Жаңа жыл қарсаңында «Балықшы» ДСК-нде облыстың самбо, дзюдо, грек-рим, еркін және ұлттық күрес жаттықтырушылары біліктілік арттыру курсынан өтті. Курсты Қазақ ССР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ дене тәрбиесі және спорт академиясының профессоры Михаил ШЕПЕТЮК (суретте) жүргізді.
ОДАҚТА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР МЫҚТЫ БОЛДЫ
- Бұрын біздің қаламызда болып па едіңіз?
- Атырауда екінші рет болып тұрмын. 2014 жылдың ақпан айында Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Житкеев және Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Айдын Смағұловпен бірге осы жерде дзюдошылар мен олардың жаттықтырушыларына арналған шеберлік дәрістерін өткізгенбіз.
Бұл жолы мен Атырау қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебінің (ЖСШМ) директоры Аманбай Қыздарбаевтың шақыруы бойынша күрес жаттығуларының жаңа әдістемелері бойынша теориялық курс өткізуге жалғыз келдім.
- Михаил Николаевич, Қазақ ССР құрама командасын басқарған жылдардағы жұмысыңыз туралы айтыңызшы.
- 1982 жылы 28 жасымда КСРО-ның Жастар ойындарында самбодан Қазақ ССР құрамасының жеткен жетістіктері үшін республикаға еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алдым. Менің қазіргі шәкіртім Асылбек Әлкей осы спорт түрінен әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. Мен, сондай-ақ, екі Олимпиадаға қатысқан Гүлжан Исанованы да жаттықтырамын.
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Г. Исанова 9-орынға, 2012 жылғы Лондонда 7-орынға табан тіреді. 2009 жылы Гүлжан Қытайдың Тайпейінде Азия чемпионы атанды және осы уақытқа дейін Қазақстан тарихындағы әйелдер арасында жалғыз Азия чемпионы болып тұр.
Мен самбодан Қазақ ССР құрама командасын 1982 – 1992 жылдар аралығында жаттықтырдым. 1986 жылы команда менің жетекшілігіммен КСРО халықтарының спартакиадасында 5-нәтиже көрсетті. Бұл жылдары қазақстандықтар Асқар Шахиев, Қанат Байшолақов әлем чемпионы атанса, Қанат Мұсабеков Еуропа чемпионы, Сәкен Жатыбаев КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы болды. Сол кездері қазақ құрамасы өте мықты болды. Кеңес Одағының құрамасына ілігу өте қиын еді. Дегенмен, біздің жігіттеріміз КСРО құрамасының мүшесі болып, талай жүлделер алды.
ДЗЮДО ОЛИМПИАДАЛЫҚ ОЙЫНҒА АЙНАЛДЫ, САМБО – ЖОҚ
- Күрестің осы екі түрі – самбо мен дзюдоның бақталастығы туралы айтыңызшы.
- Барлығы 1963 жылы дзюдоны Олимпиадалық ойындар бағдарламасына қосқаннан кейін басталды. КСРО үкіметінің ең жүлделі деген самбошыларды бұйрықпен жаңадан ашылған дзюдо топтарына ауыстыру туралы арнайы қаулысы шықты. Сол жылы Токиода өткен Олимпиада алдындағы турнирде төрт кеңестік спортшы – Олег Степанов, Владимир Панкратов, Генрих Шульц және Дурмишхан Беруашвилиден құрылған команда қола медаль алды. 1972 жылы Мюнхенде кеңес дзюдошысы Шота Чочишвили Кеңес Одағы үшін осы спорт түрінен алғашқы алтын медальді жеңіп алды.
Әрине, самбошылардың барлығы дзюдоға көшіп кеткен жоқ. Самбо мен дзюдо бір-біріне көп ұқсамайды. Самбо күштік және қатал жекпе-жек түрі болса, дзюдо – қозғалмалы күрес. Сондықтан да дзюдодан жолы болмағандар самбодан чемпион атанып жатады, ал самбоға үйлесе алмағандар дзюдодан жетістікке жетіп жүр. Дегенмен, самбо Қазақстанда жақсы дамып келе жатыр. 2015 жылғы қарашада Мароккода өткен соңғы әлем чемпионатында қазақстандық самбошылар жақсы нәтижелер көрсетті.
ТЕОРИЯ АҚСАП ЖАТЫР
- Біліктілік арттыру курсы кезінде жаттықтырушылармен көп сөйлестіңіз. Олар сізге спортшыларға қандай жаста күштік жүктемелер салуға болады деген сияқты сұрақтар қоя ма?
- Жаттықтырушылар сұрақты көп қояды. Жаттығу залдарын заманауи жабдықтаудан жарыс-тарды жоспарлау кезеңдеріне қатысты, тәжірибелі спорт шебер-лерін қашан жарысқа қосқан дұрыс деген сияқты сұрақтар қойылды. Мен баланы ең алдымен икемділік пен қозғалысын үйлестіруге үйрету керек деп есептеймін. Сондықтан барлық физиологиялық заңдылықтарына сәйкес балалардың физикалық күшін дамытуды 14-15 жаста қолға алу керек. Балаға 10-12 жасында күштік жаттығулар жасатсаң, нәтиже болмайды. Өйткені, оның ағзасы ауыр жүктемелерге әзір емес.
Жаттықтырушыларыңыздың жақсы базалық дайындықтарын атап өткім келеді. Облыстан самбо мен дзюдодан әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары шығуы – осының нәтижесі.
- Ал жаттықтырушының «жарысқа бар да, жүлдесіз келме» деген бұйрықты тілегіне қалай қарайсыз?
- Қазір дзюдода жапондықтар алда, олардан кейін кәрістер, француздар, бразилиялықтар, ресейліктер, голландықтар келеді. Дегенмен, қазақстандық жаттықтырушылардың дайындық деңгейі қазірдің өзінде спортшы-ларымыздың осы елдер өкілдерін жеңуіне мүмкіндік беріп тұр.
Иә, мен кемшіліктер бар екенімен де келісемін. Барлық жаттықтырушылар дайындық теориясын біледі деп айта алмаймын. Дене тәрбиесі және спорт академиясында оқығанда көпшілігі жарыстарға қатысу үшін теориялық сабақтарды жіберуге мәжбүр болды. Сондықтан практикалық білімдері басым, теория аз. Мен жаттықтырушыларға осы жалпы теориялық білімдер туралы айтуға келдім.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор