Итальяндық «Сичим С.п.А» компаниясының қазақстандық филиалына жұмысқа орналастыру үшін делдалдар 120-150 мың теңге сұрайды. Компанияның өзіндегілер мұндай айла-шарғыларға еш қатысы жоқ екендіктеріне сендіреді. Оның үстіне, «Сичим С.п.А» компаниясында рекрутингтік агенттіктермен жасалған келісімшарттары жоқ – фирма қызметкерлерді мемлекеттік жұмысқа орналастыру органдары арқылы немесе тікелей қабылдайды.
Біраз уақыт бұрын Атырауда мұнай-газ индустриясының құрылысына мамандандырылған компанияға жұмысқа орналасу белгілі бір сома тұратындығы туралы ақпарат тарай бастады. Ақшаны алдын ала төлеп қою керек екен, алайда сұхбаттасу сәтсіз болған жағдайда делдалдар ақшаны қайтарып беруге уәде береді. Жұмыссыз, тұрақты табыстың жоқтығынан торығып кеткен аңқау жандар тіпті, бастапқы «жарна» үшін қарыз алуға әзір. Оның үстіне, персоналдарды іріктеу туралы ақпараттың дұрыстығына кез келген адам көз жеткізе алады: қалада компанияның баннерлері ілініп тұр, әуежайда, вокзалда және адамдар көп шоғырланған басқа жерлерде жас жігіттер мен қыздар бос орындар тізімі жазылған парақтар таратып жүр.
– Бірақ бұдан басқасы - алаяқтық, – дейді сеніммен «Сичим С.п.А» филиалы менеджерінің орынбасары Алтын ҚҰЛБАЕВА (суретте). Бүгінгі күні NСОС мен ТШО-ның тікелей мердігері болып табылатын компанияда үш мыңдай адам жұмыс істейді.
– Бізде үнемі жаңа жобалар әзірленеді, сондықтан компания қызметкерлерді тартуға мүдделі. Мәселен, қазір «Прорва» жобасына – Каспий теңізіне канал салуға және құрлық ғимараттарының құрылысына үлкен іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан басқа, 40 күн ішінде жүргізілу жоспарланған ТШО зауытын күрделі жөндеуге мың адам қажет, - дейді А.Құлбаева. – Біз дағдарыс кезінде де жұмыспен қамту органдарына үнемі өтінім жолдап отыратын аз ғана компаниялардың біріміз. Мәселе мынада – білікті кадрларды табу қиын. Біз газеттерге, теледидарға хабарландырулар береміз, бос орындар жәрмеңкесін өткіземіз, headhunter.kz, kazakjob.kz, works.kz және т.б. сайттармен ынтымақтаса жұмыс жасаймыз. Рекрутингтік агенттіктер арқылы қызметкерлер іздеу тәжірибесінен бас тарттық. Бірақ, тіпті, бірнеше жыл бұрын бізде агенттіктермен келісімшарт болған кезде бізге жұмысқа орналастыру үшін олар емес, біз оларға қызметкерлер тауып беру үшін ақша төлеген едік.
Бәлкім, әлеуметтік желілердегі бос орындар туралы ақпаратқа қатысты жазылған комментарийлер қауесеттің таралуына себеп болған шығар.
Адамдар пошта жәшіктерінің жады лық толған, ешкім телефон көтермейді деп шағымданады. Алайда Алтын Құлбаева бұл ақпаратты жоққа шығарды – оның айтуынша, бүкіл хабарлама адресатқа жетеді. Түйіндемені факспен де жіберуге болады, түйіндемені қабылдау пункттері әуежай мен теміржол вокзалында бар. Компания рекрутингтік агенттіктермен бірлесіп жұмыс істемейді, бірақ фирманың үлкен рекрутингтік бөлімі бар. Компания басшылығының жорамалы бойынша, алақол адамдар жағдайды пайдаланатын шығар. Қолжетімді бос орындар тізімін пайдаланып, олар жұмыс іздеушілерді жаңылыстырып, өздерінде компаниялармен келісімшарттар бар немесе жұмысқа орналасу үшін басқа мүмкіндіктер бар деп сендіруі мүмкін. Олар «Сичим С.п.А» компаниясымен жасалған жазбаша келісімшартты көрсетпейді, ал, ақшаны алдын ала алады.
