«АЖ» Жаңа жыл қарсаңында 2016 жылға экономикалық және саяси болжам беру өтінішімен танымал сарапшыларға жүгінді.
«ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК БАҒАСЫ БОЙЫНША 13-14 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ КЕЗГЕ ОРАЛАМЫЗ»
Танымал экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ (суретте) болжам жасаудан тартынып, бірақ экономикалық ахуал бойынша шамамен сценарий берді. Оның айтуынша, ел экономикасына қазір екі негізгі фактор әсер етеді: мұнай бағасы және Ресейдегі ахуал.
«Мұнай бойынша нарық бірінші тоқсанда бағаның құлдырауын күтіп отыр. Содан кейін екінші тоқсанда 30 доллар шамасында тұрақтанып, ал әрі қарай біртіндеп жыл аяғына қарай 50-60-қа дейін көтерілуі мүмкін. Мәселе мынада, бірінші жартыжылдықта мұнай өндіру артып, ал сұраныс тұрақтанады немесе құлдырайтын болады. Екінші жартыжылдықта біртіндеп мұнай өндіру қысқара бастайды, бұл бағаның кері серпілуіне әкелуі тиіс. Егер бұл үрдіс жалғасса, онда 2017-2018 жылдары мұнай бағасы 70-80-ге дейін көтеріледі деп күтуге болады.
Егер мұнай бағасы 30-ға дейін құлдыраса, онда ресейлік рубль бір долларға 75-80-ге дейін, бәлкім жетуі немесе одан сәл жоғары болуы мүмкін. Бір баррельдің бағасы 30 доллар болған кезде Ресейдегі бүкіл кеніштер залалды болады. Бұл бюджет ахуалын нашарлатады.
Бізде де осындай көрініс, ал рубль құлдыраған жағдайда теңге де құлдырайды. Мұнда мемлекет 1 рубльге – 5 теңге арасалмағын ұстану керек деген жаңсақ дәйекті өзі бекітіп қойды. Енді бұл кем дегенде таяудағы жыл бойына бағам бойынша жай-күйді белгілейтін болады. Егер рубль 80-ге дейін жетсе, онда бәрі бір долларға 400 теңге бағамға бет түзейтін болады.
2016 жыл елден валютаның таза жылыстауы артатындығы үшін де ауыр болады. 2015 жылы валютаның таза жылыстауы 12-13 млрд доллар шамасын құрады, ал баррель үшін 30 доллар болғанда, 20-22 млрд шамасын құрайды. Сондықтан дағдарысқа қарсы әсер ету шаралары күшеймейді, ресми статистика өсім көрсетсе де, экономика әрі қарай құлдырай береді.
Елден валюта жылыстағанда актив бағалары төмендей береді, жылжымайтын мүлік бағалары түседі. Біз қазір 2004-2005 жылғы деңгейде тұрмыз, ал келер жылдың соңына қарай 2001-2002 жылдың деңгейіне дейін жетеміз. Жұмыспен қамту төмендейтін болады.
2016 жыл кейін біртіндеп көтерілетін экономикалық дағдарыстың түбі болуы мүмкін. Бірақ сыртқы саяси ахуал бұдан үлкен проблемаларға әкелмейтін болса ғана. Қазір әлемде жаһандану кері бағытқа дамуда, енді байланыстар бұзылып, процесстер аймақтандыру жағына қарай жүріп жатыр. Бұл әлемнің ірі экономикаларының ішінде келеңсіз процесстерді күшейтуі мүмкін. Демек, 2017 жылы да дағдарыс жалғасады деген сөз».
«БІР ЖЫЛДА «МҰНАЙ ИНЕСІНЕН» ҚҰТЫЛА АЛМА ЙДЫ»
Орталық Азиядағы демократияны дамыту жөніндегі қордың бас директоры, саяси ғылымдар кандидаты Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА
Өткен жылдың бағасы
«Өте қарама-қайшы жыл болды. Ол басталғанда біз президенттік сайлау кезінде елбасының рөлін ерекше белгілеп, Қазақстанның экономикалық жетістігін қызу талқыладық. Ал жыл аяғында осынау «табысты әрі қуатты» экономиканың күйреуі туралы айтудамыз. 2015 жыл Қазақстанда басқарушы топ жүргізген реформалар үшін лакмус қағазы болды.
Саяси тұрғыда біз қайтадан биліктікінен өзге пікірі барлармен күресудің жазалау әдістеріне қайта оралдық.Әлеуметтік салада да өзгерістер бар: негізгі субъектілердің – мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатын өзгертетін жаңа еңбек кодексі қабылданды. Мамандардың, заңгерлердің және кәсіподақ ұйымдары басшыларының пікірінше, жаңа заң қатысушыларға теңсіз құқық беріп отыр: мемлекетте – бейтарап мәртебе, қызметкерлер – құқықсыз деуге болады. Тек жұмыс берушілер ғана ұтады.
2016 жылға болжам
Теңге құлдырауын жалғастыра береді деп ойлаймын. Өйткені энергетикалық, экономикалық сектордан басқа ұлттық валютаны «ұстай» алуы мүмкін өзге салалар дамымаған. АҚШ сенаты мұнай экспортына эмбаргоны жою туралы шешім қабылдады. Бұл елде қазір қызу қарқынмен мұнай өндіру артуда. Бұл тек құлдырай беретін бағаға одан да көп әсер етері сөзсіз. Сондықтан экономикалық тұрғыда Қазақстанда келесі жылы әзірге көңіл жұбатарлық нәрсе болмайды.
Келесі жылы «мұнай инесіне» қатты кіріптар болмас үшін экономиканы қалай реформалау керек дегенді талқылаумен болады. Біз қазір ішімдікке немесе басқа зиянды нәрселерге тәуелді, енді ол осы ресурссыз қалуы мүмкін адамға ұқсаймыз. Мұндай жағдайда тек бір жол ғана бар – кіріптарлықтан құтылып, экономиканы әртараптандыру керек. Бірақ, біріншіден, бұған жоғалған көп жылдар қажет. Екіншіден, басқа саяси режим керек.
Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты – біріктіру қарқыны баяулап, әркім дағдарысты өзінше бастан өткереді деп ойлаймын. Әзірге мұнай бағасы құлдырап тұрған кезде, Ресейде де дағдарыстың болатындығы айқын. Алайда Мәскеу үшін бұл геосаяси жоба екенін ескерсек, қатысушы елдер арасындағы кездесулер бола береді, бірге тезірек жеңетіндігі туралы мәлімдемелер жасалады. Алайда біріктірудің көрнекі бөлігі іс жүзіндегіден басым болады.
Сыртқы саясатта – Ресей мен Батыстың тайталасы үдей түседі. Өзінің әлемдік мәртебесін (өте тиімсіз әдістермен) қалпына келтіруді мақсат еткен Мәскеу қалыптасқан бейбіт тыныштыққа өзгерістер енгізуге тырысып, халықаралық алаңда тайталасты күшейтетін болады. Бұл өзінің көпвекторлы саясатын сақтау тұрғысында Қазақстан үшін өте аз кеңістік қалдырады».
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА