– Біз, ауған соғысының ардагерлері жәрдемақыдан бөлек 3 мың теңгенің үстінде артық ақша алып отырмыз, бұл дәрі-дәрмекке берілген болуы керек. Жәрдемақымды алып жүрген пошта бөлімшесіндегілер таяу уақытта үстеме төлем мөлшерінің қысқартылатындығын айтты. Бұл неге байланысты екен?
Телефон арқылы
Бұл жерде әңгіме ауған соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметті төлеу үшін жергілікті бюджеттен бөлінген материалдық көмек жөнінде болып отыр. «ҰОС ардагерлері мен қатысушылары 15 АЕК мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Оған теңестірілген ауған соғысына қатысушы-мүгедектер – 7,1 АЕК, Ауғанстандағы әскери ұрыстарға қатысқан әскери қызметкерлер – 5,8 АЕК алады, - деп әңгімелейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының кеңесшісі Төлеген ИЩАНОВ. Облыс әкімінің 2005 жылғы 5 сәуірдегі №135 «Соғыс ардагерлері мен қатысушыларын коммуналдық қызметтер (жылу, су және газбен қамту, электр қуатымен қамту және байланыс қызметінде телефон үшін абоненттік төлемді) төлемінен ғұмырлық босату тәртібін бекіту туралы» қаулысы шыққаннан кейін оларға коммуналдық қызмет үшін өтемақы төлей бастады. 2007 жылы әкімнің №249 қаулысымен ҰОС ардагерлері мен қатысушыларына тағы бірнеше санаттар, соның ішінде Ауған соғысына қатысушыларды да қосты. Өтемақы түрінде төленетін сомалар барлық коммуналдық қызметтерді толықтай төлеуге жетпейді. Сондықтан ардагерлер көмек мөлшерін көбейту туралы мәселені әлденеше рет көтеріп, өтемақы мөлшері біздегіден жоғары көршілес Ақтөбені мысалға келтірген болатын. Алайда оның орнына әкімдік ақша төлеуді мүлдем тоқтатуды ұйғарды. Биылғы жылдың 4 қазанында облыс әкімінің «Облыс әкімінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» қаулысы шықты. Оның ішінде ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне, сондай-ақ ауған соғысына қатысушыларға өтемақы төлеу туралы екі шешім де болды. Алайда осы төлемдерге бюджетте қаржы қаралғандықтан, іле-шала тағы бір №35 шешім шықты. Соған сәйкес, төлемдер биылғы жыл аяғына дейін жалғасатын болады. «Түрлі облыстарда өтемақы мөлшері әртүрлі. Үкімет осы мәселені реттеп, төлем сомасын теңестіру жөнінде ұсыныс білдірген еді. Бірақ бұл орындала ма, әзірге белгісіз», - деп ахуалға түсінік берді Төлеген Ищанов.