Өткен жылы 20 желтоқсанда Атыраудың 62 жастағы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, әлем чемпионы Евгений УХОВ (суретте) әлемдік мәртебеге үміткер бола алатын жеке рекорд орнатты. 1 сағат 58 минутта 16 келілік кір тасын 1 900 мәрте көтерді.
БАСТЫ ЛАУАЗЫМЫ - ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МҰҒАЛІМІ
- Менің білуімше, сіздің спортқа толы ғұмырыңызда кір тасын көтеруден басқа жетістіктер болған екен.
- Мен спортсүйгіш отбасында дүниеге келдім. Әкем Михаил Митрофанович Ухов бухгалтер болып жұмыс істеді. Күн сайын таңертең гантельмен жаттығу жасайтын. Денсаулығын жақсарту үшін жүгіруге құмар еді. Сондықтан да шығар, оның алты баласы да жеңіл атлетикаға әуес болып өсті.
70-ші жылдардың басында Гурьевте жеңіл атлетикада серпіліс пайда болды. Желаяқтарды Марат Агафарович Аллояров жаттықтырды. Өкінішке орай, 1976 жылы ол Орал қаласына көшіп кетіп, сол жақта Қазақ КСР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды. Оның бастамасымен Гурьевте «Гурьев - Орал» және «Гурьев - Волгоград» бағыты бойынша жеңіл атлетикалық жарыстар өткізілетін.
Кейінірек, біздің қалада 21 шақырымға – Жилгородоктан әуежайға дейін және кері қарай, Жеңіс саябағынан Еркінқала поселкесіне дейінгі қашықтықта жеңілатлетикалық жарыстар ұйымдастырыла бастады. Бұл сайыстар 2000-жылға дейін өткізілді. Бұған қалаға танымал желаяқ Жеңіс Айтбаев бастамашы болды. Содан кейін оны осы сайыстарды ұйымдастырудан шеттетіп тастады. Ақыр аяғында қала үшін қажетті шара орта жолда үзіліп, ұмыт қалды. Мен өзім Айтбаевтың жарысына сегіз мәрте қатыстым. 6 мәрте қола алқа иеленіп, бір рет екінші болып мәреге жеттім.
Өзім Волгоградтағы дене шынықтыру институтын тәмамдадым. Студенттік жылдары ескек есудің барлық түрлері – байдарка мен каноэде, академиялық, бұқаралық және теңіз қайықтарында ескек есу бойынша өткізілетін сайыстарға қатыстым. Байдарка есу бойынша Қазақ КСР чемпионатының жеңімпазы әрі жүлдегері болдым.
- Кір тасын көтерумен қай уақытта айналыса бастадыңыз?
- Кір тасы спортына едәуір кеш келдім, ол кезде 38 жаста едім. Кір тасын көтерушілермен, атап айтқанда, Владимир Мичримен таныстым. Владимир біздің облысымыздың тарихында кір тасын көтеру спорты бойынша алғашқы спорт шебері болып табылады. Кір тасы спорты бойынша өтетін алғашқы сайысқа мені сол шақырған еді. Бұл облыстық «Динамо» спорт қоғамының чемпионаты болатын. Сол жылдары көпшілік кір тасын көтерумен айналысатын. Бәсекелестік көп еді. Тек төрт жылдан кейін мен Қазақстан чемпионатының жүлдегері атандым.
2009-2014 жылдары әлем чемпионаттарындағы түрлі номинацияда сегіз алтын алқаны иелендім. 2011 және 2015 жылдары кір тасын көтеру спорты бойынша өткен Дүниежүзілік Олимпиадада бес мәрте алтын алқаны жеңіп алдым. Сол кезеңде Ресейдің алты дүркін чемпионы атандым. Айтпақшы, Ресей чемпионатында жеңіске жету - әлем чемпионатына қарағанда анағұрлым қиын.
- Сіз неліктен өткен жылы Архангельскіде өткен әлем чемпионатына қатыспадыңыз? Досыңыз Мирчи сол жақтан 13 алтын алқа иеленді...
- Өзіңіз білесіз, мен №21 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Сайыстарға тек мектеп демалыстары болған кезде ғана қатыса аламын. Өткен жылы әлем чемпионаты наурызда, мектепте сабақ оқытылатын күндері өтті. Ал, мен мектептегі жұмысымды бәрінен жоғары қоямын...
«ТОҒЫЗ МӘРТЕ ТЕРЛЕП, ТОҒЫЗ МӘРТЕ СУЫДЫМ»
- Сіз байдарка мен каноэде ескек есу секциясында балаларды жаттықтырасыз. Жетістіктер бар ма?
- Өткен жылы шәкірттерім Кирилл Морозов, Константин Авдеев, Анатолий Зель, Қаһарман Өтеу және Рахим Бисембаев облыс чемпиондары атанды. Ескек есумен айналысқысы келетін балалар көбейіп келеді. Ал, жас бапкерлер тапшы. Бізде секциядағы бес бапкердің төртеуі зейнеткерлік жасқа жетіп қалды. Жастар жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін келеді, бірақ кідірмейді. Балаларды суда жаттықтыру – жауапты іс...
- Жеңіл атлетика, ескек есу, кір тасын көтеру спорты... Сізге қайсысы көбірек ұнайды?
- 1986 жылы маған Қазақ КСР чемпионатында бұқаралық ескек есу бойынша өткізілген чемпионатқа қатысудың сәті түсті. Бұқаралық ескек есуде спортшылар орташа алғанда бір жарым центнер келі болатын ағаш шлюпкамен жүзеді. Салыстырсақ, байдарка орташа алғанда он келі болады.
Бір спортшы жүзу жарысына қатысудан бас тартты. Ұйымдастырушылар жарыстың болмай қалатындығынан қауіптеніп, дереу маған шақырту жіберді. Өйткені, менің тұлғам сәйкес келеді екен. Сол жүзу жарысында мен қола алқаны иелендім. Көптеген сайыстарға қатыстым, бірақ бұл ең ғажайып спорт түрі екенін айтқым келеді. Қиналғаннан басымнан аяғыма дейін қара терге түстім. Бүкіл қайықты браконьерлер тасып әкетпес бұрын бұқаралық ескек есуді атыраулық ескек есу базасына екі жыл бұрын енгізуге тырысқан еді.
- Жаңа жылда орнатылған рекордқа оралайық...
- Ереже бойынша 16 келілік кір тасын көтеру бойынша жартылай марафондар болады. Олардың ұзақтығы 30 минуттан, марафондар бір және екі сағаттан болады. Әлем чемпионатында біреулердің марафонға бір сағаттан артық қатысқанын көрген жоқпын.
2014 жылы кір тасы спорты бойынша Витебскіде өткен Дүниежүзілік олимпиадада екі әлем рекордын жасадым: жарты сағатта 600 мәрте және бір сағатта 1 240 мәрте кір тасын көтердім. Сондықтан 2015 жылдың 20 желтоқсанында мен жасаған рекордты әлемдік деп есептеуге болады.
- Екі сағат ішінде пұттық кірді көтерген кезде қандай күйде болдыңыз?
- Екі сағат ішінде тоғыз мәрте терлеп, суыдым. Аяқталған соң салмағымды өлшеттім – үш келідей тастаппын. Жаным тазарғандай сезімде болдым.
Әрине, рекорд орнату көп еңбекпен келді. Өзіммен, шаршаумен, бұлшық еттің ауырсынуымен күресуге тура келді. Есесіне психологиялық тұрғыда шынықты. Шыдағаным үшін, өзіме деген аяушылық сезімімді жеңіп шыққаным үшін бұрын-соңды болмаған мақтанышты сезіндім.
Бізді үнемі адамда жүйке жүйесі біреу, басқа жоқ екендігіне үйретті. Бірақ мен спорт арқылы адамның өзгеруі, өзі қалағандай бола алуы мүмкін екеніне көз жеткіздім.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