 127 үміткерді ұсынғаны белгілі. Олардың ішінде Атырау облысынан – алдыңғы мәжіліс шақырылымның депутаты Асхат БЕКЕНОВ, Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ пен облыстық үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасының бастығы Еркін ШПАНОВ бар.
«Ақ жол» партиясынан 63 үміткердің ішінен Атырау облысынан «МК-Бизнес» ЖШС директоры Аманжан РЫСҚАЛИ (облыс әкімінің інісі) мен «ТенгизНефтеСтрой» компаниясы тобының президенті Абай ЖҰМАҒҰЛОВ ұсынылып отыр.
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан 54 үміткер, «Руханияттан» - 27, Қазақстан Патриоттарының партиясынан – 22, «Ауыл» партиясынан – 18, «Әділет» демократиялық партиясынан – 61, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан (ҚКХП) – 23 адам ұсынылған.
«Әділет» және ҚКХП партияларынан мәжіліске бір үміткерден – «Әділет» демократиялық партиясы филиалының жетекшісі Бақытбек ҚАЗБОЛДИНОВ пен «Каспий техникалық флоты» ЖШС өкілдігінің директоры Халидолла САТҚАЕВ сайлауға түседі.
Бүгінгі күні облыста 9 аумақтық сайлау комиссиясы мен 236 учаскелік сайлау комиссиялары, бұдан басқа, сайлау қорытындылары бойынша дауыс есептейтін 134 округтік сайлау комиссиялары жұмыс істейді.
- Облыстағы сайлаушылардың жалпы саны 1 желтоқсанда 288 487 адамды құраған, алайда сайлауалды науқан әлі жалғасуда. Сайлаушылар тізімін жасап, нақтылау жұмыстарына тікелей жауап беретін барлық әкімдіктердің жауапкершіліктеріне сенім артамыз, - деп атап өтті Тәшенов.
Мәслихатқа өз-өздерін ұсынған үміткерлер арасынан “Атырау жылу жүйелері” АҚ вице-президенті Андрей ЖАНДИННІҢ, «Қазақтелеком» АОТД бас директорының орынбасары Есен ТӨЛЕУІШОВТІҢ, «Облтрансгаз» бастығы Бауыржан ТҰХФАТОВТЫҢ, «Қазмұнайгазгеология» бастығының орынбасары Исатай ИБРАЕВТЫҢ аты-жөндерін көрдік.
Ә. Тәшеновтің айтуынша, облыстық сайлау комиссиясының құрамына барлық саяси партиялардың өкілдері кіреді екен.
- Кез-келген адам: қоғамдық қызметкерлер болсын, журналистер болсын, бақылаушы бола алады. Бірақ барлық саяси партиялардан олар әр учаскеде 3 адамнан көп болмауы тиіс, - деді Ә. Тәшенов.
Ал ЖСДП Атырау облыстық филиалының (айтпақшы, «Азат» деген сөзді бюллетеннен іздеп әуре болмаңыз – ресми түрде біріккен партияның атауындағы бұл сөз тіркелмеген) жетекшісі Жұмабай ДОСПАНОВ азаттықтардың алдағы парламент сайлауында бақылаушы болудан бас тартқандығын хабарлады.
- Біздің партиядан бақылаушылар болмайды, - деп мәлімдеді ол. - Өйткені оның пайдасы жоқ. Дауыс есептеу кезінде бақылаушылардың ескертпелерін бәрібір ешкім ескермейді.
Естеріңізге салсақ, сайлау 15 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7-де басталып, кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Сайлаушылар үш түрлі бюллетень алады. Олардың біреуі Қазақстан Республикасының Парламенті мәжілісіне сайлауға арналған. Екінші бюллетеннің көмегімен облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер үшін, ал үшіншісімен – аудандық немесе қалалық мәслихаттың депутаттары үшін дауыс беруге болады.
Сәния ТОЙКЕН