Атырау, 29 қараша 05:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

...Кейін ұлымнан хат келмей қалды

3 319 просмотра

Жеңіс саябағында тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысушы жауынгерлердің шеруі өтті.

Еске салып өтсек, 1993 жылы жаңа ғана құрылған ТМД басшылары Тәжікстанға шекарасын қорғау барысында көмек ұсынып, бітімгершілік күштерін жібере бастады. Сол 1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылған.

Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінен соң тәжік-ауған шекарасындағы ұрысқа қатысушы ардагерлер одағының республикалық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы төрағасы Қанат ҚАДЫРҚҰЛОВ былай деп еске алды:

- Батальон құрамына десантшылардан бөлек шекарашылар мен ішкі әскери бөлімшелер кірді. Тәжікстандағы ахуал өте қиын болды. Кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылған соң тәжік шекарасы ашық қалды. Ал, 1990 жылы Тәжікстанда азамат соғысы басталады. Ауған содарлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақты үлкен партиялармен тасымалдады. 1993-2001 жылдары аралығында 8 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында 43 қазақстандық сарбаз қаза тауып, көпшілігі жарақат алды.

Қ.Қадырқұловтың өзі 1992 жылы Қапшағай қаласының 35-ші десантшы-шабуылдаушылар бригадасының құрамында сол ұрысқа аттанып, 1994 жылдың күзіне дейін өз борышын өтеген. Оларды басқа әскер ауыстырған. Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстардың ең қайғылысы 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында орын алған. 5 сағатқа созылған қанды қырғынды 17 қазақстандық қаза тауып, 33 сарбаз түрлі дәрежедегі жарақат алған.

Тәжік-ауған шекарасында әр жылдары Атырау облысынан 300-ден астам сарбаз борыштарын өтеген. Олардың үшеуінің елге сүйектері ғана оралды. Олар: Ерлан МУРЗАҒАЛИЕВ, Қайнолла ДҮСІПОВ пен Сәтжан ЖАЛМУРЗИН.

Шараға қатысқан Сәтжанның анасы Күнімай ОЛЖАБАЙҚЫЗЫ ұлы жайлы әңгімелегенде көзіне жас үйріліп, жүрегі толқыды:

- Ұлым 1996 жылдың қазанында әскер қатарына кеткен кезде 18 жаста болатын. Ол Талдықорғанда борышын өтеп жүрген. Хат келіп тұрды, екі жылы аяқталауға жақын қалғанда хат келмей қалды. Біз келетін күні жақындағасын хат жазуын тоқтатты ғой деп көп уайымдай қоймадық. 1998 жылдың 24 қыркүйегінде суыт деген хабар алдық. Бір күн бұрын қайтқан екен. Келесі күні сүйегін әкеліп, жер қойнына тапсырдық...

Күнімай апаның 7 баласы бар, Сәтжан ең кенжесі еді. Былтыр ол оқыған Алмалы орта мектебінде оған арнап ескерткіш тақта ашылған.

Шара соңында бір минут үнсіздік жарияланып, үш дүркін оқ атылды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор


18 сәуір 2016, 10:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.