Атырау, 28 қараша 12:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

М.Телібеков жалауын көтеріп жүрген ұйымдар ешқайда тіркелмеген - Дін істері комитеті

2 385 просмотра

Image 0Фото: headline.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен «Дін саласындағы өзекті мәселелерді жариялау жөніндегі ақпараттық жұмыстың қағидалары мен басымдықтары» атты дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг барысында дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин дінге қатысты кез келген ресми ақпаратты комитет пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзырындағы қызметкерлер бере алатынын мәлім етті.

«Дін істері комитеті қоғам үшін, журналистер үшін ашық екенін айтқым келеді. Журналистерге қандай көмек бере аламыз? Бұқаралық ақпарат құралдары сюжет жасауға, журналистік зерттеу жүргізуге, репортаж жасауға мүдделі болса, біз, дін істері комитеті, мемлекеттік құпияға жатпайтын кез келген ақпаратты ұсына аламыз. Дінтанушылар мен сарапшыларды ұсына аламыз. Мысалы, теріс діни ағымнан зардап шеккен азаматтарды, тіпті сотталған азаматтарды сұхбатқа тартып бере аламыз. Өйткені, ол қоғамға ой салатын еді», - дей келе комитет төрағасы журналистерге ұсыныс-пікірлерін айтуға дайын екенін жеткізді.

«Дінге қатысты шулы мәлімдемелер туралы тек діни басқармадан пікір алу керек. БАҚ туралы заңға сәйкес, олар міндетті түрде ақпарат беруі керек. Осындай мәлімдемелер айтылса, журналистер бірден Телібековке (өзін «Қазақстан Мұсылмандар одағы» деген ұйымның төрағасымын деп таныстыратын Мұрат Телібеков) жүгінеді. Телібеков жалауын көтеріп жүрген ұйымдар ешқайда тіркелмеген», - деп мәлім етті Ғ.Шойкин.

Бұл ретте, комитет төрағасы дін тақырыбына қалам тартып, сюжет жасайтын журналистерді бірнеше терминнен аулақ болуға шақырды.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында дін мәселесі көп жазылады және діни терминдер көп қолданылады. Мысалы, «жиһадшы», «шейіт» деген терминдер. Бірақ, өкінішке қарай, журналистердің өздері де, оқырман мен көрермен де бұл сөздердің қандай мағына беретінін білмей жатады. Мысалы, террорист мешітке барып, өз өзін жарып жіберсе, БАҚ-та «Жиһадшы мешітте өзін жарып жіберді» деген тақырыппен жаңалық шығады. Бірақ, ол жиһадшы емес, ол қылмыскер, ол террорист. Жиһадшы мен шейіт дегеннің діндегі мағынасы мүлде бөлек. Ислам дініндегі шейіт болған адам - өмірін дінге арнаған, Отанына қызмет еткен, Отанын жаудан қорғап, төтенше жағдайда ерлік көрсетіп, өзгелер үшін өз өмірін құрбан еткен адам. Ал, қазір біз өзін ғана емес, өзгелерді әдейі өлтіргендерді шейіт болды деп жүрміз. Сол сияқты, «исламшы» деген сөз халықаралық сөздікте террорист те емес, жиһадшы да емес, «ислам дінін зерттеуші адам» деп қана көрсетілген», - деді сөзін түйіндей келе дін істері комитеті төрағасы.

Дереккөз: inform.kz

10 желтоқсан 2015, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.