Атырау, 23 қараша 13:59
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өлгенде жер қойнына кірер денең...

24 398 просмотра

Өмір бар жерде - өлім бар. Бірақ сүйекті жөнелтудің жолдары қандай? Марқұм болған жанға жасалған көл-көсір дастархан мен оған тұрғызылған биік күмбезден оның рухына түсер қандай пайда бар? Әлде осының бәрін олар тірлікте жасалған күнәлардан арылу жолы деп ойлай ма? Болмаса, қазаққа тән жәй ғана бәсеке ме? Қ.Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Мұнархан ӘЛІМОВ сүйекті жерлеудегі шариғаттың қағидаттарынан түсінік берген еді. 

 

ИМАНЫН ҮЙІРУ

Мұсылмандық жоралғыға сай атқарылатын шаруалар: марқұмды жуындыру, кебінін тігу, қабірін қазып, жаназасын оқып, қош айтысып, ақтық сапарға  шығарып салу екені белгілі.

Иманыңды үйіре бер дегенді жиі естиміз. Өлер алдында  адам тілін кәлимаға келтіріп, иманын айта білгені абзал. Кейде иман үйіруге молда келіп үлгермеуі немесе  адамның тілі байланып қалуы мүмкін.

- Мұндай жағдайда  барлық мұсылман үмбеттері оң қолының сұқ саусағын көтерсе де жеткілікті. Ол Аллаға, оның жалғыздығына мойынұсындым дегенді білдіреді, - дейді имам.

Мұнархан қажы  адамның  қаза болар алдындағы иманы  баяу дауыспен айтылуы тиіс дейді. Өйткені, шығып бара жатқан жан шошынып, адамның беті құбыладан басқа жаққа бұрылып кетуі мүмкін.

 

ЖЕРЛЕУ ДАЙЫНДЫҚТАРЫ  МЕН ЖОРАЛҒЫЛАРЫ

Одан соң  марқұмды жерлеуге дайындық жоралғылары басталады. Алдымен оны жуындырып, ақтық сапарына дайындау қажет.

- Шариғатта сүйекті жууға бірінші өз жұртынан, екінші нағашы жұртынан, үшінші қайын жұртынан қатысқаны жөн. Олардың  орынын көршісі, құдасы, туысы да алмастыра алады.

Кебінге  ескірмеген кәдімгі ақ мата пайдаланылады. Әйел адамға жалпы ұзындығы 22 метр, ал ер адамға 20 метр төңірегіндегі бөз жеткілікті. Себебі әйелдің  белемшек пен орамалына қосымша материал жұмсалады, - дейді имам.

Келесі мәселе қабірге  мәйітті салу. Имамның айтуынша, бүгінде қабірге салынған тақтайдың бетіне Атырауда  қара қағаз бен целлофан төсеу жиі орын алып отыр екен. Оның ойынша, бұл ғылыми тұрғыда да дұрыс емес. Өйткені, топыраққа көмілген дене өз уақытында ағып, жер анаға сіңіп кетуі керек. Ал қара  қағаз және целлофан тәрізді  химиялық заттар оған кедергі болады. Сондықтан қабір тақтайдың үстіне  шөп не қамыс төсесе де жеткілікті.

- Ал қабір қазуға да білімді, сауатты адам керек. Қабірді дәретпен қазады, қабірге дәретпен түседі, - дейді имам.

- Айтқандай, қабір  қазғандарға және жаназа оқыған имамға сүйек жөнелткен үй ақша беріп жатады. Осы қаншалықты дұрыс?

- Алла тағала бізге «қабір қазған, оны пәктеген, жаназасын оқыған кісілерді Алланың атымен құрметтеңдер» деген. Олар еңбек етті.  Сондықтан еңбектерінің өтеуін берген дұрыс. Бірақ  Алланың  разылығы үшін.

- Қанша болуы керек сонда? 

- Қатып қалған баға жоқ. Әркім жағдайына қарайды.

Кейін марқұмның басына биіктігі метрден аспайтын көлемде қоршау жасалады. Зәулім мазарлар жайлы шариғатта  әңгіме жоқ.

 

ШАРИҒАТ  ЫСЫРАПҚА ҚАРСЫ

 - Адамды өлген соң шариғатқа сай ертесінде жер қойнына тапсыру  ләзім. Жаназасын оқып жерлеп болған соң артынан асын-қадесін беруге болады, - дейді М.Әлімов.

Айта кету керек, бүгінгі Атыраудағы жаназа және қаде дастархандары той болатын үйден кем емес. Дастарханға қойылатын  тәтті мен салаттың түрінен  бөлек, жылқы сойып әуреге түсетіндер де қаншама. Осыны бір-бірінен көрген қалың ел осылай жасамасақ сөгіп жүре ме деп  кісісі өлісімен базарға шауып әлек болады. Ақыры ақшасы жетпей қарызданып-қауғаланады.

Сөйтсек, шариғат бойынша қайтқан кісінің үйінен тамақ ішпеу ләзім екен.  

«Құранда қайтыс болған адамның үйінен тамақ ішпеңдер деген аят бар. Алла тағала «ысырапқа жол бермеңдер, оны жек көремін» деген екен дейді имам.

Ол ол ма, қазір кісі қайтқан күннен бастап көңіл айтуға келген кісілер арасында асықпай шәй ішіп,  әңгіме-дүкен құратын жандар да кездеседі

Шариғат өлген адам  қадесіне -түйе, сиыр, қой, ешкі шалынатынын көрсетеді. Ал жылқыны өлімге де, қаде, садақаға да союға болмайды. Басқа жағдайларда әрине рұқсат бар.

Сондай-ақ, имам қазір сүйекті жуындырған бөлмеге дастархан жайып, шәй әзірлейтіндер кездесетінін айтып өтті.

- Бұл медициналық тұрғыдан алғанда  да дұрыс емес. Адам ағзаларынан  бөлінетін микробтар бар.  Ол жерге дастархан жаюдан гөрі,  құран оқыған жөн,-дейді Мұнархан қажы.

Тағы бір жайт - жаназа шығарылғанда, қаделерде сулық орамал тарататынымыз бар. Бұл да қажет емес дүние. Мұнархан қажының айтуынша,  мұндай орамал таратулар тек намазға тұрған кісілерге  құрмет ретінде беріледі.

Сөз соңында айтарымыз, көзі жұмылған жанға шариғат іліміне сай оқылатын Құран сауабынан басқа артық құрмет жоқ.

Әңгімелескен Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген С. ТОЙКЕН

9 қараша 2011, 19:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.