Жақында газетіміздің сайтында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша қатысушылардың 83 пайызы сайлауға бармаймыз деп дауыс берді. Бұл не: енжарлық па, әлде түңілу ме? Сайлауға неге бару керек, өзімізге, балаларымызға, елімізге бұл не үшін керек? Мен осы сұрақтарды Дидар МАРДАНОВҚА қойдым. Қазір жоғары білім саласының сарапшысы болып жұмыс жасайтын Дидар 2012 жылғы Парламент депутаттарын сайлауға бақылаушы болып қатысып, қызықты тәжірибелер жинаған екен.
Неге Дидар? Өйткені осы 26 жастағы жігіттің арқасында ол бақылаушы болған учаскеде, хаттамаға сәйкес, небары сайлаушылардың 24%-ы қатысып, ЖСДП-Азат жеңіске жетіп, мәслихатқа тәуелсіз үміткер өтіп кеткен.
- Урнаның қасында қағылған соқадай күні бойы тұрдым, - деп күледі Дидар. – Жалған бюллетендер салып жібермес үшін комиссия мүшелерімен күрестім, полиция сүйреп шығаруға тырысты, арандатулар жасалды, алайда мен кетпедім.
- Сол кезде Халықаралық бизнес академиясында директор болып жасадыңыз, жағдайыңыз да жақсы болды. Бұл сізге неге керек болды?
- Мен қашан да белсенді азамат болдым, ал мұнда сайлауды ішінен түсінгім келді. Оған қоса, сол учаскеде мен жұмыс жасаған университеттің ректоры Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ тәуелсіз үміткер болып түсті, мен сол кісінің кандидатурасы жағынан бақылаушы болып баруды шештім.
- Сіздің пікіріңізше, адамдар неге дауыс бергілері келмейді – шарасыздықтан ба, әлде үмітсіздіктен бе?
- Әр түрлі ақпарат көздері бойынша, бейресми және халықаралық сауланамалар қорытындысынан дауыс беруші сайлаушылар санының төмендеуі байқалғанын көруге болады. Шамамен 2000 жылдардан қазіргі күнге дейін нақты дауыс берушілердің саны Қазақстан Республикасында дауыс беруге құқығы барлардың 25%-ынан аспаған. Ал бұл шамамен тоғыз миллионнан астам адам. Бұлардың ішінде сайлауға небары 2-2,5 миллионы ғана сайлауға нақты барады деген сөз. Бұлар - көбіне ауыл адамдары, өйткені бұл ауылдағы жалғыз мереке, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер, бюджет қызметкерлері, мемлекеттік компаниялардың қызметкерлері мен студенттер.
Президент сайлауында 90%-дан астам, парламенттік сайлауда 75%-дан астам дауыс берушілердің саны туралы барлық деректер – бұл сайлау учаскесі мүшелерінің «жақсы жұмыстары» ғана.
Баршамызға белгілі, орталық сайлау комиссиясы және жергілікті сайлау комитеттері сайлауға адамдардың келуін қамтамасыз етуі керек. Егер келу саны төмен болса, сайлау учаскелерінің төрағалары, сайлау округтерінің төрағалары, тіпті орталық сайлау комиссиясының төрағасына дейін сыбағаларын алады. Бұл жеңіл жаза. Кейде тіпті жұмыс орындарынан да айырылып қалуы мүмкін.
Келуді қамтамасыз ететін бірнеше заңды әдістер бар. Бұл БАҚ және жарнама арқылы шақыру, сондай-ақ сайлаушылардың үйлеріне барып, тікелей шақыру.
Сонымен қатар, келуді қамтамасыз етудің этикалық қағидаларға сыя бермейтін әдістері де бар. Яғни, мемлекеттік аппарат, бюджет, мемлекеттік корпорациялар қызметкерлерін және студенттерді жаппай мәжбүрлеу, олар, тіпті, келгендерін білдіру үшін белгіленулері де керек.
Сайлауға келуді қамтамасыз етудің тағы бір ең жеңіл де заңсыз тәсілі бар. Сайлау күнінің соңына таман, сағат 18.00-ден кейін, учаскелік сайлау комиссиясы қолдағы бланкілерді санап, дауыс бергендер мен дауыс бермегендердің нақты санын анықтайды.
Әр сайлау учаскесінде бюллетендер саны тіркелген сайлаушылардың санына тең және 1 пайыз артық болады.
Төрт адамнан құралған учаскелік сайлау комиссиясы дауыс берушілердің өте аз келгенін оңай анықтап, осы жерде цирк қойылымы басталады: қалған бақылаушыларды шәй ішуге немесе денсаулығына байланысты үйден дауыс беретіндерге жібереді. Ең «сенімсіз» дегендер кеткен бойда комиссия мүшелері жаппай жалған дауыс беруге кіріседі. Барлық бланкілерде парламентке билік партиясын, ал мәслихатқа билік партиясынан шыққан адамды белгілейді. Кейбір учаскелерде 100% дауыс берген көрсеткіштерді көруге болады. Ал мұның ертегі екені бәріне түсінікті.
