ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл ЖОНТАЕВАНЫҢ және Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВАНЫҢ қатысуымен өткен брифинг білім беру саласындағы үштілді жүйеге көшу реформасы тақырыбына арналды.
Ж.Жонтаеваның айтуынша, үштілді білім беру Қазақстанның 117 білім беру мекемелерінде (20 НЗМ, 30 ҚТЛ, 33 дарынды балаларға арналған арнаулы мектептер мен басқалар) жүзеге асырылуда. Бұл мекемелерде 63 мың бала оқиды. Алайда білім беру жүйесі алдында мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген адамдар санын барынша көбейту мақсаты тұр. Оны жүзеге асыру үшін 2015 жылдың қарашасында «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы» бекітілді. Ал 2013 жылдан бастап 1-сыныптан ағылшын тілін оқытуда. Енді сағаттар саны көбейеді: 1-сыныпта аптасына екі сабақтан және 3-сыныпта үш сабақтан.
Жонтаеваның айтуынша, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тілдік оқытуға қарамастан барлық мектептерде Қазақстан тарихы қазақ тілінде, ал Дүниежүзілік тарих орыс тілінде оқытыла бастайды. 2019-20 оқу жылында 10-11 сыныптарда төрт пән – химия, физика, биология және информатика ағылшын тілінде оқытылады. 5-ші және 6-шы сыныптардың оқушылары «Информатика» мен «Жаратылыстану» пәндері бойынша терминологияны 2017-18 және 2018-19 оқу жылдарында ағылшын тілінде оқи бастайды.
Бұл жерде, министрлік өз пәнін оқытатындай деңгейде ағылшын тілін меңгерген мұғалімдерді қайдан алады деген сұрақ туындайды. Жонтаеваның айтуынша, қазақ және орыс тілдерінде сабақ беретін мұғалімдер елімізде тапшы емес. Ал үш тілге келер болса, оған көшкенге дейін біздің бірнеше жыл уақытымыз бар. Жұмыстар дәйектілікпен жүргізіледі. Үштілді білім беру аясында педагогикалық жоғарғы оқу орындары мен колледждердің студенттерін даярлау 2012 жылы басталған, алғашқы түлектер 2016 жылы бітіреді. 2012-13 оқу жылдары 32 жоғарғы оқу орнында ағылшын тілінде оқытылатын арнайы бөлімдер ашылған, 2015-16 жылдары оларға тағы 10-ы қосылды.
Үш тілді меңгерген профессор-оқытушылар құрамы жасақталды. Бакалавриатта сабақтарды ағылшын тілінде 2 121 адам, магистратурада – 386, докторантурада – 145 адам оқытады. Биыл ағылшын тілінде сабақ беруге әзір 3 500 түлек жоғарғы оқу орындарын бітіреді. 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 мыңға жетеді. Қазіргі мұғалімдерге өз жұмыс орындарынан айырылып қаламыз деп алаңдаудың қажеті жоқ – олар негізгі мектепте (1-9 сыныптарға) сабақ береді. Бұдан басқа, мұғалімдердің барлығына Педагогикалық шеберлік орталығынан, Назарбаев Университетінен, «Өрлеу» біліктілікті көтеру орталықтарынан, қазақ-түрік лицейлерінен біліктіліктерін көтеруге мүмкіндіктер берілген. Пәндерді ағылшын тілінде оқытқысы келетін мұғалімдер тілдік машықтарын онлайн-курстар, біліктілікті көтеру курстары арқылы жетілдіре алады.
Ата-аналарды мазалайтын тағы бір мәселе – таяу болашақта оқу аптасының қысқаруы мен оқу жылының ұзаруы. Ал биыл бірінші сынып үшін бес күндік оқу аптасы енгізілген. Жонтаева бірінші сынып оқушылары үшін оқу жылы тек мамырдың аяғына дейін, ал одан кейін қалған сыныптар үшін әрі кеткенде 10 маусымға дейін ұзартылатындығын растады.
Білім және ғылым министрлігінде өткен алқада Дариға НАЗАРБАЕВА мектептерге ақшаны өздері табу мүмкіндігін ұсынды. Бұл қазір қаншалықты өзекті және мектептер қосымша қаржыландыру көздерін қайдан таба алады деген сұрақтар қойды журналистер. Жонтаеваның айтуынша, әзірге нормативтік құжат жоқ, бірақ оны министрлікте әзірлеуде. 2013 жылдан бастап Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында мектептерді адам басына қаржыландыруды байқап көруде, әзірге оның нәтижелері туралы айту ертерек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор