Мақат ауданы Доссор поселкесінің тұрғыны Амангелді БИСЕНОВ (суретте) сортаң жерді тыңайтып, егін өсіріп, бөдене шаруашылығын дамытумен айналысып келеді.
КАЛИФОРНИЯДАН КЕЛГЕН «ЖҰМЫСКЕРЛЕР»
Амангелдінің негізгі мамандығы - мұнайшы. Алматыдағы политехникалық институттың мұнай кәсіпшілігі факультетін бітірген. Бірақ мұнай саласында емес, құрылыста прораб болып бірнеше жыл жұмыс атқарған. Ал, кейін бөдене, бақша өнімдерін өсіру үшін жеке кәсібін ашады.
- Мен бөдене өсіріп, егін салмас бұрын әуелі жерімді құнарландыруды қолға алдым. Ол үшін кәдімгі жауын құртын өсіре бастадым. Солардың арқасында жерім құнарланып, ауламда отырғызған шие, алма, өрік ағаштарым жеміс бере бастады. Көкөністер де солай, мен бір түп қызанақтан 30 келі өнім жинаймын. Оған көп адам сене бермейді, бірақ бұл шын, - дейді Амангелді.
Жергілікті тұрғындардың көпшілігі сортаң жерге көкөністер мен жеміс ағаштарын өсіру мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ кәсіпкер өз тәжірибесі арқылы бұл пікірді жоққа шығарды.
Бастапқыда Амангелді жауын құрттарының бір данасын 5 теңгеден Алматыда тұратын микробиолог Газим ҚҰСАЙЫНОВТАН сатып алып, көбейткен. Бұл пайдалы құрттар өте тез көбейеді, қазір оның ауласындағы шұңқырда жауын құртының 5 млн данасы өсіріліп отыр.
- Бұл жергілікті қызыл жауын құрты емес, калифорния құрты. Олар тамақты көп талғамайды, тез көбейеді және 16 жыл өмір сүреді (жергілікті жауын құрттары төрт жыл өмір сүреді). Енді химиялық тыңайтқыштар қолдануға еш қажеттілік жоқ, - дейді Амангелді.
«ПОСЕЛКЕНІ КӨГАЛДАНДЫРУҒА БОЛАДЫ»
Ол тал-терекке қалай жан бітіріп отырғанын айтып берді.
- Жеміс ағаштарының ергежейлі түрін таңдаған жақсы, сонда оның тамыры 50 см-ден әрі төмендемейді. Себебі, Доссордың топырағы ащы, құрамында азот пен аммиак көп. Мен бір метрге жуық жердің топырағын алып, оның орнына жоғарыдағы әдіспен дайындалған көңді топырақпен араластырып жаямын. Сол кезде тамырлар тереңге емес, жайыла өседі. Осы әдісті пайдаланса, поселкенің кез келген жерін жасылдандыруға болады, - деген сенімде менің сұхбаттасушым.
Өткен жылы жеке кәсіпкер Ержан СЕРІКБАЕВ Амангелдіден көмек сұрай келген. Поселкенің шығыс жақ бетінде кәсіпкер 2008 жылы «Байбақты ата» бағын салып, тал-теректерді өз күшімен еккенімен, кейінгі екі жылда олар сарғайып, өсуі тежелген. Селитраны шамадан тыс көп пайдаланғанның кесірінен жерді «өлтіріп» алғандықтан оған көп тер төгуге тура келіпті.
- Су шақ келмеді. Күн ыстықта сіңіріп ала береді. Өткен жылы жазда Амангелді микробиолог Газим Құсайыновты шақыртып, екеулеп «Байбақты ата» бағының жерін де баптауды жүргізді. Нәтижесі жаман емес, - дейді Е.Серікбаев.
- Біз өз әдісімізді өткен жылы қолданғаннан кейін ағаштар қайта қалпына келіп, өсе бастады. Бұрын 500 талды суаруға күніне 30 тонна су жұмсалса, бұл әдісті қолданғаннан кейін осы су мөлшерін аптасына бір рет құюға қол жеткіздік, - дейді Амангелді бақты аралата жүріп.
Енді Амангелді шетелдегідей тал-теректі сусыз өсіру әдісін ендіруді ойластыруда.
БӨДЕНЕЛЕР КӨБЕЙДІ
Амангелді бөдене өсіруді бұдан екі жыл бұрын қолға алған. Оның шағын ауласындағы көлікжайда бөдененің 600 данасы өсірілуде. Бөдене баптауға Амангелдіге жұбайы Гүлжанат, балалары Камила, Тұрар, Ислам көмектеседі. Әсіресе, жемі мен суын беруді Камила өз мойнына алған (суретте).
Амангелдінің шаруашылығында кәдеге жарамайтын ештеңе жоқ. Бөдененің саңғырығы да жерді тыңайтқыштардың қоспасы ретінде пайдаланылады.
Бөдене асырауға балаларының аллергия ауруымен сырқаттануы себеп болыпты. Ғаламторды ақтара жүріп, бөдене жұмыртқасы аллергияға ем дегенді оқып, Атырау мен Шымкенттен 300 жұмыртқа сатып алған. Инкубатордағы жұмыртқалардан 200-дей балапан шыққан. Бөдене шаруашылығы осылай басталған болатын. Балалары шынымен де бөдене жұмыртқасын пайдаланғаннан кейін сауығып кетті.
Атырауда бір бөдене жұмыртқасының салмағы 10-
- Жұмыртқа салмағына құстың азығы әсер етеді. Мен жемге Мәскеуден сатып алынған арнайы бактерияны араластырамын. Мұндай жем жақсы қорытылады, ал, бөдене жұмыртқасы ірі әрі салмақты болады.
Олар жұмыртқаның бір данасын 30 теңгеден сатуда. Сұранысқа ие болғандықтан тез өтіп кетеді. Бөдене жұмыртқасының мидың жұмысын жақсартатыны белгілі. Сол себептен Амангелді еліміздің мектептерінде Жапониядағыдай ас мәзіріне бір балаға күніне екі жұмыртқаны шикілей беріп тұруды енгізу керек деп есептейді.
- Мен мұны тауарымды өткізу үшін айтып отырған жоқпын. Онсыз да сұраныс жеткілікті. Тек балаларымыздың денсаулығы мықты болғанын қалаймын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА