Бір жыл бұрын ғана Ресей, Украина, Белоруссия және өзге елдерден келетін мамандар үшін Қазақстан оңтайлы экономикалық орта саналатын деп жазады Deutsche Welle. Ал бүгінде теңге девальвациясынан қашқан шетелдік мамандар Қазақстаннан кетіп жатыр.
Бұл туралы “Законға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Шетелдік білікті мамандардың еліміздің бизнесіне тартылуына жоғары жалақы себеп болатын. Шетелдік орташа буын мамандарының ең төменгі жалақысы (теңгеден долларға шаққанда) 2 мың долларды құрайтын.
Алайда соңғы үш айда жағдай өзгеріп, жалақы деңгейі доллармен шаққанда түсіп кетті. Өз есімін құпия сақтауды қалаған еліміздегі шетелдік мамандар DW-ге сұхбат беріп, өз отандарына қайтуға ниетті екендерін айтқан. Басты себеп – теңгемен алатын жалақыларының құнсыз болып қалуы.
“Қазақстанда жалақының екі есеге құнсыздануы біздің Қазақстанға келуіміздің басты себебін жоқ қылуда", – дейді Богдан.“Көп қиялдамай-ақ қойыңыздар: Қазақстанға келген шетелдіктердің дені ақша табуды көздейді. Өзге себеп болуы мүмкін емес", – дейді DW тілшісімен сұхбаттасқан Киевтің Богдан есімді программисі.
Қазақстанға Санкт-Петербургтен 2014 жылы келген Андрей де Богданның көзқарасына келісіп отыр.
Ол да теңге құлдырағаннан кейін Прагаға қайтып оралуды ойлап отырғанын жасырмады.“Мен Санкт-Петербург тумасымын. Алматыға дейін Ирландия мен Чехияда қызмет еттім. Мені мұнда автоны сатуды ұйымдастыру үшін шақырды. Бұл жерде жұмыс істеу ауырға түсуде. Түскі асты тұрғындар “қасиетті" санайтыны дұрыс емес. Клиент келгенде түскі асты қойып, оған қызмет көрсету керек. Ал Қазақстанда бұл ережені ешкімнің орындауына құлқы жоқ", – дейді Андрей.
Ал Донбасстан келген Степан болса, Қазақстандағы қиындықтарға қарамастан, отанына оралмайтынын айтуда.
“Бізде бейбітшілік орнаған деп айта алмаймын. 15 жыл бойы айналысып келген бизнесім үшін оралу тиімсіз. Донбасста әлі күнге дейін атыс болып жатса, кім көлік сатып алар дейсіз? Қазақстанда девальвациядан кейін жағдай керемет деп айтпаймын, бірақ тыныштық бар жерде өмір сүруге болады. Менің кетер жерім де жоқ. Украина үшін біз жатпыз. Ресей де бізге құшақ жая қоймайды. Ал Қазақстанда, әсіресе Алматыда сенің ұлтыңа қарап жатқан ешкім жоқ", – дейді Степан.
Дереккөз: nur.kz