Атырау, 23 қараша 16:13
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сәуле Бапаева: «Қызымның тірі екеніне сенімдімін»

2 929 просмотра

Өткен сенбі күні «Қазахстан-1» телеарнасындағы  «Арнайы репортаж» циклді хабарында Сәуле БАПАЕВАНЫҢ қайғылы оқиғасы туралы сюжет көрсетілді  («Бала ауыстыру жөніндегі іс»).

«АЖ» газеті бұл жайлы әу бастан жазып келеді. Ал, жақында Сәуленің жанайқайына  атыраулық мәжілісмен Асхат БЕКЕНОВ те құлақ асып, Бас прокурордың атына депутаттық сауалнама жолдаған еді.

Бас прокурордың орынбасары Н.Исаевтың қолы қойылған жауап хатта: «Қазақстан Республикасының Парламенті  және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес, парламент депутатының Бас прокурорға жолдаған сауалнамасы қылмыстық тергеу қызметін жүзеге асырумен байланысты мәселелерге қатысты болмауы керек» делінген.

Одан әрі Бас прокуратураның өкілі дегенмен, бүгінгі күні осы қылмыстық іс бойынша дәрігерлердің қатысы бар-жоғын анықтау жүргізілуде екендігін хабарлады. Осы тексеру қорытындылары бойынша дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Барлық жауаптар алынды, 9 мүрдеге эксгумация жүргізілді, 10-нан аса түрлі сараптамалар жасалды.

Және бастысы: «Жылыой ауданы перзентханасында С.Бапаеваға қайта жүргізген сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, медициналық манипуляция жүргізілу барысында денсаулыққа ешқандай зиян келтірілген жоқ, яғни, аудандық перзентхана дәрігерлері жүргізген операция пациенттің аса ауыр жағдайы және өмірлік көрсеткіштеріне сәйкес жүргізілген  (белгілеген өзім – Л.С.)» делінеді.  Талапкердің дәрігерлердің тергеу жүргізу органдары өкілдерімен туысқандық қарым-қатынастары жөніндегі дәйектері дәлелденген жоқ.  Сондай-ақ, бұл оқиғаға тізімде көрсетілген тұлғалардың қатыстылығын толық тексеру үшін бүгінгі күні 2008 жылы балаларды өз тәрбиесіне алған ата-аналар тізімінің алынғандығы хабарланған. Олардан жауап алу  және асырап алынған балалар мен олардың ата-аналарынан сараптама үлгілерін алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Зардап шегуші Сәуле Бапаеваның өзі дәрігерлердің кінәсіздігі жөніндегі сот қорытындысымен мүлдем келіспейді.

-Жатырды қосалқы аналық жыныс бездерімен бірге алып тастаған операция барысында менің денсаулығыма қатты зақым келді. Сол жылы медициналық қызмет көрсету саласы бойынша бақылау жөніндегі комитеттің облыстық басқармасы мынадай қорытынды жасады, сол түні кезекші болған дәрігер менің жағдайымды дұрыс анықтамағандықтан, «кесір тілігін» жасау кешіктірілген. Сол жерде-ақ маған қателікпен басқа қан тобы  құйылғандығы да анықталды. Ал, бірнеше жылдан соң, бітпейтін сараптамалардан кейін кенет дәрігерлер кінәсіз боп шыға келеді.

Сәуленің айтуынша, ол дәрігерлердің күтпеген жерден кінәсіз болып шыға келуін міндетті түрде даулайтын болады. Бірақ, тек қызын тапқаннан соң ғана қолға алмақшы.

-Мен қызымның тірі екендігіне сенемін. Өзіме операция жасағанға дейін оның ішімде қимылдап жатқанын сездім. Ал, қазір дәрігерлер жауапкершілікті мойындарына алмас үшін мендегі босану кезіндегі қиындықтардан баланың да өмір сүру мүмкіндігі болған жоқ деп жалтарып отыр. Тіпті, солай-ақ болсын, бірақ, неге олар әлі күнге дейін қызымның денесін бермей отыр? Ал, егер әңгіме сол баяғы бала ауыстыру туралы болса, онда неге оны таппайды?!

Сәуленің бұл сауалдарына әлі ешкім жауап бере қойған жоқ.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

10 қараша 2011, 19:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.