– Сәтбаев даңғылы бойында ешқандай белгі және жол ортасындағы «зебра» жолақ таңбасы жоқ жаяу жүргіншілер өткелі аз емес. Ол әсіресе, «Атырау» сауда-ойын сауық орталығы мен мешіт ауданында байқалады. Өтетін жер мен түсетін жерлер жаяу аймақта қаралған, алайда, дегенмен «жаяу жүргінші өткелі» екендігін білдіретін ешқандай белгі қойылмаған. Жүргінші жолды жүгіріп өткен жаяу жүргіншілер белгілерге аса көп мән бермей апатты жағдайлар туғызады. Бұған қатысты қандай шара алынбақшы?
Ж. Жантасов, автоәуесқой
Атырау облысы бойынша ІІД жол полициясы басқармасының бастығы Берік АМАНГЕЛДІНІҢ айтуынша, бүгінгі күні Сәтбаев даңғылы бойында бірнеше заңсыз жаяу жүргінші өткелдері бар. Оларға жаяу жүргіншілерге өтуге рұқсат беретін жол белгілері мен жол таңбалары қойылмаған. Сол себепті ол жерлерден өтуге қатаң тыйым салынған. ЖКО-ның алдын алу үшін жол полициясының басқармасы қалалық әкімдікке жаяулар жүретін тұсты қоршаулардың көмегімен жабу қажеттілігі жөнінде ұйғарым жолдаған болатын.