Бұл оқиға 12 қарашада болған еді. Ираннан автокөліктен бастап, тұрмысқа қажетті тауарлар мен азық-түлік түрлерін тиеген кеме өзі діттеген Ақтау портына иек арта бере, Құрық порты маңында тоқтап қалды. 780 тонна шамасында жүк арқалаған су көлігінің алға басуына тулаған толқындар мүмкіндік бермесе, келіп тоқтаған жерінің тасты болуы кеменің астыңғы бөлігінің зақымдануына, тесілуіне әкеліп соқтырған. Иранның «Хазар Си Шиппинг Лайн» компаниясына тиесілі «Tiba» кемесін құтқару, ондағы тонналаған тауарлардың теңіз түбінде қалмауы үшін алғашында кеме қызметкерлері өздері әрекеттенгенмен, су көлігін құтқарудың оңай еместігіне көз жеткізіп, қазақстандық «Қазақтеңізкөлікфлот» ұлттық компаниясынан көмек сұрауға мәжбүр болады.
Қазіргі таңда желтоқсан айының алғашқы күндерінде басталған құтқару жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталған. Әрқайсысында 8 экипаж мүшесі бар екі буксир мен бір баржа жұмылдырылған.
Әйтсе де, Қазақстанда теңіздегі оқыс оқиғаларда, апатты жағдайларда құтқару қызметін ұйымдастыру, кеме мен кеме экипажына жәрдемдесетін қызмет ойдағыдай дәрежеде емес екен. Сол себепті ұлттық компания өкілдері теңізде кемелерді құтқару қызметін құру қажет» деп санайды.
– Жуырда Әзербайжанда теңіздегі кен орнында апатты жағдай болып, су қондырғысы өртеніп, сонда, тіпті, бірнеше адам қайтыс болды. Сол себепті, құтқару қызметін құрудың өте маңызды екенін айтқым келеді. Біз жақында теңіздегі мұнай кен орындарын игеруге дайындалып жатырмыз, демек, судағы кемелерді құтқару қызметінің қажеттілігі артады. «Қазақтеңізкөлікфлоты» сол қызметке барынша жәрдемдесуге, қалыптасуына атсалысуға дайын. Бізде қажетті маман да, құрал-жабдық та, кемелер де дайын, – дейді «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық компаниясы бас директорының кеңесшісі Қ.Есетов.
Дереккөз: egemen.kz