Мәжiлiс депутаттары бүгiнгi пленарлық отырыста «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР азаматтарына, оралмандарға және ҚР тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын бiрiншi оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Заңнаманың негізгі өзгерістеріне тоқталсам, жария ету субъектілері үшін мынадай кепілдіктер көзделеді: 1) құқық қорғау, басқа мемлекеттік органдар, банктер мен өзге ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен қосымша қорғалу бөлігінде қылмыстық жауаптылыққа дейін қылмыстық заңнама нормаларын нақтылау және қатаңдату; 2) қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жария ету барысында алынған ақпаратты пайдалану мүмкіндігін болдырмау; 3) салық заңнамасына мүлікке жария етуді өткізу процесінде мемлекеттік кірістер органдары салық төлеуші туралы алған мәліметтерді және ақпараттарды ұсынуға тыйым салу туралы нормаларды қосу; 4) банктік заңнамаға жария етілген ақша туралы ақпаратты тек Бас прокурорының немесе оның орынбасарларының санкциясымен ғана құқық қорғау органдарына беру туралы нормаларын қосу; 5) жария етілген мүлікті тәркілеуге тыйым салу туралы норманы қолданысқа енгізу», - дейдi ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Министр атап өткендей, ақшаны жария ету бойынша 3 опция ұсынылады және олар банк шоттарына олардың сақталуы бойынша міндеттемесіз, алымдарды төлемей, шектеусіз өзінің қарауы бойынша иелік етумен аудару, банк шотына 10% мөлшерінде алымды төлей отырып аудармау, алымды төлемей, «Астана» халықаралық қаржы орталығына жария етілген ақшаны инвестициялау мүмкіндігін енгізу.
Сонымен қатар, әкімдіктер жанындағы комиссияларда тек құқығы ресімделмеген ҚР аумағындағы жылжымайтын мүлікті жария етудi ғана қалдыру, ҚР аумағындағы қалған мүлік бөлігінде, алымды төлемей мемлекеттік кірістер органдарына декларацияны ұсыну жолымен жүргізу және ҚР тыс орналасқан мүлік бойынша жария ету 10% мөлшеріндегі алымды төлей отырып, мемлекеттік кірістер органдарына декларацияны тапсыру жолымен жүргізіледі. Айта кету керек, бұл ретте, мүліктің құнын жария ету субъектісі өз бетімен айқындайды.
«Шетелде жария етілген мүлікті сату кезінде қосарлы салық салуды болдырмау бойынша норма ұсынылады. Бұл ретте, шетелдегі шоттарды декларацияламағаны үшін әкімшілік жазаны қатаңдату, яғни қазiргi ескертудi 250 айлық есептік көрсеткішке өзгерту ұсынылады. Сонымен қатар, шетелдегі мүлікті міндетті декларациялаудың қосымша талабын енгізу өзгертулермен қарастырылған. Жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін, әдетте, жария ету мерзімін 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту қарастырылады. Бұл жалпыға ортақ декларациялаудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеуінің басталуымен байланыстырылады», - деп түйiндедi баяндамасын Қаржы министрi.
Дереккөз:
bnews.kz
23 қыркүйек 2015, 15:20