Билік халықтың сайлауға сенбейтінін біледі. Егер адамдар учаскеге дауыс беруге келмесе, ол барлығына, соның ішінде билікке де қарсы дауыс берді деген сөз. Ал бұл биліктің сайланбалығына соққы.
- Яғни, сайлауға бармайтын адамдар дұрыс жасап отыр ма?
- Сайлауға бару керек пе? Әрине, бару керек. Алайда сайлауға бару бұл тек жарты іс қана. Басынан бастайық. Айтып өткенімдей, елде 9 миллионнан астам сайлаушы бар. Орталық сайлау комиссиясы елдегі сайлаушылардың санына 1 пайыз ғана қосып бюллетень шығарады. Бұдан аз да емес, көп те емес. Қосымша бюллетеньдер болмайды. Оларды қолдан жасай алмайсың, өйткені әр бюллетень нөмірленіп, арнайы су белгілері болады. Ал бұл сіздің бюллетеніңіз сізді өзіңіз тіркелген учаскеде күтеді деген сөз. Бір пайыз қосымша бюллетеньдер сайлау нәтижесіне әсер ете алмайды. Билік неге қосымша бюллетеньдер жасай алмайды? Өйткені мұны биліктің өзіне қарсы қолданып, жүйені бұзып, сайлауды бақылаусыз ойын қылуы мүмкін. Мысалы, Ресейде болған сайлауда кейбір өңірлерде сайлаушылардың жалпы санының 147%-ы дауыс берген фактілер тіркелген. Азаматтар мен үшін бәрібір өзгелер дауыс беріп жібереді деп үйінде отырып, сайлауға бармайды. Бармасаңыз, әрине, сіз үшін басқа біреу дауыс беріп жібереді.
Сайлаушылар арасында жүретін екінші бір аңыз – дауыс беретін ешкім жоқ, «бәріне қарсымын» деген тұжырымды алып тастады дейді. Бұл да дұрыс емес, әр сайлаушының барлығына қарсы дауыс беруге техникалық мүмкіндіктері бар. Белгіні барлық үміткерлердің алдына қойсаңыз болды, сіздің бюллетеніңіз жарамсыз деп есептеліп, сіз үшін ешкім дауыс бермейді. Алайда, бұл да дұрыс шешім емес. Парламент сайлауында шынайы оппозиция жоқ, билік партиясы және қалғандары қуыршақ партиялар. Ойын үшін өткен сайлаулар аутсайдеріне дауыс беріп, жүйені бұзуға болады. Мәслихатқа өзің қалаған депутатты сайлау жеңілірек. Барлық учаскелерде де тәуелсіз үміткерлер болады. Өмірбаяндарымен танысып, лайықтысы осы дегеніңізді таңдап, дауыс беріңіз. Әрине, сайлауға барып, дауыс беру – азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі. Халықтың сайлауға көп келіп жатқанын көрген билік нәтижелерді өзгертуге қатысты бұдан да құйтырқы әдістер қолдана бастайды. Сайлаудағы шындықты қамтамасыз етудің ең тиімді әдісі – бұл бақылаушы болу. Қазақстанда 9 840 сайлау учаскесі құрылған. Әрқайсысында жеті сайлау комиссиясының мүшесі («ҚР Сайлау туралы» заңға сәйкес – З.Б.) және екі полиция болады. Сайлау учаскесінде шынайы күшке ие болып, бұрмалауға жол бермес үшін әр учаскеде үштен беске дейін бақылаушы болуы керек және осы бақылаушылар бірде-бір партияның немесе үміткердің өкілі болмауы қажет. Олардың мақсаты біреу болуы керек: бұрмалауды болдырмау, келмегендердің бюллетеньдерін салуға және қате есептеуге жол бермеу. Бақылаушылар таңғы 6-дан кешкі 10-ға дейін сайлау барысын мүлтіксіз бақылап отыруға дайын болуы қажет. Елімізде 25-30 мың адамды жұмылдырып, оларды бақылаушы болуға дайындап, барлық сайлау учаскелеріне, тіпті ең шеттегі ауылдарға дейін бөлсе, елімізде сайлауды шынайы өткізуге мүмкіндік бар.
Дұрыс сайлау өткізудің үшінші талабы бұл баламалы саяси күштердің, шынайы оппозицияның болуы. Бүгінде мықты бақылаушы жүйені қалыптастырғанмен, кімге дауыс беретініңді білмейсің. Бизнесмендер оппозицияға ақша салғысы келмейді, өйткені бұрын салғандарға не болғанын біледі. Сайлауларда бақылау жүйесін жасаумен бірге елде билік партиясына балама бола алатын саяси күш құру керек. Сонда ғана 2020 жылы кезекті кезектен тыс парламент сайлауында шынайы саяси күш келуі мүмкін. Құдайға шүкір, интернет мүмкіндіктері осындай күшті қалыптастыруға мүмкіндік бере алады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА