Түрлі ұлттың өкілдері өткен жексенбіде корейлік егін орағы мейрамы Чусокты тойлау үшін Достық үйіне жиналды. Есте қалатыны, биыл бұл мереке Құрбан айтпен тұспа-тұс келді.
Чусок – кәрістер үшін шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылдан кейінгі маңызы жоғары екінші мейрам. Бұл күні ата-бабаларының басына барып, еске алу дастарханын жайып, мәйіт басына ең жақсы егін өнімдерін қалдыру дәстүрі қалыптасқан. Еске алу рәсімі аяқталған соң Чусок мерекесі отбасы шеңберінде тойланады. «Тхоньил» этномәдени бірлестігі мерекеге қызығушылық танытқан барлық жанды шақырды. Мереке концертпен басталды, онда корей әндерінің республикалық байқауының дипломанты Байбақты Ідірбай, «Саранг» хоры, Инга Тұрсынова жетекшілік ететін «Со Куан» би ұжымы, «Самульнори» барабаншылар ансамблі, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің, «Татулық» татар-башқұрт орталығының шығармашылық ұжымдары және басқалар өнер көрсетті. YTT, WASD, Hell Cats би топтарының жастары заманауи кәріс эстарадасының бағыты К-рор стиліндегі билерді керемет орындады.
Достық үйінің ауласында самульнорист барабаншылар барлық ниет білдіргендерге арнап шеберлік сағаттарын өткізіп, «оқушылардың» шапшаңдығын арттыра отырып, шексіз соққыларды санап жатты. Сонымен қатар, кәрістердің ұлттық киімдері де назардан тыс қалмады – түрлі бояуларға малынған жұмсақ ханбоки матасынан тігілген киімдерді қарап, ұстап қана қоймай, киіп, естелік суретке де түсуге мүмкіндік берілді.
«Тхоньил» ЭМО кәріс тілінің оқытушысы, Сеул қаласында туып-өскен ЛИ Тэ Ген қонақтарға кәріс каллиграфиясының ерекшеліктерін көрсетті.
Балалар да, үлкендер де арқан тарту, қазақтың ләңгі тебуіне ұқсас джеги-чаги, ағаш таяқшаларды кәрзеңкеге түсіру ойындарына үлкен белсенділікпен қатысты. Алайда ең қызықты ойын дәл осы Чусок мерекесінде ойналатын, тарихы сонау көне ғасырлардан бастау алатын ұлттық сайыс болды деп айтуға болады – екі қарсылас тауықты ұстап алу бойынша жарысты. Бұл оңай деп ойламаңыз. Сонымен қатар тағам түрлері ұсынылып, аспаздардың шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор