Атырау бекіре тұқымдас балық өсіру зауытында (Еркінқала) маңызды кезең – аналықтарды көктемде уылдырық шашатын кезеңге дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл көктемді балық өсірушілермен бірге өткен жылғы маусым айында «Тілекші» кооперативінің балықшылары Төменгі Пешной тартымынан ұстаған жаралы қортпа да күтуде.
- Сол кезде қортпаның салмағы 125 келі тартқан. Біз оны ашық аспан астындағы айдынға жіберіп, қоректендірдік, жараларына арнайы дәрілер жақтық. Бір ай уақыттан кейін жаралары жазылып, күш жинай бастады, - дейді зауыт директоры Рашиден ҚАЛЛИДУЛИН. – Бұл бір ерекше жағдай, өйткені қортпа қолда ұстаудың 80% жағдайында жасанды ортаға бейімделе алмайды. Біздікі тез бейімделді, біз оны көктемге дейін ұстауды жөн көрдік. Бұдан ұрпақ аламыз деп үміттенеміз.
Қыста біраз салмақ қосқан, 140 келіге жеткен қортпаны арнайы бассейнге орналастырды. Зауытта осындай 6 бассейн бар, бұларда бекіре, шип, қортпа, шоқыр, сүйрік сияқты бекіре тұқымдастардың 170-і өсірілуде. Барлығының жасы әртүрлі және барлығы зауытта уылдырықтан өсірілген. Бассейнге су Жайықтан құйылады және балықтарды табиғи ортаға жақын жағдайда ұстау үшін тұрақты түрде су айналымы қамтамасыз етіледі.
- Оларды дәрумендер қосылған ұсақ қара балықтың жентектерімен, балық майы мен балық ұнымен қоректендіреміз. Рациондарына тірі жем – жауын құрттарын қосамыз, - дейді бас балық өсіруші Зухра ҒҰБАШЕВА.
- Біз жасанды жағдайларда өскен бекіре балықтардың генетикалық банкін жасаумен айналысып жатырмыз. Бұл өзекті мәселе, өйткені өткен жылдың басында, мысалы, аналықтарды дайындау кезеңінде бірде-бір қортпа болмады. Шип балық соңғы бес жылда мүлдем жоқ, сүйрік те көп кездеспейді, - дейді Р. Қаллидулин. – Бассейндеріміздің бірінде сынақ ретінде канадалық ескектұмсықтың жұбы тіршілік етіп жатыр. Бұлар да бекіре тұқымдастарға жатады, бұлар шабақ кезінде әкелінген болатын. Әзірге оларға бақылау жасап отырмыз, содан кейін олардан ұрпақ алуға тырысып, бейтаныс ортаға бейімделуін қараймыз.
Өткен жылы Атырау бекіре өсіру зауыты 3,6 млн шабақты еркіндікке жіберді. Биылғы мемлекеттік тапсырыс – 3,5 млн шабақ.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор