Жайық-Каспий облысаралық бассейндік басқармасының балық инспекциясында мекеме ішіндегі күрес жалғасуда. Бұл жолы инспекторлар тобы шаруашылық субъектілері тарапынан қара балықты бақылаусыз көп аулағандығы және оған өз басшылықтарының қолдау танытқандығын мәлімдеді.
Редакцияға балық қорғау инспекциясының Исатай бөлімшесінің жетекші және бас маманы Бауыржан БИМУРЗИН және Қайыржан МАҚАШЕВ, сондай-ақ, бақылау-инспекциялық жұмыстар бөлімінің аға маманы Владимир МИРОНОВ хабарласты. Олардың айтуынша, бұл даудың туындауына мына жайттар себеп болған.
Қыркүйек айының аяғы қазанның басында бұл инспекторлар қаржы полициясы, орман және аң шаруашылығы басқармасының және «Ақ жайық» резерваты өкілдерімен бірге жүргізілген рейд кезінде алты балық аулайтын қайықты ұстаған. Қайықтар «Атыраубалыққа», сондай-ақ, «Восток», «Амангелді», «Қызыл балық» ЖШС және «Ракуша» ӨК-не тиесілі болып шыққан.
Олар балық аулауға тыйым салынған резерват аумағынан балық аулаған және олардың бірде-біреуінде ауланған балықтарды тіркейтін журналдары болмаған. Бұл балық инспекторы мен «звеношының» және балық қабылдаушының қолы қойылған ресми құжат болып табылады, оған квота бойынша белгіленген мөлшерде ауланған балық көлемі тіркеледі. «Балықшыларда мұндай журналдардың болмай қалуы оларда жиі кездеседі,-деп есептейді Бимурзин. – Ал, бұл балықтың тонналап жасырын сатылғандығын білдіреді. Және бұл - рейд кезінде балықшылар ұсталған аумаққа жауапты Дамбы балық қорғау инспекциясы қызметкерлерінің тарапынан бақылау болмағандығын көрсетеді.
Әрине, инспектор бұл мәлімдемесімен Американы ашқан жоқ. Балық саласында және құқық қорғау органдарына балықты Қазақстанның басқа қалалары мен шетелдерге қандай жолдармен және қандай көлемде жіберілетіндігі жақсы белгілі. Бүгінгі күндері балық сатып алушылар (отандық, ресейлік, тіпті, украиналықтар да бар) қолдарына таразыларын алып дәл осы журналда көрсетілмеген тауарды қолды қылады. Бұл жақсы дамыған бизнес түріне жатады. Ал әзірге әлсін-әлі биік мінбелерден балық саласында толық тәртіп орнатамыз деген құр уәделерді беруден жалыққан емес. Дегенмен, дауға қайта оралайық.
Барлық ұсталғандарға хаттама толтырылып, заң бұзушылық фактісі тіркелді, енді олардың қандай жауапкершілікке тартылатындығын сот шешетін болады. Алайда, Бимурзин, Мақашев және Мироновтардың айтуынша, барлық әкімшілік хаттамаларды олардың тікелей өз бастықтары Жайық-Каспий инспекциясының бастығы Амантай АЙЖІГІТОВ аумақ бойынша Дамбы балық қорғау инспекциясының бастығы Ибрай ЕСМҰРАТОВҚА бермекші болып шешкен, ал, ол болса, балықшыларды ұстауда заң бұзушылықтар жіберілген деген дәлелмен істі тоқтатпақ болған.
Инспекторлардың айтуынша, бұл жерде ешқандай аумақтық мәселе қозғалмауы керек, кім ұстады, сол рәсімдеп, табиғат қорғау прокуратурасы арқылы істі сотқа жолдауы керек. Нәтижесінде «АЖ» газетіне хабарласқан инспекторлар өз басшылықтары мен Дамбы балық қорғау инспекциясындағы әріптестерінің үстінен табиғат қорғау заңнамаларын бұзушылардың мүддесін қорғап отыр деген күдікпен астаналық жоғары құқық қорғау органдарына шағымданған. Бұл алты қайыққа қатысты орын алған оқиғадан басқа инспекторлар Астанаға жазған хаттарында мына бір қызықты фактіні келтірген. Қыркүйек айының басында Исатай ауданы балық қорғау инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Қалаубай ҚҰЛҰШЕВ Айжігітовке Исатай ауданында браконьерлікпен Дамбы және Пешной поселкелерінің тұрғындары айналысып жатыр деген рапортын берген. Және қуатты моторлы қайықтардың көпшілігі Пешнойдағы қамыс арасына тығылған. Ал, бұл Дамбы бөлімшесіне қарайтын аумақ. «Осы рапорт негізінде ешқандай шара алынған жоқ»,-деп сендіреді инспекторлар.
Бұл жерде өзіңнің емес өзгенің кемшілігі көзге бірден ұрады деу орынды болар. Исатай ауданының Жанбай және Забурын поселкелерінің халқы браконьерлікпен айналысуды тоқтатты. Ал, Пешнойдағы қайықтар тұрағы туралы әңгіме шындыққа жанасады. Осы ауданға жасалған жазғы сапарларымыздың бірінде біздің фототілшіміз тізілген казанка және байда қайықтарын (жоғарыдағы сурет) суретке түсіріп алған еді. Адамдар болған жоқ, тұрақты үлкен бір ит күзетіп тұрды.
Үш инспектордың арызы назардан тыс қалмады. Балық инспекциясына ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі балық шаруашылығы комитетінен комиссия тексеруге келді. Іске қатысты барлық тұлғалардан жауап алған комиссия өз ісін аяқтап, қайта оралды. Әзірге олардың қандай шешімге келгені белгісіз. Алайда браконьерлік әлі де жалғасуда. Оған өз көзіміз де жетті, Махамбет ауданының Бесікті поселкесіне қарай келгенімізде бірнеше қайықтағы балықшылар торларын жинай бастады. Оларды қарсы бетте автокөліктер күтіп тұрды.
Амантай Айжігітовтің өзі бұл дауға қатысты былай деді: «Мен бұған баға бере алмаймын. Оны комиссия шешсін».
Лев ГУЗИКОВ
Суретті түсірген В. Истомин