Атырау, 28 наурыз 17:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Ұялы байланыс» алаяқтарының жеті айласы

4 223 просмотра

Әлеуметтік желілерде ұялы байланыс арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпарат кеңінен таралуда.

Мәселен, мынадай: «Экономи-калық ахуалдың шиеленісуіне байланысты криминал алаяқтық-тың жаңа түрлерін ойлап табуда. Ұялы байланыс компаниясында хабарлаған «жаңа» түрлерінің бірі мынадай. Сіздің телефоныңызға өзін компанияның – ұялы байланыс провайдерінің инженерімін деп таныстыратын адам қоңырау шалады. Ол сіздің байланыс желісін тексеретінін айтып, әңгімені үзбестен, #90 немесе #09 комбинациясын теруді сұрайды. Ешқашан олай етпеңіз, бірден әңгімені үзіңіз. Әйтпесе, алаяқтар сіздің sim-картаңызды ашуға мүмкіндік алып, сіздің есебіңізден қоңырау шалып, сіздің ұялы банкіңізге кіруге мүмкіндік алады!».

Біз ұялы байланыс операторларынан комментарий беруді өтінген едік.

- Иә, #90 немесе #09 комбинациясы «ұялы байланыс» алаяқтығы туралы ескертулерде жиі кездеседі. Бірақ бұған ешқандай негіз жоқ, өйткені, sim-картаға техникалық тұрғыда шалғайдан кіру мүмкін болмайды. Оның үстіне, біздің желілерімізде бұл комбинациялар ешқандай сервистерге бекітілмеген, - дейді Атырау қаласындағы «Кселл» АҚ филиалының басшысы Саламат ЕСМАҒАМБЕТОВ. Басқа операторлар да мұндай мүмкіндікті жоққа шығарып отыр. Есесіне, жағдайды пайдаланып, С.Есмағамбетов телефон алаяқтығының кейбір басқа айла-тәсілдерін санамалап берді.

ЗИЯНДЫ СІЛТЕМЕСІ БАР SMS

Алаяқтар абоненттік нөмірлерге жаппай SMS-сілтемелер жолдайды. Хабарламада басылған кезде абоненттің телефонына автоматты түрде вирусы бар файлды жүктейтін сілтеме көрсетілген. Вирустың әрекеті - қаскөйлерге телефон қожайынының құпия мәліметтерін беруден бастап, вирусқа шалдыққан телефоннан қымбат тұратын санкцияланбаған sms-тар жіберуге дейін - түрлі болуы мүмкін.

Мұндай қауіпті хабарлама мәтінінің мысалы: «Сіздің досыңыз mms-mobile.ru сайтында сіздің фотосуретіңізге комментарий қалдырды. Оны ашу үшін mms mobile.ru/346356 сілтемесі арқылы өту керек».

Мамандар кеңесі: белгісіз немесе күмәнді дереккөзден келген SMS-тегі сілтемелерді баспау керек. Бұл сайттың ішінде телефондарға операциялық жүйесімен орнатылатын вирус бағдарламасының болу қаупі зор. Мұндай хабарламалар алған кезде өз операторыңыздың анықтамалық-ақпараттық орталығына хабарласып, мамандардан кеңес алу ұсынылады.

ЖАЛҒАН СЫЙЛЫҚ

Ұялы телефонға белгілі компаниядан акция өткізіліп жатқаны туралы, абонент өз нөмірімен құнды сыйлыққа – ұялы телефонға, көлікке немесе тіпті, пәтерге ие болғандығы туралы қоңырау түсуі немесе SMS келуі мүмкін. Бұл танымал радиостанция, дүкендер желісінің атауы немесе басқалар болуы ықтимал. «Ұтушы» масаттанып мәз-мейрам болған сәтте алаяқтар ұтқан сыйлықтың салығын немесе оның жеткізілуін төлеу үшін деген желеумен өз нөмірлеріне белгілі бір соманы аударуды немесе төлем картасын алып, олардың құпия кодын хабарлауды сұрайды.

Мамандар кеңесі: қандай да болмасын әрекет жасамас бұрын өз ұялы операторыңыздың анықтамалық-ақпараттық орталығына хабарласып, іс жүзінде акция жүргізіліп жатыр ма, жоқ па, анықтауға тырысыңыз. Сондай-ақ, «қуаныш жаршысы» болған компанияға тікелей хабарласуға болады. Беделді компаниялар акция болған жағдайда бағалы сыйлықтар ұтысы үшін ақша аударуды, олар үшін ұялы байланыстың төлем картасын сатып алуды сұрамайтынын есте ұстаған жөн.

ҚЫМБАТ ТҰРАТЫН НӨМІР ҮШІН SMS

Абонент түрлі желеумен көрсетілген қысқа нөмірге хабарлама жіберу өтінішімен SMS алады (негізінен төрт орынды нөмір көрсетіледі).

Мұндай хабарламалардың бірнеше мысалдары мынадай:

«Сіз дыбыстық хабарлама (немесе MMS) алдыңыз және оны тыңдау (қарау) үшін Сізге ХХХХ нөміріне YYYY кодымен SMS жолдау қажет».

«Құрметті қолданушы! Сіз нөміріңізді активтендіруіңіз қажет. Ол үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ мәтінімен SMS жолдаңыз. Активтендіру тегін».

