AZATTYQ.ORG. "Сотталушы Тайшыбеков судья мен прокурордан ант беруді сұрады" - Жамбыл облысы Қордай аудандық сотында «ұлтаралық араздық тудырды» деп айыпталған 37 жастағы блогер Ермек Тайшыбековтің соты басталды. Блогерге қарсы қылмыстық істі Алматы тұрғыны Ботагөз Исаеваның «Facebook әлеуметтік желісіндегі Тайшыбековтің жазбалары ұлтаралық араздықты қоздырады деп санаймын» деген арызы негізінде ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қозғаған. Ботагөз Исаева сот процесіне де негізгі куәгер ретінде қатысты.
"Мәскеуге Алматы казактары атамандарын шақырмады" - Ресейдің халық бірлігі күні мерекесіне арналған шаралар кезінде Азаттықпен сөйлескен Қазақстандағы Ресей консулдығының өкілі Ирина Переверзева «Конгресс делегаттары тізіміне байырғы казак атамандары не себепті ілінбей қалған?» деген сұраққа жауап бермеді. Ол әлгі тізімді құрумен шетелде тұратын ресейлік отандастар кеңесі айналысқанын, сондықтан конгреске баратын қазақстандық делегаттардың есімі түгілі санын да білмейтінін айтады.
ZHASALASH.KZ. "Қатерлi жерде қаперсiз қалмайық" - Бұдан бес жыл бұрын АҚШ-тың қаржысына Алматыда биологиялық зертхана салатыны мәлiм болғанда ресейлiк сарапшылар шабына шоқ түскендей шоршыған. Ресейдiң стратегиялық зерттеулер институтының Орал аймақтық-ақпараттық сараптамалық орталығының директоры Дмитрий Попов былай деген: “Бұл зертхананы екi мақсатта пайдалануға болады. Ресей шекарасының шебiнде мұндай нысан салу Ресей мен Орталық Азия елдерiнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiредi".
"Сапырылысқан сапарлар сырына үңiлсек, не байқаймыз?" - Әлемнiң алпауыт елдерiнiң басшылары Қазақстанға жиi сапарлайтын болды. Соңғы бiр-екi айдағы сапарларды сараласақ, Астанаға Украина президентi Петр Порошенко, Ресей президентi Владимир Путин, жақында Жапония премьер-министрi Синдзо Абэ, ендi мiне, күнi кеше ғана АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Джон Керри келiп кеттi. Керридi қабылдаған күннiң ертесi президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға ресми сапармен ұшып кетiп, сол елдiң премьер-министрi Дэвид Кэмеронмен кездестi. Қайтар жолда Н.Назарбаев Францияға соғып, Франсуа Олландпен келiссөз жүргiзедi деп күтiлуде. Әлем елдерiнiң басшылары бiзге нелiктен келгiштеп кеттi? Керри мен Назарбаев жабық есiк жағдайында не туралы сөйлестi? Президент Ұлыбританияға не үшiн сапарлады? Бiз осы сұрақтарды саясаттану ғылымдарының кандидаты, “Тәуекелдердi бағалау тобының" жетекшiсi Досым СӘТБАЕВқа қойып көрдiк.
SERKE.ORG. "Рахат Әлиев тірі ме?" - Сондай қатал талапқа тумысынан мұсылман Рахат Әлиевтің қалайша көнгеніне Михаэль Лаубш таң қалды. Оның ойынша, Рахат Әлиев жай ғана асылып өле салмай, өзінің осы әрекеті арқылы басқаларға сес әлде қыр көрсеткісі келген, осы арқылы ол өлгеннен соң да өзінің билікқұмарлығын паш етіп отыр. Бірақ, Рахат Әлиевтің кім екенін білетін Вена тұрғындары оның мазарын көргенде кекесін білдіреді де, оны елеусіз қалдырады. Осыны есепке алсақ, Рахат Әлиев өзінің осы ісі арқылы Вена тұрғындарына немесе Еуропаға емес, алыстағы Қазақстанға «Ленин өлді, ісі оның өлген жоқ» деп айтылатын өлең жолдарындағыдай зор әсер қалдырғысы келген сияқты.
ABAI.KZ. "Ұлттық банк 100 тонна алтынды қайда жіберді?" - «Дүниежүзілік алтын қоры кеңесі» жүргізген арнайы мониторинг қорытындысы бойынша 20,5,65 тонна алтын қоры бойынша 24-позицияға жайғасқан. Ал 2010-жылы бұл тізімде Қазақстан 39-орында болған. Ал ҚР инвестиция және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, Қазақстан жыл сайын 22 тонна алтын сатып алады. Ал қойнауы алтынға бай Қазақстан дүниежүзі бойынша 5-орында бола тұра неліктен өзге мемлекеттен алтын сатып алады және неге әлемдегі алдыңғы қатарлы алтынды елге айналмайды? Ұлттық банк айтқандай қазіргі алтын қорымыз 115 тонна болса, қалған 100 тонна алтын қайда кетті?
"Ұлыбритания: "Ресей бізге өкіпелемесін"" - Соңғы екі айдың ішінде, Қытай төрағасы Си Цзинпин бастап, Ресей Президенті Владимир Путин, Жапония премьері Синдзо Абэ, АҚШ бас хатшысы Джон Керридің өзі келуіне қарағанда Қазақстан Орталық Азиядағы геосаяси айқастың негізгі ойыншысы екені түсінікті.
AIKYN.KZ. "Жаңа «Маршалл жобасы» кімге керек?" - ...АҚШ – ядролық держава. Әскери қуаты жөнінен оған тең келетін ешкім жоқ. Биылғы қорғаныс бюджетінің өзі 612 миллиард доллар. Осының өзі-ақ көп нәрседен хабар беріп тұрғаны анық. АҚШ-тың жалпақ әлемді жалпағынан басуға мүмкіндік беретін қырларын осылайша, тарқата беруге болады. Соның ішінде ең бастысы, экономикалық әлеуеті. Әзірге бұл салада АҚШ пен теңесетін ешкім жоқ. Жаһандық экономикада екінші орынға көтерілді деген Қытайдың өзі, АҚШ-тың жанында жіп есе алмайды. Оны мойындау керек. Сол экономикалық қуатын АҚШ тағы пайдалануға көшті. Ол – Транс Тынық мұхит аймағы әріптестігі, Трансеуроатланттық сауда һәм инвестициялық әріптестік деп аталатын жоба. Былайша айтқанда, бұл – жалпақ дүниені бір уысқа жинауға арналған жаңа «Маршалл жобасы».
ALASHAINASY.KZ. "Атаман Дутовтың көзін жойған Сүйдін операциясына қатысқан кімдер?" - 1919 жылы атаман Дутов пен атаман Анненковтың полковнигі Сидоровтың отряды Қалжатты басып алып, Қорғас пен Басқұншыға шабуыл жасайды. Оның ішінде Бұрхан ауылында (Лесновка ауылының жоғарғы жағында) түгелдей бала-шаға мен әйелдерді өртеп жібереді. Бандылар Саниндер, Богдановтар, Архиповтар, Устинавковалар отбасыларын қоса есептегенде 86 адамды айуандықпен өлтірген. Бұл кезде қазақ отбасылары қыстақтарда қашып тұрып жатқан болатын. Жаркент пен Пенжім арасында Сидоровтың ақ бандылары мен Мағазы Масаншы басқарған қызыл әскерлер полкінің қиян-кескі ұрысы болды. Бұған Жаркент гарнизонының әскерлері де қатысады. Сөйтіп, ақгвардияшыларды қызыл әскерлер Қорғасқа дейін қуып тастайды. Атаман Анненковтың қатыгез полковнигі Сидоровты Жаркент гарнизонының қызыл әскері – осы өлкенің тумасы Қасымхан Мырзамұхаметов атып өлтіреді.