Махамбет көшесіндегі 118 б үйінің тұрғындары әлі күнге дейін жылусыз отыр. Олар осындай шаралар арқылы қалалық әкімдіктегілер термомодернизациялау бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуге келісімдерін алмақшы болып отыр деп есептейді. Үйде күрделі жөндеу басталып кеткен, 34 млн. болатын смета бекітілген. Енді, тұрғындардың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері мен мердігерлер әр пәтерді аралап, қол жинап жүрген көрінеді. Алайда ереже бойынша әуелі тұрғындар келісімін алып, содан соң жөндеу басталуы керек қой.
Үй басқарушысы Валентина КРАВЧЕНКОНЫҢайтуынша, адамдар жөндеу жасауға қарсы емес, бірақ смета олардың көңілдерінен шыға қоймапты. «Жаңалықтардан Қарағанды мен басқа қалаларда бір үйді жөндеу көп дегенде 24 млн. теңгеге шығады деп айтып жатты. Ал бізге 34 млн. теңге деп есептеп берді. Біздегі тұрғындардың бірі, тәжірибесі мол жобалаушы ұсынылған сметаны тексеріп, бұл сома көп деген тұжырымға келді. Сол кезде олар сметаны алып, кейбір жұмыстардың көлемін азайтып, кей жұмыстарды қосты. Нәтижесінде сол сома қалды. Енді бізге Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен қайта-қайта кісілер келіп, есігімізді қағып, қол қоюға мәжбүрлеп отыр. Қарағаевтың (қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы – Ред.) өзі келіп, смета дұрыс жасалды, қол қойыңдар деп айтты. Бұл сомаға келіспегендіктен қазір олармен арада тайталас жүріп жатыр».
Соманың көп екенін анықтаған әйел өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтініп, былай деді: «Мен сметаны өзім жасаймын, менде арнайы бағдарлама бар. Барлық цифрларды тексеріп шықтым. Мәселен, бастапқы сметада шаршы метр шатыр жабындысы өте көп болды. Менің ескертуімнен кейін оны 690 шаршыға азайтты. Қайыршақты тас блогынан кірпіш қалау көлемі екі есеге, ағаш материалдарының көлемі 50 текшеден 16-ға дейін азайтылды.
Нәтижесінде сметаны қайта жасап шыққандай болған, бірақ басқа жұмыстар есебімен қайтадан бастапқы соманы – 34 млн. 398 мың теңгеге шығарыпты. Өкінішке орай, мен оны тексере алмадым. Бұл сома бекітіліп қойылды, менде сараптама актісінің көшірмесі бар.
Тағы бір жайт. Смета бойынша подъезімізде 1 шаршы метрі 6 870 теңге болатын пластик стеклопакеттер орнатылады деп көрсетілген. Ал іс жүзінде 1 шаршы метрі 5 мың теңгеден сәл астам тұратын ең арзан стеклопакеттерді орнатты. Терезенің қымбатқа шығып отырғанын айтқан кезде, маған қарапайым материалдан емес, үш қабатты, жақсысы қондырылады деп айтты.
Жылу камерасын да біздің есебімізден қондырмақшы. Қарағаевқа камераны жылу жүйелері кәсіпорны салуы тиіс деп айтқан кезде, оларда мұндай ақша жоқтығын, тұрғындар есебінен орнатуға бұйрық берілгенін айтты».
Сондай-ақ, редакцияға Марина БАТЫРШИНА хабарласты. Жөндеуге қол қойдыру үшін Махамбет, 118 б мекен-жайында тұратын анасының қайта-қайта келіп, мазасын кетіріпті. «Мен, тіпті, олардың осынау бассыздықтарын тоқтату үшін қандай органға шағымданарымды білмей отырмын. Есігімізді қағып, берекеттерін алғанына екі ай болды. Қарияларды жайына қалдырсын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі одан да жылусыз отырған зейнеткерлердің қамын ойламай ма?!»
Үй басқарушысы В.Кравченконың айтуынша, тұрғындар «Нұр-Отан» мен облыс әкімінің атына хат жазыпты. Әзірге одан хабар жоқ.
«Осы үйде тұратын тұрғындардың жартысы зейнеткерлер мен мүгедектер, - дейді ол. – Тұрғын үй жәрдемақысын алу үшін анықтама жинаңдар деп айтты. Алайда үш ай (тамыз, қыркүйек, қазан) үшін жылуға ақша төлеген жоқпыз. Соған сәйкес, коммуналдық қызмет шығындары да аз шығады. Сондықтан біз жеңілдік беретін санатқа енбеуіміз мүмкін. Тіпті, егер зейнеткерлердің біреуі жеңілдік алушы боп табылса да, олар әр үш ай сайын коммуналдық бөлімге түбіртек тапсыруы тиіс. Бұл қағаздарды кім тасып жүреді? Менің ұлым ІІ топ мүгедегі, оның тоңып қалуына жол бермеймін. 15 мың теңгеге радиатор сатып алуыма тура келді. Енді электр үшін көп ақша төлейтін боламыз».
Осы үйдің кейбір тұрғындары қазір газбен жылынып отыр, олар төтенше жағдайлар қызметіне қайғылы жағдай орын алуы мүмкін екендігін ескертіп қойған. Егер таяу уақытта жылу бермесе, олар прокуратураға шағымданғалы отыр.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВПЕНхабарласа алмадық. ПИК Қауымдастығының төрағасы Асылбек МҮЛІКОВТІҢ айтуынша, осы үйдегі тұрғындардың 70 пайызы жөндеуге өз келісімдерін берген. «Қол қоймағандар наразы боп отыр, - дейді ол. – Смета мөлшері ондай жоғары емес. Тұрғындар құжаттарға қол қоюлары тиіс. Ал ол үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан жылу берілмей отыр. Шатырды жөндеуді 31 желтоқсанға дейін аяқтайды».
– Тұрғындардың 70 пайызының келісімін алу үшін қандай әдістер қолданғанын білесіз бе? – деп сұрады үй басқарушысы Валентина Кравченко. – Олар әр есікті тарсылдатып соғып, айқайлап, қол қоюға мәжбүрледі.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА