Атырау, 20 сәуір 00:31
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Түнектегі миллиардтар

3 146 просмотра

Нұрсаяда «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйлер электр қуатының жоқтығынан жылдар бойына қоныстандырылмай отыр.

«ҮЙЛЕР ӘЗІР, БІРАҚ ЖАРЫҚ ЖОҚ»

Біздің бағдарлама бойынша бүкіл үйлер толықтай аяқталды. Бір бөлігін 2014 жылы, ал қалған бөлігін 2015 жылы пайдалануға беруге тиіс болатын. Бірақ олар әлі күнге дейін қоныстандырылған жоқ. Бүгінгі күнгі жалғыз проблема – сыртқы электрмен қамту мәселесі шешілген жоқ. Бұл ұзақ уақытқа созылып келеді, - деді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанктің» жергілікті филиалындағылар. Алайда егжей-тегжейін әкімдіктен білуге кеңес берді.

Бірақ жалпы неліктен Нұрсаяда электрмен қамту проблемасы орын алып отыр?

Сарықамыс ықшамауданында үшінші жыл қатарынан жаңа «Нұрсая» қосалқы станциясы қаңтарылып тұр. Оның құрылысы 2006 жылы қабылданған Атырау және Атырау облысын перспективалы дамыту жоспарына сәйкес, 2008 жылы басталған еді. Ал пайдалануға беру 2013 жылға белгіленді. Жаңа қосалқы станция Нұрсая, Нұрсая-2 ықшамаудандары және басқа да жалғас жатқан тұрғын үй массивтері кіретін қаланың «Оңтүстік шеңберін» электрмен қамтамасыз етуге тиіс болатын.

Бірнеше гектар жерді алып жатқан қосалқы станцияның өзі сырттай қарағанда толықтай әзір нысан секілді көрінеді. Біз сол жерге барған едік. Қарсы алдымыздан өзін инженермін деп таныстырған ер адам шықты.

Ол қосалқы станция құрылысымен жергілікті «Асако» компаниясы айналысқанын айтты.

2015 жылы аяқтадық, қазір ол толықтай дайын, жөндеу-реттеу жұмыстары аяқталды. Желі ЖЭО-нан жүргізілген, олар кернеу беруі тиіс. Қазір біз бүкіл құжаттарды тапсырыс берушіге табыс етудеміз, - деді ол.

Нысанды тапсыру мерзімі не себепті созылып кетті деген сұраққа ол:

Жауап бере алмаймын, мен бар болғаны орындаушымын, - деді.

Инженер мердігер компания директорының телефон нөмірін де айтпады.

«БІЗ ӘЛДЕНЕШЕ РЕТ ӨТІНГЕННЕН КЕЙІН...»

Атырау облыстық құрылыс басқармасындағылар қосалқы станция туралы сұрақты естіген соң менімен сөйлесуден бас тартты.

Жазбаша сауал жолдауға тура келді. Белгілі болғандай, құрылысты NCOC N.V. компаниясы қаржыландырған екен. NCOC-тың берген жауабына сүйенсек, «Нұрсая» қосалқы станциясының құрылысы 2013 жылы аяқталған, алайда тапсырыс беруші – Атырау облыстық құрылыс басқармасы нысанды пайдалануға қабылдауға асығар емес.

Төменде NCOC N.V. өндірістік операциялар департаментінің директоры Арьян ванн ДАЙКТЫҢ қолы қойылған NCOC жауабын назарларыңызға ұсынамыз: «“НКОК Н.В." компаниясы “Нұрсая" (Батыс) ПС 110/10 кВ қосалқы станциясын жобалау және салу» жобасын Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлінісі туралы келісімге сәйкес, инфрақұрылым және әлеуметтік маңыздағы жобаларға жататын инвестициялық бағдарлама шеңберінде қаржыландыруды жүзеге асырды.

Келісімшартқа 2008 жылы қол қойылды және ол 2013 жылы аяқталды. Біз Тапсырыс берушіден (Атырау облыстық құрылыс басқармасынан) нысанды пайдалануға қабылдау туралы әлденеше рет өтінгеннен кейін 2015 жылы Атырау облысының әкімдігі бекітілген жоспарға сәйкес энергетика нысандарын коммуналдық меншікке беру жоспарын бекіту туралы қаулы қабылдады.

НКОК жобаның құны туралы түсінік бере алмайды, өйткені мұндай ақпарат ӨБК шарттарына сәйкес құпия ақпаратқа жатады. Осы саладағы басқа жобаларға келер болсақ, ӨБК инвестициялық бағдарламасы шеңберінде келесі жобалар қаржыландырылды: 1. АЖЭО-нан «Нұрсая» қосалқы станциясына дейін 110 кв Электр тарату жүйесін (ЭТЖ) жобалау және салу. 2. АЖЭО 110 кВ ЭТЖ–110/10 «Нұрсая» ҚС-на 110/10 кВ «Жұмыскер» ҚС және 110/35/10 кВ «Көкарна» ҚС-на тарамдалатын 110 кВ кабельдік ендірме салу. 3. 110/35/10 кВ «Көкарна» ҚС қосалқы станциясы мен «Көкарна» ҚС-не 35 кВ кірмесін жобалау және салу.

«ҚҰЖАТТАМАЛАР ӘЗІРЛЕНУДЕ»

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВТЫҢ қолы қойылған жауапта ванн Дайк айтқаннан бөлек, мынадай нәрселер болды: «…Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2013 жылы аяқталды. Қазіргі уақытта «Нұрсая» қосалқы станциясында іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталды, нысанды пайдалануға беру құжаттамасы (мемлекеттік комиссия актісі, орындау құжаттамасы және т.б.) әзірленуде. Осы жұмыстарды аяқтау ағымдағы жылдың 1 тоқсанына жоспарланды».

«Нұрсая» қосалқы станциясынан бөлек Атырау және Атырау облысын перспективалы дамыту жоспары шеңберінде «Жұмыскер», «Ескі қала», «Теңдік», «Көкарна» қосалқы станциялары салынды.

Бүгінгі күні құрылысына миллиардтаған теңге жұмсалған бес қосалқы станцияның барлығы тоқтап тұр. Оларды әлі күнге дейін пайдалануға қабылдамады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

8 ақпан 2016, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.