«Жиһаз жасау мен кәдімгі үтіктің бір-біріне қандай қатысы бар?» - деп Атыраудағы жиһаз фирмаларының бірінің директоры ойландырып тастады. Шындығын айтқанда, балға жоқ болса, шегені үтікпен қаға қоюға болады дегеннен басқа ойыма ештеңе келмеді. Ал жиһаз жасаушы жергілікті шеберлердің тапсырысқа арзан жиһазды бірнеше құралдардың: бұрауыштың, балғаның, бұрғының және жұқа араның көмегімен ғана жасап шығаратынын әңгімелеп берді.
Әрине, мұның бәрін қалай құрастыру керектігін білу міндетті. Дайындамайды, құрастырып шығарады. Дүние жүзінде түрлі табиғи катаклизмдер, саяси төңкерістер мен тағы басқа жайттар орын алып жатқанда, кішкентай Атырауда жиһаз жасайтын фирмалық дүкендер мен сол жиһазды өз қолдарымен жасайтын олардың шебер әріптестерінің өзара бәсекелестікке түскендеріне бірнеше жыл болды. Шеберлердің бұйымдары арзан болғандықтан қала тұрғындарының мол сұранысына ие. Сіздің подъезіңізге тегін жеткізіп тастайтын жиһаздың сапасына келер болсақ... Дегенмен, осы және өндірісте жасалған асүй жиһазын қалай айыруға болатыны туралы Марат ЕЛЕУСІНОВ әңгімелеп берді.
– Фирмада жасалатын және қолдан жасалған жиһаз материалдары түрлі бола ма?
– Жоқ. Олар бірдей материалдан дайындалады. Жиһаз корпусы бәрінде ламинатталған ағаш-жоңқа тақтасынан жасалады. Оны зауыттарда ыстықтай нығыздау жолымен дайындайды. Қасбетін әдетте ұсақ-шашыранды фракциялардан жасайды. Ол түрлі пропорцияда қарағай мен көктеректен жасалады. Бұлардың барлығы Атырауға Украинадан, Польшадан және Ресейден әкелінеді.
– Ендеше айырмашылық қандай?
– Жиегінде, фурнитурасында, сапасында және жалпы келбетінде. Мәселен, жиегін алып қарайық. Ол ПВХ полимерлі жабыннан тұрады және (200 градус) температура мен жоғарғы қысымның әсерімен материалдың бұрыштары мен ағаштардың бетіне арнайы желіммен жапсырылады. Мұны тек станокта ғана жасауға болады. Бұл станок шеберде бар деп ойлайсыз ба? Олар жиек үшін қағаз «меламинка» пайдаланады. Оны көлікжай ішінде, ауызға темекіні қыстырып қойып, бір қолыңа үтік алып, екінші қолыңа детальды ұстап тұрып, жапсыруға болады. Мұндай жиектің сапасыз екендігін, тырнағыңа ілінсе болғаны сынып, қабыршақтанып түсіп қалатынын айтып жатудың қажеті шамалы шығар.
Жиһаздың қандай станоктарда дайындалатынын білу маңызды. Қымбат тұратын арнайы станоктарда ғана тегістеп, сапалы түрде арамен кесуге, детальдарға жиекті мұқият жапсыруға, қажетті жерлерге фурнитуралар үшін саңылауларды бұрғылап тесуге болады.
Жиһаздың сапасын білудің тағы бір тәсілі – фурнитура арқылы анықтау. Қолдан жасалған жиһаздарға, әдетте, тез сынып қалатын арзан пластик тұтқалар қондырылатыны құпия емес. Айта кетелік, есік топсалары белгілі бір уақыт өткеннен кейін істен шығады. Сол кезде асүй гарнитурының басыңызға түсіп кету қаупі төнеді. Сапалы жиһаздың фурнитурасы болаттан жасалады. Көбінесе австриялық және неміс өндірушілерінің материалдары пайдаланылады.
– Қолдан жасалған жиһаз бағасының фирмалық жиһаздан айырмашылығы көп пе?
– Егер, мәселен, Привокзальныйда эконом-кластағы шағын асүй гарнитурына тапсырыс берілсе, оның бағасы 50 мың теңгедей болады. Ал бізде – 75 мың теңге. Көбінесе бізге сол жерде жасалған жиһазды жөндеу өтінішімен сатып алушылар көп келеді. Біз жөндеуден бас тартамыз. Бұл жиһазды қалпына келтіру мүмкін емес. Дұрыс жиһаз сатып алса, кем дегенде бір жыл кепілдігі бар болатын еді.
Кейбір шеберханалар жеке кәсіпкерлік деп тіркеліп, мектеп, балабақшалар үшін мемлекеттік сатылымдар конкурсына қатысатыны ашуымды келтіреді. Ең сұмдығы – төмен баға ұсынғандықтан олар ұтып алады, - дейді Марат Орынбайұлы. – Ал сапасы ше? Тиістілік сертификаты қайда? Осы қағазды алу үшін Ақтөбеден маман шақырып, жиһаз сатып алушының денсаулығына нұқсан келтірмес үшін экологиялық комиссия мен СЭС-тің қорытындысын алуға тура келеді.
Менің білуімше, Атырауда шынымен де сапалы жиһаз ұсынатын бар болғаны бірнеше фирма ғана бар. Ал қалғандары – сатып алушының назар аударуына да тұрмайды. Бағасына келер болсақ, орташа сатып алушы үшін олар қолжетімді. Оның үстіне, арзанның тұзы татымас және сараң екі рет шығындалар деген көне мақалдарды ұмытпаған жөн.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор