– Ажырасқан кезде күйеуіміз екеуміз ортақ мүлкімізді бөліске салған едік. Бірақ жақында осыдан екі жыл бұрын некеде тұрған кезімізде күйеуімнің маған айтпай жер учаскесін сатып алғанын және мүлікті бөлісу кезінде оны жасырып қалғанын білдім. Сондай-ақ, күйеуім екеуміз менің атыма көп сомада тұтынушы несиесін алған едік. Оны отбасы мұқтаждығы үшін жұмсадық. Бұрынғы күйеуім қазір осы несиені өтеуге көмектеспей отыр. Күйеуім сатып алған жер учаскесінің бір бөлігін ала аламын ба және бұрын отбасы мұқтаждығы үшін алынған несиені төлеуге қатысты мәселе қалай болмақ?
Телефон арқылы
Оқырман сұрағына «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА жауап береді:
- Бұрын мүлікті бөлісу кезінде күйеуіңіз жасырған жер учаскесіне келер болсақ, қазір де сіз осы мүлікті бөлісуге арыз беруге құқылысыз. Өйткені жер учаскесі некеде тұрған кезде алынған және «Неке және отбасы туралы» Заңның 32-бабының негізінде ол бірге жинаған мүлік боп табылады.
«Неке және отбасы туралы» ҚР заңының 36-бабында некесі бұзылған ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы ерлі-зайыптылар талабына талап-арыз мерзімі өтуінің үш жылдық мерзімі қолданылады делінген. Демек, бұл сіз жер учаскесі алынған сәттен бастап үш жыл өтіп кетпей тұрғанда сотқа талап арызбен шығуға құқылысыз деген сөз. Талап арыз мерзімі сіз өз құқыңыздың бұзылғандығын білген сәттен басталады.
Неке кезінде алған және ажырасқаннан кейін өзіңіз төлеп отырған тұтыну несиесі ортақ қарыз боп табылады. Сондықтан ол да сот тәртібімен бөлінуі керек. Өйткені ерлі-зайыптылар ортақ мүлікті ғана емес, ортақ қарызды да бөліседі.