Мұнай бағасы 2015 жылы бір баррельге $52-ден басталып, $36-мен аяқталды. Сарапшылардың айтуынша, бағаның арзандауы әлі де жалғаспақ. 2016 жылы нарықтағы мұнайдың көптігі, сондай-ақ, АҚШ Сенатының мұнай экспортына тыйымды алып тастауы және Иранның көмірсутегі нарығына оралуы бағаға деген қысымды күшейте түспек.
ҰЛТТЫҚ ҚОР ҚАТТЫ ЖҮДЕП КЕТТІ
Егер өндіру көлеміне келетін болсақ, бұл мұнай бағасына қатты әсер еткен жоқ, бұл жерде басқа факторлар үлкен рөл ойнады. Солтүстік Каспий жобасының тоқтатылуы және бірқатар ескі кен орындарында өндірістің қысқартылуы жағдайында Қазақстандағы өндіру деңгейі 2014-2015 жылдары 85-95 млн тонна деп жоспарланғанмен, 82,4-82,7 млн тоннадан аса алмады.
2014 жылы «Теңізшевройл» 26,7 млн тонна мұнай өндірді (2013 жылы – 27,1 млн, төмендеу жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты). 2015 жылғы қаңтар мен қыркүйек айлары арасында өндіру көлемі 20,3 млн тоннаны құрады, жыл соңына дейін компания өткен жылғы деңгей – 26,7 млн тоннаға жетуді жоспарлаған болатын.
2015 жылдың алғашқы 9 айының нәтижелері бойынша «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «Қазгермұнай» БК, «Қаражанбасмұнай» және «ПетроҚазақстан ИНК» компанияларындағы үлестерін қосқанда 9,2 млн тонна мұнай өндірді, бұл 2014 жылғы осындай кезеңнен 0,3%-ға артық.
Осылайша, бағаның төмендеуі өндіру көлемдеріне қатты әсер етпегенмен, ҚР Ұлттық қорына мұнай салықтарынан тікелей құйылатын салықтық түсімдер екі есе азайды.
Естеріңізге салсақ, Қазақстандағы барлық ірі кен орындарын шетелдік инвесторлар өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) негізінде игеріп отыр. Бұл келісім бойынша Қазақстан өз үлесін мұнай салығы (корпоративті табыс салығы, жоғары табыс салығы, бонустар, экспортқа рента салығы, ПҚӨС (пайдалы қазбаларды өндіру салығы), жасалған келісімшарттар бойынша өнімді бөлудегі Қазақстанның үлесі және т.б.) түрінде алады.
Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің отыздығын мұнай секторының өкілдері құрайды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша мұнай компаниялары мемлекет қазынасын 3,73 трлн теңге салық және басқа да міндетті төлемдермен толтырған (бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,14%-ға аз).
Ал, енді «қара күнде» қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған Ұлттық қорымызға өткен жылы қанша қаржы түскенін қарайық. 2015 жылдың желтоқсанында мұнай секторының тікелей салықтары 1,5 трлн теңгені құрады. Салыстыра қарасақ, 2014 жылғы 1 желтоқсанда 3,3 трлн теңге болған, яғни, бір жыл ішінде түсімдер екі еседен аса азайған. Осылайша, қазынамызға өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тікелей мұнай салықтары 1,8 трлн теңгеге аз түскен.
Мысал келтірсек, корпоративті табыс салығы 505 млрд теңгені құраса (салыстырып қарасақ: 2014 ж. – 1,2 трлн, 2013 ж. – 1,1 трлн), жоғары табыс салығы – 55,7 млрд теңгені құрады (2014 ж. - 81 млрд, 2013 ж. – 158,5 млрд).
ЕГЕР 25 БОЛСА ШЕ?
Салық төлемдерінің көп бөлігі дәстүр бойынша «Теңізшевройл» ЖШС үлесіне келеді. Компания салық төлемдері бойынша Қазақстанның басқа компанияларының көш алдында. ТШО-ның салықтың төлемдерінің жалпы сомасы 25.12.2015 күні 703,3 млрд теңгені құрады. Соның өзінде ТШО-дан түсетін салық көлемі 2014 жыл (1,5 трлн) және 2013 жылмен салыстырғанда (1,3 трлн) айтарлықтай төмен болады деуге болады.
2015 жылғы 25 желтоқсан жағдайында ҚМГ БӨ АҚ 16,1 млрд теңге мөлшерінде салық төлеген. Бұл өткен жылдан көп, алайда 2013 жылдан үш еседей аз. 2014 жылы ҚМГ БӨ салық төлемдері 13,1 млрд теңгені құраса, 2013 жылы 50,4 млрд теңге болды.
25 желтоқсанға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ қазынаға 20,3 млрд теңге салық төледі. 2014 жылы 32 млрд теңгеге жуық, 2013 жылы – 30,2 млрд.
ҚМГ ҰК АҚ 2015 жылғы 25 желтоқсан күні жағдайында қазынаны 4,6 млрд теңгемен толтырса, 2014 жылы 32 млрд теңгеге жуық, 2013 жылы 3,2 млрд.
ҚР Ұлттық қорына салықтар мен төлемдер төлеу бойынша өңірлер арасында Атырау облысының алда екені баршаға белгілі. Алайда биыл облысымыздан түсетін түсімдер бұрынғыға қарағанда 800 млрд-тан аса теңгеге аз болғалы тұр. 2015 жылдың қаңтар-қараша айларында өңірімізден түскен салықтық төлемдер 743,2 млрд теңгені құраған. Салыстыра қарасақ, 2014 жылдың осы кезеңінде 1,6 трлн теңге, 2013 жылы 1,4 трлн түскен.
Жаңа басталған жылы еліміздің экономикалық жағдайы қиын болады. Кейбір сарапшылар мұнайдың бір баррелі 25 долларға дейін төмендейді деп болжам жасауда. Мысалы, Сауд Арабиясының 2016 жылғы бюджеті бір баррельге $29 есебімен жасалған. Біздікі бұған қарағанда оптимистік тұрғыда құрылған – бір баррельге $40 доллармен есептелген. Қалай болғанда да, республикалық бюджетке дотация бөлетін Ұлттық қор тек мұнай арқылы ғана толады. Ал егер қара алтынның бағасы $30-дан төмен түссе, бар сенген ҚОР-ғаушымыз құтқара алмайтын болар.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА