- Компания басшылығы 2012 жылға арналған еңбек демалыстарының бекітілген кестесіне қол қоюды талап етіп отыр. Басшылық кестені қызметкерлерге мәлім етпестен бекітуге құқылы ма? Мәселен мен, еңбек демалысына жазда емес, күзде барғым келеді...
Телефон арқылы
Сауалға заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап береді:
– Жаңа күнтізбелік жылдың басында компанияның кадрлық қызметі жаңа жылдың алғашқы жұмыс күндерінде бекіту үшін кесте жобаларын, жоспарды, қосымша келісімдер мен басқа да құжаттарды дайындайды. Ондай шараларға қызметкерлердің жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалыстары кестесінің бекітілуі, кестенің жасақталуы, оған дайындық жұмыстары жатады. Шынында да, еңбек заңнамасы қызметкерге өзінің кезекті еңбек демалысына шығу мерзімін таңдау құқығын береді. ҚР «Еңбек туралы» Заңының 107 - бабына сәйкес, қызметкерге берілетін ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы еңбек және ұжымдық шарттармен, сондай-ақ, бұл жағдайда жұмыс берушінің қызметкерлерінің пікірімен санаса отырып бекітілген еңбек демалыстарының кестесімен анықталады. Қызметкер өз пікірін жазбаша түрде білдіруі тиіс, яғни, жұмыс берушінің атына еңбек демалысының мерзімі мен күнін көрсете отырып, өтініш түрінде жазады. ҚР «Еңбек туралы» Заңының 101-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысы – 24 күнтізбелік күн. Қызметкер мен жұмыс берушінің келісімі бойынша еңбек демалысы бөлініп берілуі мүмкін.
Өндірістік қажеттіліктерге байланысты еңбек демалысының кестесі өзгерген жағдайда жұмыс беруші қызметкерге демалысы басталғанға дейін екі апта бұрын жазбаша түрде мәлім етуге міндетті.
Осылайша, жұмыс берушінің оқырманымыз бен оның әріптестерінің пікірімен санаспастан жасалған жыл сайынғы еңбек демалысының кестесі еңбек заңдылықтарын және қызметкерлердің құқығын бұзу болып табылады.