Атырау, 23 қараша 15:43
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Атырау су арнасы» бағаны сегіз есе көтермекші

2 539 просмотра

Жылу жүйелері кәсіпорындарының жылу мен ыстық су тарифтерін көтеру жөніндегі ұсынысы қабылданғаннан  кейін «Атырау су арнасы» КМК өздерінің тарифті көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Сейсенбі күні өткен жұртшылық тыңдауында Қалалық су арнасы болашақтағы тариф есептеулерін ұсынды. Ол Табиғи мнополияларды реттеу агенттігі мақұлдаған жағдайда, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді екен.

– 1 қаңтардан бастап  тұтыну көлеміне қарай дифференциалды су тарифтері енгізілетін болады, - деп түсіндіреді табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің директоры Жанайым КЕЛБАТЫРОВА. Адамдарды суды үнемдеуге ынталандыратын тарифтерді Атырау қаласында енгізу 2011 жылдың басынан бастап жоспарланған еді. Бірақ кейін тек Құрманғазы ауданының Ақкөл селосына ғана енгізілді.

Бір жыл бұрын Қалалық су арнасы тұтынушыларды үш топқа бөлуді ұсынды: 1) бір адамға шаққанда тәулігіне 60 литрден аспайтын немесе айына 1,8 текше метр су тұтынатын тұрғындар; 2) айына 170 литрге дейін немесе айына 5,2 текше метрге дейін су тұтынатын тұрғындар; 3) 170 литрден астам су тұтынатын және су есептегіштері жоқ тұрғындар.

2012 жылдан бастап енгізгілері келетін тарифте де сол 3 топ болады, ал норма ретінде 2 текше метр көлем енгізіледі. Яғни, 1-топ –нормадан аспайтын – бір адамға шаққанда айына 2 текше метр су тұтынатын тұрғындар, 2-топ – нормадан көп су тұтынатындар, 3-топ – есептегіштері жоқ тұрғындар. «АСА» мынадай тарифтік мөлшерлемені енгізуді ұсынып отыр: 1-топ – 1 текше метр үшін 62,97 теңге, 2-топ – 160,2 теңге, 3-топ – текше метр үшін 168,84 теңге. Канализация бойынша да осылай: 1-топ – текше метр үшін 31,19 теңге, 2-топ – 99,65 теңге, 3-топ – текше метр үшін 115,13 теңге.

Бұған дейін осы қызметтер бойынша тарифтер бірдей боп келді: тұрғындар үшін бір текше метр су – 20,14 теңге, мекемелер үшін – 142 теңге. Канализация бойынша – текше метр үшін тиісінше 22 және 33,5 теңге.

Ж.Келбатырованың айтуынша, «АСА» ұсынған цифрлар мұқият сарапқа салынады. Бұл тарифтердің мақұлданбауы да мүмкін екен. Дегенмен де, жұртшылық тыңдауы өтіп жатқан залда қызу таластар басталып кетті.

Сараптама кеңесінің мүшесі, қалалық ПИК-тер қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлнар САЛИХОВА салмақты проблема туралы сөз қозғады. Қаладағы жаңа үйлердің көпшілігіне канализациялық сорғылау стансалары қызмет көрсетеді. Бұл стансаларды Қалалық су арнасы өз балансына алудан бас тартқан, енді ол ПИК құзырында. Алайда канализация үшін ақшаны Қалалық су арнасы тұрғындардан уақытында жинап тұрады екен.

«АСА» КМК директоры Серік ЖҰМАШБАЕВ бұл мәселеге қатысты құрылыс компаниялары осы стансалардың жобалау-сметалық құжаттарын тапсырмағандықтан, олар иесіз қалып отыр дегенді айтты.

Махамбет көшесінің бойындағы №118 «г» үйінің тұрғыны КОСТИНА үйдегі канализациялық жүйеге күрделі жөндеу жасалғанын, ал кварталдық жүйелердің ақауы салдарынан лас сулар үйлерінің жертөлесіне кері құйылып жатқанына шағымданды. «АСА» басшысы үстіміздегі жылдың қыркүйегінде қаладағы барлық құдықтарға тексеру жүргізіліп, жүйенің дұрыс жұмыс жасап тұрғандығын мәлімдеп, ПИК-ке баруға кеңес берді.

Тұрғындардың монополистермен диалогы дауға ұласып, оларға тоқтау салынды.

Жұртшылық тыңдауы аяқталғаннан кейін біз сараптама кеңесінің мүшесі Наурызғали ӘБІЛҚАЙЫРОВТАН комментарий беруін өтіндік. Ол былай деп есептейді: «АСА» ұсынған есептеулерде көп күш халыққа түсіп тұр. Су тұтыну нормасы 2 текше метр дегенмен келіспеймін. Біздің климатымызға сәйкес, жазда күн жанып, ыстық боп тұрған кезде кем дегенде күніне екі рет душ қабылдау керек, ал бұл өте аз. Тарифке қатысты жағдай бізде өте күрделі болып отыр. Біздің қаламыз үшін ол бір текше метрге 52 теңге деңгейінде бекітілген. Облыстық әкімдік пен табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті тұрғындарды қолдап, тұрғындар үшін мөлшерлемені азайтып, «АСА» табысын заңды тұлғалар есебімен өтеп отыр. Өзімнің қосарым – 1-топтағы тұтынушылар, яғни, тұтыну нормасына сай су пайдаланатындар үшін қазіргі тарифті қалдыруға жұмыстанып жатырмыз. Басқа топтағыларға арналған тарифтерді тағы да қарап шығамыз. Олар үшін әзірге есептеулер дайын болған жоқ».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

10 қараша 2011, 19:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.