Атырау, 9 желтоқсан 22:05
 ашықВ Атырау -7
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Даланың Джокондасы

3 421 просмотра

Индер ауданы «Есбол» ЖШС-нің малын бағып, малшы үйінің ажарын кіргізіп отырған Монализа ЕЛЕМЕСОВА деген  әйел бар. Ол әйгілі Леонардо Да Винчидің жұмбақ жымисты Мона Лизасындай болмағанымен, даланың қатал  тірлігін шырқ үйіре білген адам.

 

МОНА ЛИЗА  БІЗДІҢ ӨЗІМІЗДЕ ДЕ БАР

Қырдағы шабандардың бәрі бірдей осынау ұлы суретшінің жұмбақ жымисты әйелін біле бермес. Тіпті Леонарда  да Винчидің өзі де Джакондасының  аттасын алыс түкпірдегі Индердің қыстағынан кездестірем деп ойлап па?

- Алғаш кездескен адам естігенде таңырқайды. Әкем екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Сонда қасында тумадай болып кеткен орыс досы бар екен. Сол «Монализа деген қызым бар еді, жастай өліп кетті. Соның аты ұмытылмасын, мені де есіңе алып жүр, қызды болсаң Монализа деп қойшы» деп өтініш жасапты. Қан майданнан аман есен оралған әкем мен дүниеге келгенде досының тілегін орындаған ғой.

 

«ТЕРЕҢҚЫЗЫЛДА» 

«Тереңқызылға» қарай тартып келеміз. Дала түнеріп тұр. Қабағы қатулы күздің аумалы-төкпелі сәттері күннің шырайын қашырып жіберген. Мұндай кезде жылы жерден ыңғайлысы жоқ... Бірақ оған жағдай көтере ме, малшыда тіпті демалыс деген болған емес. Қыстақтың төбесі көрінді қарауытып. Әшейінде дүр еткен дыбысқа атойлап шығар иттердің легі жоқ, тым-тырыс. Үйде ешкім болмағаны ма, қора жаққа жалтақтай қарап есіктің тұтқасын тартқылағанмын. Есік ашыла кетті. Екі шелек тезек іргеде, одан әрі қазан, табақ жиналған үстел көрінді. Мұрныма бауырсақтың иісі келді. Шынымен де газ баллоны орнатылған плитада баданадай бауырсақтарды пісіріп жатқан Монализа апай мол денесімен бұрылып, жатырқамай жадырай қарсы алды. Демде көрпе жайылған бөлмеден бір шығарды.

 - Аман, саусыңдар ғой, ойбуй бауырсағым күйді, - деп келесі бөлмеге ұмтылды.

Үй суық, еденге төселген төсеніштен салқын ұрып тұрды. Бүрсең қаққан бізге қараған апай екі қазандыққа қиды үйіп тастады. Қып-қызыл шоқтардан кейін үй жылынып, пештің тұсы қыза бастады. Бір табақ бауырсақ та дайын болды. Өзі сөйлей жүріп, шәй қамына кіріскен Монализа апай банкілерді үстел үстіне қоя бастады. Біздің келген шаруамыз малшы өмірінің шынайы өмірін көрсету болатын.

 - Әлі таныс бола жатасыңдар, дұрысы ыстық шәй ішу, түстік те жақындап қалды. Бір кісі келсе қыр адамы дастарханын ала жүгіреді. Кісі үзіліп қалса ешкім келмей ме деп елеңдеп отырғанымыз. Шырағым-ау біз қазақпыз ғой, - дейді ол.

Қалың жүн киімдерді талғап киген Монализа апайға көмектесуге кірістік. Күздік салатты өзі жабады екен, дәмді. Бадана бауырсақ, шайқалған сары май, тарелка-тарелка буы бұрқыраған қуырдақтар үстелден орын алды. Салқын ет те келді. Дастархан үстін жайнатқан апай екі керосинкіні қатар қойды (керосинкі бензинмен жағылады. Л. Қ.). Көзімізден бұл-бұл ұшқан керосинкіден екі шәйнек орын алды. Бабына келіп бұққан қою шәйға беті алынбаған майлы сары сүтті қосып ішіп көрдің бе, керемет. Дастархан басына Монализаның ұлы Идиятолладан басқа жылқышы жігіт, мектеп жасындағы тағы екі бала келді.

- Қорада қи ойып жатыр, көршілер ғой. Қыс өткен жылғыдай ұзақ болып кете ме деген қам, -  дейді апай. 

Көмірді ұмытқан малшылар қимен-ақ қыстан шығады. Бірақ қидың жануы жақсы болғанымен шоқтары қып-қызыл болып ұзаққа жатпайды. Кешке қиды төпеткенімен түн ортасы болмай үй суытады.

 

МҰНДА ЕШКІМ ДЕМАЛМАЙДЫ

Монализа апаймен бірге қора жаққа бет алғанбыз. Күздің қара суығы өңменіңнен өтеді. Екіленген желдің салқыны қойны-қонышымызды аралай бастады. Ерніміз көгеріп, денем дірдек қақты. Үйден шықпай жатып әлсіздік білдіргім келмегенімен, апай біліп қойды. Алпысты алқымдаған Монализа апайдың қимылы ерен. Демде шөп бумасын домалатып аула басына жеткізді.

- Былтыр шөп болмай мал қырылып қалды ғой. Биыл «Есбол» ЖШС әр қыстаққа екі жүз орамнан шөп түсіріп берген. Егер мал далаға шықпай, қолға қарап қалса әрі кетсе он бес күнге жетеді. Сондықтан қосымша мал азығы қажет. Былтырғыдан шөп сапасы жақсырақ болғанымен орамдардың салмағы төмен. Өзім-ақ 300 кг орамды көтеріп жүре беремін. Барға қанағат қайтеміз, - дейді шөптерді астауға сала бастаған апай.

Екі бұзаудан басқа мал далада жайылыста. Бұларды сүт үшін аулаға қалдырады екен. Екі күнде бір суғарады. Малдың тезектерін жалпақ бас күрекпен демде жинап тастады. Идиятолла баяғыда малды далаға жайып кеткен. Айналада малға ішер су жоқ. сонау сегіз шақырым жердегі құдықтан суғарады. Ал ауыз суды водовозбен серік-тестік тасып тұр.

- Қара суық түспей тұрып жайлаудан көшіп келісімен аула, қорамыздың айналасын реттеп қойғанбыз. Көмекші жоқ, балам Идиятолла екеуміз-ақ, - дейді Монализа апай.

 

МАЛШЫНЫҢ ӨМІРІ ТҰТАС БІР ЕҢБЕК АПТАСЫ

Үйге қайта келгенде сағат тілі төрттен асып бара жатқан. Апай қазандыққа қиды тастай, ас қамына кірісті.

- Етті пісіріп қатырып тастаймын, екі, үш күндігін бір. Газ жоқ қой, от жаққанда қазандық үстіне қойсаң шайнекпен бірге қайнайды.  Таңертеңнен кешке дейін мігір таппайсың ғой. Мал жайғау, үйдің тірлігі. Қыста малдың тезегін аласың, арық-тұрық малдарды бөлек күтесің, шөп тастайсың, қора тазалайсың жұмыс екі, үш есеге көбейеді. Сиыр сауу, отың, келімді-кетімді кісің тағы бар. Жолаушыны танымасаң да қырын қабақ таныту әдетімде жоқ және күнбе-күнгі тірлік осы. Жастар мезі болады, ал қарттар үйренген, - дейді апай.

Монализа қарап отырған емес, тек кешке қолдары босайды. Қараңғы ерте түседі. Қыстақта жарық жоқ, движокты іске қосып теледидар жаңалығын тыңдайды. Радио тұр саңқылдап.

- Еңбек демалысын алып көрдіңіз бе?

- Өйбуй, шырағым-ау, малшыда демалыс қайдан болсын. Малға малдай кісі керек. Ара- тұра кісі тастап, ағайындардың тойына барасың, онда да қылпылдап отырғаның. Ал былайғы қыдырыс деген жоқ қой. Отыз төрт жылдан бері демалып көрмегенмін. Ал қолымдағы балам Идиятолла жетінші кластан кейін оқымады. Себебі, ауырдым. Малға кісі керек болды, басқа балалар ертерек өз алдарына жұмыс жасап кеткесін қозғағым келмеді, - дейді апай.

 

«ҚЫСТАҚСЫЗ ӨМІРДІ ЕЛЕСТЕТЕ АЛМАЙМЫН»

Малшыда проблема деген жетерлік. Серіктестіктен тірі ақша алып көрген емес, себебі азық түлік, ауыз су, басқа да керек жарақтар соның есебінен шығып тұрады. Малшының дүкен аралап жүретін уақыты жоқ. ал бұл оларға үлкен көмек. Бірақ та мамандар сиреп бара жатыр. Серіктестікте мал дәрігері жоқ. биыл қойдың да, қозының да күзем жүні алынбады, мал арасында қотыр бар. Жүні алынбаған қой, қозының күйі де кетеді. Осыны апай мұңдана жеткізді. Қасқыр деген ауланған емес бірнеше жылдан. Ұлы екеуі түнімен далаға шығып иттерді айтақтап қояды. Биыл қасқыр көп, түз тағысы құтырып тұр. Тіпті талтүсте ауладағы малды тамақтап кетуде.

 Бізге балалар жан жақтан көмектесіп тұрады. Ондай көмектен ада адамға тек малмен отыру мүмкін емес. Кез келген уақытта мал сата алмайсың. Мал бәсі көтерілгенімен шөп мен жем бағасы аспандап кетті. Су болмағасын жер де тозады. Бір сөзбен айтқанда бейнеті көп, мігір көрмей малдың соңында салпақтап жүру төзімділікті қажет етеді. Қазір мал бағып отырғандар бұрынғы малшының ұрпақтары. олар болмаса малды кім бағады, білмеймін дейді Монализа апай.

 - Орталыққа көшкіңіз келе ме?

- Көшуді де ойлаймыз, үй салғымыз келеді. Бір жағынан қырсыз қалай болатынын елестете алмаймын.

Кеш түспей кейін қайттық. Себебі алдымызда ұзақ жол бар еді. Бейнеті мен зейнеті қатар жүретін малшы отбасындағы аз уақыт осылайша зырылдап өте шықты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суретті түсірген автор

16 қараша 2011, 19:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.