NUR.KZ. "Қазақ байлары мазар салудан қалай жарысады?" - Соңғы уақытта дүйім жұртты дүрліктіретін мәселенің бірі – өлген адамның басына қоятын мазардың түр-түрі. Тіпті тіршілікте жоқ туысына 3 қабатты сарай тұрғызып, оны арнайы адамдарға күзеткізіп, жуып-шаятын күтушілер жалдайтын байлардың ісінен молдалар жағаларын ұстап отыр.
AZATTYQ.ORG. "Түрмедегі әйелдердің бостандық жайлы армандары" - Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) ұйымының былтырғы есебінеқарағанда, Қазақстан түрмелерінде отырған 42 мыңнан астам адамның 3 мыңдайы – әйелдер. Елдегі алты түрмеде отырған бұл әйелдердің 40 пайыздан астамы – ұрлық және мүлікке байланысты қылмыспен, 30 пайызға жуығы – есірткіге қатысты қылмыспен, 20 пайыздан астамы адам өліміне қатысты қылмыспен сотталған.
"Бақыт Кенжеев: «Ресей империясының азаматымын»" - Алматыда өткен «Полифония» екінші халықаралық әдеби фестивалі қонақтары арасында кезінде СССР-ден Канадаға эмиграцияға кеткен ақын әрі жазушы Бақыт Кенжеев те болды. Тегі қазақ орыс ақыны Азаттыққа сұхбатында Ресей-Украина жанжалына қатысты көзқарасын айтты.
ZHASALASH.KZ. "Бюджеттiң жыртығын халық қаржысымен жамамақ" - Келiмбетов активтер құрылыс жобаларына салынатынын айтты. Бiрақ бұл қандай құрылыс жобалары? Мемлекеттiкi ме, әлде жеке сектордiкi ме? Жалпы, бұл iске асатын нәрсе ме, жоқ па? Екiншiден, бұл құрылыс жобаларын неге банктер арқылы қаржыландыру көзделiп отыр? Ұзын-сонар тiзбектiң соңындағы құрылыс нысанына жеткенге дейiн ақшаның талан-таражға түсу қаупi және бар.
ULT.KZ. "Қазақ хандығының мерейтойы — Еуропа жүрегінде" - Парижден 250 шақырым шалғай жатқан Каталаун деген жер бар. Сол ескі қалаға да жол түскен. Кешегі тарихи аймақта Батыс Рим империясымен Ғұн қағандығының арасында шайқас болған. Каталаун даласындағы ұрыс әргі-бергі тарихтағы ең ірі, ең атақты шайқас болған. Міне, осының бәрін көзбен көріп, жүрекпен сезінгенге не жетсін?! Ал, енді сол атаулы шақта Францияда, Елисей төрінде бірге болған азаматтар жиналып, ақылдаса келе, биыл да Еуропада Көк Түрік рухының асқақтығын көрсетсек пе деп отырмыз. Париж – Еуропаның жүрегі. Сондықтан да осы тарихи шараны ЮНЕСКО-да өткізгелі жатырмыз.
BNEWS.KZ. "Хэллоуинді неліктен тойлауға болмайды?" - Христиан діні келгенге дейін Англия мен Ирландия, сондай-ақ Франция жерінде Күнге табынатын кельт атты халық өмір сүрген. Олардың түсінігінше қыста күн өлілердің патшасы Самхэйннің тұтқынында болады. Сондықтан олар 31 қазан күні күзгі өнім жинау науқанының бітіп, жаңа жылдың басталғанын білдіретін Самхэйн атты мерекелерін тойлайды. Уақыт өте бұл елге христиан діні келіп, пұтқа табынушылық кезінен қалған мейрамдардан бас тартса да, осы Самхэйн қалып қояды.
TURKISTAN.KZ. "Есірткіге құмартқандар өркениетті қоғамға қашанда қауіпті" - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Республикалық ғылыми-тәжірибелік психиатрия, психотерапия және наркомания орталығы» қызметкері, психотерапевт Әлия Нұрғазинаның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында наркотиктерден адамдарды сақтандыру барысында есірткіні дайындау және қолдану жолдарын көрсетуге болмайды: «Біз есірткіге қарсымыз!» дегеннің орнына «Біз өмірді таңдаймыз!» ұранын қолданса, әлдеқайда тиімді. Адамдарға психологиялық тұрғыда салмақ салмайды. Сонымен қатар есірткіге тәуелді адамдар арасындағы суицид пен шектен тыс қолдану жайлы да айтудан қашу керек».
"Дағдарыс дамуға түрткі ме?" - Қазақстанның соңғы оншақты жылдардағы өрлеуі мұнай мен газдың бағасына байланысты еді. Мұнай мен металдар экспортына қараған экономика енді аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қалды. Бірақ қара алтынның бағасы аспандап тұрған шақта одан түскен пайданы экономиканы дамытуға жұмсамадық. Шикізат өңдеуді кәсіп қылған жоқпыз, отандық өнім шығаруды әдет еткен жоқпыз, зауыт-кәсіпорын ашуды жолға қоя алмадық. Бұған көз жеткізу үшін Алматы мен Астана, тіпті облыс орталықтарында соңғы жылдары салынған құрылыстарға шолу жасау жеткілікті.
NAMYS.KZ. "«КСРО-ға оралу» немесе ностальгиялық атмосфера" - Жақында “Егер СССР қазір болғанда" деген ролик жарық көрді. Былай қарасаң, қызық. Түк қаупі жоқ дерсің. Бірақ, артынша қаптаған мақалалар адам шошытады. Соның бірі Нур.кз сайты шығарған “Как выглядела бы сборная СССР по футболу в наши дни?" деген, Бауыржан Исламханға КСРО-ның футбол формасын кигізіп қойған мақала. Бәрі сол суретке мәз, алайда Исламхан киген жейденің жүрек тұсында бізді қырғынға ұшыратқан жүйенің елтаңбасы тұрғанына ешкім назар аудармады. Айта берсең, осындай мысалдар көп. Және соның бәрі адамның санасында НОСТАЛЬГИЯЛЫҚ АТМОСФЕРА ТУДЫРУ үшін жасалып жатқаны да шын. КСРО-ны аңсап жүргендердің қолшоқпары болмайық, ағайын!
JEBE.COM. "Орталық Азияда біртұтас медреселер ашу керек" - Орталық Азияда біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру үшін ортақ медреселер құруымыз қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда еліміз бойынша тұңғыш рет өткізіліп жатқан «Келісім мен жасампаздық - Орталық Азиядағы Исламның дәстүрлі негізі» атты Орталық Азия ғұламаларының форумы барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мәлім етті. «Бізде Кеңестік дәуірге дейін жалпы мұсылман үмметін даярлауға, қалыптастыруға арналған, ата-бабамыздан келе жатқан, халқымыздың болмысымен,табиғатымен біте қайнасып кеткен дәстүрлі Орталық Азиялық өзіндік бір мектеп болған. Кейін Кеңес заманында одан айрылып қалдық.