12-13 желтоқсанда «Жайық» ДСК-нде Тәуелсіздік күніне арналған Атырау облысы әкімінің жүлдесіне карате-додан республикалық ашық турнир өтті. Турнирге атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі, Азия Ойындарының жүлдегері Шаттық ҚАЖЫМҰҚАН қонақ ретінде келді. Біз аңыз адамның ұрпағын әңгімеге тарттық.
- Шаттық, күш атасы – Қажымұқан туралы ұрпағы ретінде не айтасыз?
- Атам Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы — Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Ол бар өмірін күрес өнеріне арнап, қазақ елін, қазақ халқын бірінші болып өзге жұртқа танытқан ер. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Ол теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды мықтылармен қатар жүрді, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды жеңді. Баршаңыз білесіздер, атамыз боз кілемге әр түрлі лақап аттармен шыққан. Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный», «Қара Мұстафа» сияқты лақап есімдері болған. Ал қажы атағы 1911 жылы Стамбұлға барған сапарынан кейін қосарланды. Сол кезеңде әлемде түрік палуандарынан мықты палуандар жоқ сияқты көрінетіндігі соншалық, ол жаққа Еуропа палуандары аяқ баспайтын-ды. Қажымұқан өзі түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буады. Бұл жерде барлық мықты деген түрік палуандарын жеңген атамызға түрік сұлтанының өзі келіп, мұсылман екенін білген соң, бірге қажылық жасауды ұсынады. Осыдан бастап атамыз Қажымұқан атанған екен.
«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ: Шаттық Айдарханұлы Қажымұқан, 37 жаста, карате-додан 15 дүркін ҚР чемпионы, Азия Ойындарының екі дүркін жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Оңтүстік Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы
- Лақап ат демекші, естуімше, сіз де спорттық ғұмырыңыздың басында басқа атпен шыққан екенсіз…
- Иә, ол рас. Бұл туралы әңгімемді алыстан бастайын. Қажымұқан атамыздың Бәтима (поляк қызы Надежда Чепковская), Ырысты, Мінайым, Бибіжан деген төрт әйелі болған. Мен Мінайымның Айдархан деген ұлының баласымын. Әкем анаммен бала күнімде ажырасып, әкесіз өстім. Анам әкем туралы көп айтпайтын. Жарыстарға анамның тегімен Елеусінов болып шығып жүрдім. Алайда ер жете келе адамдардан кім екенімді естідім. Бұл кезде әкем қайтыс болған еді. Мені оның інісі тауып алды. Осылайша 2001 жылы барлық қажетті құжаттарды жинап, сот арқылы тегімді өзгертіп, Шаттық Қажымұқан атандым. Осы атпен 2002 жылы Азия ойындарына қатысып, күміс медаль иелендім.
- Қажымұқан алып күш иесі, палуан ғана емес, оның өлең-ән шығаратын сал-серілігі де болған. Сіздің бойыңызда немесе басқа ұрпақтарының бойында осындай қасиеттер бар ма?
- Иә, атамыздың өлең жазып, ән шырқайтын өнері де болған. Жүрген жері той-думан болған деседі. Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы сал-серісі. Бабамыздың бұл қасиеттері 4-әйелі Бибіжанның Жанәбіл деген баласының ұлы, әнші-сазгер Бақытжан Қажымұқановтың бойына дарыса керек. Ол республиканың үлкен сахналарына шығып жүрген, елімізге белгілі өнер қайраткері.
Ал өзіме келсем, Қажымұқан ұрпақтарының ішінде спорт жолына түскен, елеулі нәтижелер көрсетіп жүрген жалғыз мен екенмін. Әкем де күрескен, алайда облыстық деңгейден аспаған. Спортта осындай жетістікке жетуіме аңыз атамның қанмен берілген күш-қуаты зор үлесін қосқаны сөзсіз. Бойымнан таусылмас қуат байқаймын. Алайда өмірімдегі өз шыңыма атамның атағымен емес, өзімнің еңбекқорлығым мен ерік-жігерімнің арқасында жеттім деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Қайырбек САНСЫЗБАЕВ
Суретті түсірген автор