Атырау, 23 қараша 16:28
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Нұржан тағы да Мәскеуге барады

3 315 просмотра

Ресейлік телеарналар Нұржан ӨРКЕШБАЕВ үшін өзара бақталастық танытуда. Ал біздің ғалымдардың беделді ғылыми конференцияларды ұйымдастырудан қолдары босамай жатыр.

Нұржан ресейлік «1 арнаның» «Пусть говорят» телехабарына қатысқаннан кейін бозбалаға ұсыныстар қардай борады. Ол түсірілімге түсу үшін Астанаға да барып үлгеріпті.

Ал өткен аптада Нұржанды НТВ арнасына «Говорим и показываем» деп аталатын ток-шоуға түсірілімге шақырып, танымал ресейлік пластикалық хирургтар Александра РАШЕЛЬ мен Цицино ШУРГАЯМЕН кездестіруге уәде берген. Телеарна өкілдерінің айтуынша, екі маман да Нұржанмен кездесу үшін сол күні өткізілетін бүкіл операцияны кейінге қалдырған және оған операция жасауға келісімдерін беріпті.

Бір қызығы, бір тәуліктен соң қас қарая Нұржанның әкесіне «1 арнадан» да хабарласқан. Бәсекелестерінің хабар дайындап жатқанын ол жақтағылар естіп, оған қатыспауларын табандап тұрып өтінген. Әкесінің айтуынша, «1 арна» Мәскеудегі пластикалық хирургпен байланысуға қол ұшын берген. Кешікпей, анализдері жақсы болған жағдайда Нұржанға бір немесе бірнеше операция жасаулары тиіс.

Ал өткен аптада, 11 қарашада Астанада регенеративті медицина және сапалы ұзақ өмір сүру жөнінде халықаралық ғылыми конференция өтті. Форумды Назарбаев университетінің бөлімшелерінің бірі - өмір туралы ғылыми орталық ұйымдастырған. Біздің әріптестеріміз шараға АҚШ-тан, Жапониядан, Ұлыбританиядан, Корея мен Ресейден ағзаны жасарту, адам қабілетін дамыту және т.б. мәселелермен айналысатын 40 шақты танымал ғалымдардың қатысқандығын хабарлады. Конференцияға қатысқан меймандардың бірі – жануарларды клондау бойынша әлемдегі тұңғыш сынақ - Долли қойын өмірге әкелу жобасына қатысушы эмбриолог Кейт КЭМПБЕЛЛ болды. Бір қызығы, конференция кезінде ғалымдар қартаюдың - ағзаның тозуы, бейімделуі, басқа сөзбен айтқанда, өлімге қарсы тұруы ғана емес екендігін айтты. Адам қоршаған ортаның зиянды факторларының әсерімен дүниеге келген сәттен бастап, өле өлгенше күреседі. Қалыпты қартаю кезінде бұл процесс 100-ден 120 жылға дейін, ал патологиялық уақыт кезінде әжептәуір қысқарады екен.

Сондай-ақ, конференцияға қатысушы, АҚШ-тағы Дьюк университетінің медицина және патология профессоры, геномдық медицина орталығының директоры, жеке медициналық орталықтың атқарушы директоры Джефри ГИНСБУРГ ерте қартаю синдромына шалдыққан Нұржан Өркешбаевты зерттеуге құлшыныс білдіріпті.

– Көптеген ғылыми түрде ашылған жаңалықтар әдетте қандай да болмасын сирек кездесетін құбылыстарға байланысты болады. Бәлкім, осындай құбылыстардың бірі ерте қартайған бала шалдыққан сырқат болуы мүмкін. Әрине, егер бізге мүмкіндік берілсе, бұл құбылыс біздің ғылыми зерттеуіміздің нысанына айналуы мүмкін, - депті Джефри Гинсбург, астаналық әріптес-журналистердің айтуынша.

Дүйсенбі күні мен Назарбаев университетінің өмір туралы ғылыми орталығымен хабарласқан едім. Ондағылар конференцияға қатысушылардың, соның ішінде, жоғарыда айтылып өткен Гинсбургтің де кетіп қалғандығын айтты.

– Оған Нұржанмен байланысу деректері берілген шығар, – деп жорамалдады PR-қызметіндегілер.

Бір қызығы, ұйымдастырушылар шараға Нұржанның өзін шақырмаған. Дегенмен, Нұржанның әкесі Жаңбырбайдың сұхбат кезінде Астанаға барған кезінде оған конференцияның болатындығын айтқаны есіне түсті. Ал сөз арасында ұлын Қазақстанда емдегенін қалайтындығын әлденеше рет айтты. Алайда, өз Отанында ерекше сырқатқа шалдыққан Нұржанның тағдырына алаңдаушылық білдіріп отырған жандар бәсекелестік білдіріп жатқан ресейлік телеарналардан да аз секілді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

14 қараша 2011, 23:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.