СӨЙЛЕМЕ – ҚОЛЫҢНАН КЕЛЕТІНДІ КӨРСЕТ
Ықтимал үміткерлердің сенімсіздігін тудыратын тағы бір жайт – компания ұзақ уақыт бойына белгілі бір позицияға үнемі қызметкерлер іздейді. Алайда тек уақытша жұмыстарға болмаса, ол жерге жұмысқа ілігу оңай емес. Құлбаеваның айтуынша, компания белгілі бір мерзімге тапсырыс алады және оны бітіруге кепілдік бере алмайды. Бірақ келісімшартты ұзартатын немесе жаңа жұмыс көлемі туындайтын жағдайлар болады. Мәселен, өткен жолы ТШО-ны күрделі жөндеу кезінде «Сичим С.п.А» «С» компаниясына жұмысқа орналасқан 800 қызметкердің жартысы тұрақты негізге жұмысқа қалды. Бұлар тұрба монтаждаушылар, аргонды дәнекерлеу мамандары, инженерлік-техникалық қызметкерлер. Ал, жұмысқа қабылдамау пайызы үлкен, өйткені, жұмыспен қамту органдарынан ақпарат алған жұмыс іздеушілер қандай мамандар керектігіне және оларға қандай талаптар қойылатындығына мән бермейді. Шартты түрде айтқанда, компания монтаждаушыларды іздесе, бұл жұмысқа сылақшылар немесе даяшылар үміттенеді. Апта сайын сұхбаттасуға 200-дей адам келеді, іріктеуден тек 10-ы ғана өтеді. Тамызда ТШО-ға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары жүргізілмек, ал, компания әзірге қажетті мамандардың жартысын да жинаған жоқ.
Әрине, мұндай жағдай көптеген сұрақ туындатады. Жұмыспен қамту органдары кәсіптік оқыту мен қайта оқыту керектігі жөнінде көп айтады. Оған қоса оқыту тек қажетті мамандар бойынша ғана жүргізілетінін атап көрсетеді. Алайда өндірістегі мамандардың бағалауынша, мемлекеттік бюджет қаржысы жұмсалатын оқыту процесі лайықты деңгейде өткізіле бермейді. Дәрістің теориялық курсы оқытылды, алайда адамдарда практикалық білім жоқ. Мұндай жағдай тек Атырауда емес, бүкіл Қазақстан бойынша бар. Сұхбаттасу кезінде тұрба монтаждаушыға оның өзі құрастыру үшін құбыр торабының сызбасы мен дайындамасы беріледі. Дәнекерлеушіге дәнекерлеу үшін аппарат пен құбыр беріледі. Оларға ештеңе айтудың қажеті жоқ, тек өз жұмысын жасаса болды. Бірақ... олар бұл құралдармен таныс болмай шығады. Оның үстіне, мұндай ахуал, тіпті, адам бұрын өндірісте еңбек етсе де, еңбек кітапшасына, мәселен, «5-ші санатты тұрба монтаждаушы» деген жазу жазылса да, жиі болып тұрады. Іс жүзінде оның сызбаларды оқи алмайтындығы, өйткені, бұрын онымен жұмыс жасамағандығы, тек шетелдік маманға көмекші болғандығы анықталады. Бұл қалай болуы мүмкін? Ойлап қараңыз, қазақстандық компаниялар салмақты тапсырыс берушіден жұмыс көлемін алады. Сол кезде жергілікті дайын маман болмайды, оларды жақсылап оқытуға уақыт та жоқ. Қазақстанға шетелдік маманды әкелу үшін жергілікті қызметкерлердің белгілі бір мөлшерін қабылдау керек болды. Сөйтіп, компаниялар осылай жасайды. Нәтижесінде бүгінгі күні еңбек нарығында жақсы түйіндемелерге ие, бірақ өз міндеттемелерін орындау үшін біліктіліктері жоқ қызметкерлер бар.
- Бізде фирма қызметкерлерінің 97 пайызы – қазақстандық мамандар, - дейді Алтын Құлбаева. – Жақсы маманға біз әрдайым қуанамыз және одан айырылмаймыз. Жұмысқа орналасқаны үшін ақша беру туралы әңгіменің болуы да мүмкін емес. Егер кім-кімде «Сичим» компаниясына ақшамен жұмысқа орналасуға болады деген ақпарат бар болса, менің өзіме 55-00-81, 55-00-80 нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймын. Қоңыраудың құпия болатындығына кепілдік беремін. Оның үстіне, егер осындай жағдай орын алса және факт расталса, компания материалдық зиянды өтеуге әзір.
Зульфия ИСКАЛИЕВА