«Сәлеметсіз бе! Сізді мазалап тұрған шұғыл операцияға мұқтаж Жасминнің анасы. ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ мәтінімен бірнеше SMS жолдап, оның сауығуына өз үлесіңізді қоса аласыз. SMS құны 25 тг. Рахмет Сізге!».

Мұндай нөмірлерге жіберілген хабарламалардың құны бәлкім бірнеше жүз теңгені құрауы мүмкін.

Мамандар кеңесі: абоненттер дыбыстық хабарлама туралы хабарландыру келетін өз операторының төрт орынды нөмірін жақсы біледі. Нөмірді активтендіру оны сатып алған кезде бір мәрте жүргізіледі, ал. нөмірге қатысты қалған әрекеттер тек абоненттік бөлімдер мен сату нүктелері арқылы жасалады. Қайырымдылық көмегін көрсету ұсынылатын нөмір туралы ақпаратты өз операторыңыздың call-орталығынан тексеруге болады.

ТУЫСЫҢА ҚАТЫСТЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙ

Бұл дәлірек айтқанда «жанр классикасы». Абонентке туысының досы немесе әріптесі болып танысатын адамнан қоңырау келіп түседі. Абыржыған дауыспен қайғылы жағдай орын алғанын – мәселен, ЖКО-ға қатысушы болғанын, жаяу жүргінші жолында кісі басып кеткенін және т.б. хабарлайды. Дәл қазір оның телефонының бұзылғанын, қуат көзінің бітіп қалғанын, сондықтан досына қоңырау шалуды өтінгенін айтады. Тағы да көптеген қоңыраулар соғу үшін балансын толтыруды өтінеді.

Мамандар кеңесі: басына қиындық түсті деген сол туысыңызбен немесе оның жанында болуы мүмкін адамдармен хабарласуға тырысыңыз. Алаяқпен сөйлескен кезде асып-саспай, тексеру үшін бірнеше сұрақтар қойған артықтық етпейді. Алаяқтар әлеуметтік желілердегі мәліметтерді пайдаланатынын және оларға мекен-жайы, көліктің маркасы, отбасылық жағдайы, туыстарының аты-жөні мен басқа да мәліметтер белгілі болуы мүмкін екенін қаперде ұстаңыз.

БЛОКТАУШЫ ВИРУСТАР

Абонент смартфонының экранында келесі мазмұндағы хабарлама пайда болады: «Сіздің телефоныңызға вирус кірді. Оны жою үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ мәтінімен хабарлама жіберіңіз» немесе «Сіздің операциялық жүйеңіздің лицензия уақыты аяқталды, оны ұзарту үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ мәтінімен хабарлама жолдаңыз». Немесе: «Сіздің құрылғыңыз тыйым салынған сайттарға кіргеніңіз үшын блокталды, айыппұл төлеуіңізді сұраймыз».

Мамандар кеңесі: көрсетілген қысқа нөмірге хабарлама жолдамаңыз. Оның орнына өз операторыңыздың анықтамалық-ақпараттық орталығына қоңырау шалып, кеңес алыңыз. Көп жағдайда мұндай хабарламалар алаяқтық болып табылады.

СИМ-КАРТАНЫ КЛОНДАУ

Абоненттің sim-картасына кіруге мүмкіндік алған алаяқтар арнайы құрылғының көмегімен оның дубликатын (клонын) жасауы мүмкін. Кейін дубликаттың көмегімен олар алданған абонент нөмірінің жеке шотындағы ақшаға қоңыраулар соғып, хабарламалар жіберіп, басқа ұялы байланыс қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік алады,

Мамандар кеңесі: бүгінгі күні белгілі болған sim-картаны клондау әдістері sim-картаның түпнұсқасын физикалық қолдануға негізделген. Яғни, қолында sim-картаның түпнұсқасы болмаса қаскөйлер оны клондай алмайды. Қауіпсіздік үшін сақтық шараларын сақтаса жеткілікті. Мәселен, телефоныңызды үшінші тұлғаға (жөндеуге және т.б.) берген жағдайда одан sim-картаны алып тастаған жөн.

ТҮРЛІ БАҒДАРЛАМАЛАР

Көп жарнамаланатын бағдарламалардың көмегімен алаяқтар өз құрбандықтарына бөгде жандардың хабарламаларын оқу, басқа абоненттің қоңыраулар тарихын бақылауға, оның қай жерде екенін анықтауға және т.б. мүмкіндіктерге ие болуды ұсынады. Бұл бағдарламалардың қаншалықты жақсы жұмыс жасайтынын және ол жұмыс жасай ма, жоқ па, бірде бір маман нақты жауабын бере алмайды. Ал бастысы – «біреудің хатын оқуға болмайтынын» есте сақтаңыздар. Болмайды, бітті. Хат алысу, телефон әңгімелерін және басқа хабарламалардың құпияларын бұзуға Қазақстанда тыйым салынған және қылмыстық жауапкершілік жүктелген.

Мамандар кеңесі: абайсызда бақылау нысанасына айналмас үшін өз ұялы телефоныңызды басқа тұлғаларға бермеңіз. Телефоныңызға рұқсатсыз кірмес үшін бұғатын ашатын пароль орнатып алған жөн.

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА


7 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.