Атырау, 24 желтоқсан 17:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

«Бэби-бум» және салынатын жаңа емханалар

2 089 просмотра

Жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы қайтадан қолға алыныпты. Ал СПИД орталығы облыстық перзентхана аумағына салынатын болды. Осы және басқа да мәселелер туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы биылғы жылдың 11 айының қорытындылары бойынша бірнеше цифрларды атады. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы кісі өлімі 5,2 пайызға азайып, ал туу саны 5,5 пайызға  көбейген.

- Бізде туу саны көбейіп отыр. Республика бойынша мұндай көрсеткіштер біздің облысымызда, Маңғыстауда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана, - деді Өтепқалиев. Туберкулезге шалдыққандардың көрсеткіші 8,5 пайызға төмендеген.

Ана өлімінің көрсеткіші 68,6 пайызға төмендеген. Осы жерде облыстық денсаулық сақтау басшысы ырымшылдықпен ағашты соғып, түкіріп қойды.

- Жасыратыны жоқ, бұған қатысты үнемі алаңдаушылық білдіреміз. Бізде мұндай үш оқиға өткен жылы орын алды, бұл жылы бір ғана оқиға.

Облыстық перзентхана базасында бірнеше жылдан бері әңгіме болып келе жатқан перинаталдық орталық қашан ашылады деген сұраққа Өтепқалиев былай деп жауап берді:

- Бүгінде облыстық перзентхана іс жүзінде перинаталдық орталық қызметін атқарып келеді. Алайда, талапқа сәйкес, мұндай орталық жанында амбулаториялық емхана жұмыс істеуі тиіс. Ол перзентхана ғимаратында болуы керек. Перзентхананы қайта жарақтауға және күрделі жөндеуге бюджеттен тыс қаржылар бөлу туралы мәселе шешілді. Бұлар қомақты ақшалар. Қазір жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда.

2011 жылы денсаулық сақтау саласын дамытуға жергілікті және республикалық бюджеттен 14 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл 2010 жылға қарағанда 40 пайызға көп. Өтепқалиевтің айтуынша, облыстық мәслихаттың жуырда болған сессиясында облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ келер жылы жергілікті денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мөлшері тағы да көбейеді деп уәде беріпті.

Өтепқалиев, сондай-ақ, Атырауда балалар ауруханасының қосымша корпусының құрылысы басталғанын, ал қыркүйек айынан бастап облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының (суретте) құрылысы қайта жанданғанын хабарлады. Естеріңізге салсақ, «Аджип ККО» қаржысына салынып жатқан атыраулықтар үшін маңызды нысанның құрылысы бірнеше жыл бұрын жер жұмыстары қолға алынған кезде тоқтап қалған еді. Алдымен топыраққа байланысты, содан кейін әлеуметтік жобаларды жаңа операторға – «NCOC» операторына беруге байланысты проблема туындады. Алғашқыда құрылысты аяқтау 2009 жылдың қазанына белгіленді. Жобаны жүзеге асыруға «Аджип ККО» жарты миллард теңгеден астам қаржы бөлді. Сол кезде түзетулер енгізілгеннен кейін жоба тағы 30 пайызға қымбаттайды деп айтқан еді, бірақ бұған қатысты нақты ақпарат жоқ. Нысанды тапсырудың жаңа мерзімі туралы да әзірге ештеңе белгісіз. Оқырмандарға анағұр-лым толық ақпарат бергім келіп еді, бірақ менің сауалым «NCOC»-тің баспасөз қызметінде бірнеше аптадан бері жауапсыз жатыр. Ал бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасы бүгінде балабақшаның типтік емес ғимаратында ораналасқан және барлық науқастарды қабылдауға жағдайы көтермейді. Өткен аптада науқастар көп түскенде, оларды акт залына орналастырған.  

- Перзентхана қызметкерлерінің қарсы болғанына қарамастан, СПИД орталығын сол аумаққа салу ұйғарылды. Мұндай орталық кез-келген мұқтаж жандар сол жерге келе алуы үшін қала орталығында болуы тиіс. Ол перзентхананың басқа аумағынан бөлініп, қоршалатын болады. Индер ауданынан емхана салу таяуда орындалатын жоспарда қарастырылған. Ал Жылыой ауданында құрылыс басталып кетті, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

14 желтоқсан 2011, 21:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.