Әлиев қиылысындағы бағдаршамдар құдды адамдар сияқты: көктемде нөсер жаңбыр болғанда өшіп қалса, жазда аптапқа шыдай алмады. Ал күзде олар үшін бақытсыздыққа сеп болған жол-көлік оқиғалары мен электр қуатына қатысты іркілістер маусымы басталды. Осының бәрін басынан кешірген бағдаршамдар тек дүйсенбіде ғана бағзы жұмысына кіріскендей.
Әлиев-Молдағұлов қиылысында бірнеше аптадан бері көпірге апаратын жол бойындағы 8 негізгі секция істен шығып, 6 жаяу жүргінші секциясы жұмыс істемей тұрды. Әлиев-Тайманов қиылысында 10 жаяу жүргінші секциялары бұзылған. Айтпақшы, екі қиылыста көлік ағымдары мен жаяу жүргіншілер қозғалысын 14-тен 19-ға дейін (!) бағдаршам реттейді.
Осы нысандарды орнатқан және биылғы жылдың қыркүйегіне дейін оларды өз балансында ұстаған «Атыраудорзнак» кәсіпорнының басшысы Николай БЕЛКИН осы көшедегі бағдаршамдардың ерекше осалдығы туралы пікірімді субъективті деп есептеді:
– Ол жердегі қозғалыс көп. Сондықтан кез-келген техника секілді кейде бағдаршамдардың әлдері келмей жатады. Бұл учаскелер әсіресе қауіпсіздік тұрғысынан күрделі. Қазір екі қиылыста да бағдаршамдардың бір бөлігі сол жерде жол-көлік оқиғасы орын алғандықтан істен шыққан. Жұмысты қаржыландыру тек сот айқындауынан кейін ғана жүзеге асуы мүмкін. Егер бағдаршамдарды қағып кеткен жүргізушілердің кінәсі дәлелденетін болса, оны қалпына келтіру соларға жүктеледі.
Бұл әңгіме қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы мен көлік жолдары бөліміне жіберілген редакция сауалына жауап келместен бір апта бұрын болған еді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ айтуынша, қаладағы барлық жұмыс істеп тұрған бағдаршам нысандары өздерінің құзырына беріліпті. Жауапта кінәлілердің табылғаны жазылған:
«Әлиев-Тайманов қиылысындағы бағдаршам нысаны контроллердің (электр энергиясының көбейіп кетуінен) істен шыққандықтан жұмыс істемей қалғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта контроллер ауыстырылды, бағдаршам нысаны жұмыс жасап тұр. Әлиев-Молдағұлова қиылысындағы бағдаршам нысанына келсек, оның жол-көлік оқиғасы кезінде істен шыққанын, бүгінде оқиғаға кінәліге қатысты барлық материалдар келтірілген материалдық зиянды өтеу үшін сот инстанцияларына жіберілгенін хабарлаймыз».
Алайда, хатта хабарланғандай, қалалық ТКШ сот шешімін күтпестен «Атыраудорзнак» ЖШС-не қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге әзірге өз қаржысы есебінен тапсырыс берген. Әрине, әрі қарай ол ақшаны сол жол-көлік оқиғасына кінәліден талап етеді.
Зиян сомасының мөлшері, Белкин айтқан мәліметтер бойынша, сол қиылыстардағы 1 жарық диодты бағдаршамның бағасы орташа есеппен алғанда 1,5 мың доллардай құрайды, контроллердің бағасы – 2 мың доллардан басталады, оған тағанын орнату, іске қосу жұмыстарын қосыңыз... «Қораға кірді» деген сол.
– Қаладағы қозғалысы көп, бағдаршамдарға мұқтаж осы қала қиылыстарына жаңа бағдаршамдарды орнату жоспарланған ба?
– Иә, бюджеттен 2012 жылға қаржы бөлу кезінде бөлім жаңа бағдаршамдарды орнатуға жобалау-сметалық құжаттарын дайындауды жоспарлап отыр. Бірінші кезекте орнатылуы қажет көшелер мен қиылыстардың саны мен тізімі бюджетті белгілеу кезінде Атырау облыстық ІІД ЖПБ-мен мақұлданатын болады.
– Бұл сондай қымбат тұратын жабдық. Оның қорғалмағаны қызық екен. Тіпті, ең болмағанда біздің жүйелерде жиі орын алып тұратын электр энергиясының құбылуы секілді жайттардан да қорғалмағаны ғой.
– Кернеуді тұрақтандырғыш стандартты бағдаршам жиынтығына кірмейді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген В. Истомин