Атырау, 23 қараша 14:02
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

D аралы: тамұққа дейін 4200 метр

4 770 просмотра

Қашаған теңіз кенішінде мұнай өндіруге бар болғаны бір жылдан астам ғана уақыт қалды. Каспий секілді экологиялық сезімтал аймақта ауқымды мұнай өндіру атыраулықтарды ғана емес, қазақстандықтарды да алаңдатпай қоймайды. Алайда жобаға қомақты қаржылар салынғандықтан кері шегінер жол жоқ. Бұған «D» аралына барған жергілікті, астаналық және шетелдік БАҚ өкілдерінен құралған топтың құрамында болған кезде тағы да көз жеткіздім.

- Шамасы, бұл журналистердің «D» аралындағы соңғы сапарлары болатын шығар. Жоба іске қосылғаннан кейін бұл жерге келу қауіпті болады, - деді «Аджип ККО» баспасөз қызметінің қазақстандық қызметкерлері. Демек, атыраулық журналистер үшін бұл бірінші және соңғысы болғаны: бұрын бізді ол жерге шақырмаған еді. Әріптестерімнің бірі айтқандай, соңғы жылдары айтып, жазып жүрген нәрселерді ақыры өз көзімізбен көретін болдық.

Сөйтсек, көзбен көретіндей екен. Шексіз теңіз айдынының ортасындағы алып жасанды арал жоғарыдан қарағанда мұқият құрастырылған лего конструкторы секілді көрінді. Ал төменге түскенде «Аджип ККО» басқарушы директоры Умберто КАРРАРАНЫҢ осынау аралды жасау үшін қанша жүз мыңдаған тонна табиғи материалдар, металл конструкциялар, электр желілері және т.б. әкелінгендігі туралы әңгімесін басқаша қабылдайды екенсің.

Каспийдің тұйықтығы салдарынан шетелде - Норвегияда, Италияда, Ұлыбританияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде дайындалған жабдықтар Қара және Балтық теңіздерінен тайызданып бара жатқан Волга-Дон арқылы Каспий теңізіне жеткізіліпті. Соның алдында ғана судың тайыздығы аралға адамдар мен жабдықтарды жеткізу үшін қатты қиындықтар туғызатынына көз жеткізген болатынбыз. Басқа кеме өзен сағасында қатты қума желдің салдарынан тайызға қайырлап қалғандықтан, бізді аралға жеткізген катерді айлаққа кері қайтарып жіберді. Сол күні айлаққа вахта жұмысшыларын тиеген бірнеше катер қайтарылды.

Сұхбат кезінде компаниядағы шетелдік қызметкерлердің бірі кемелердің сағадағы су түбі қоқысқа, соның ішінде суға кеткен кемелердің сынықтарына толғандықтан қайырлап қалатынын айтты. Компания не үшін су түбін тазаламайды деген сұраққа ол былай деп жауап берді:

- Бұл біздің жұмысымыз емес. Содан соң су түбін тазалау шығындары аралға дейін адамдарды баламалы тасымалдау шығындарынан өте көп.

 

ҚИЫНДЫҚПЕН КЕЛЕТІН«ЖЕҢІЛ» МҰНАЙ

 «Лайт-ойл» - жеңіл әрі жақсы – Каррара қашағандық мұнайды осылайша сипаттады. Алайда осындай мақтаулы сипаттамаға қарамастан, «Аджип» басшысының мойындауынша, оны экстремалдық жағдайда өндіруге тура келеді екен.

Кеніштің қазыналы қойнауы теңіз түбінен 4 200 метр тереңдікте орналасқан. Ол жоғарғы қысыммен (770 бар) және күкіртсутек құрамының көптігімен сипатталады. Медиа-тур барысында барлық шетелдік менеджерлер атап өткендей, егер бұрын дүние жүзі тәжірибесінде кеніштер осындай аномалды жоғарғы қысыммен және құрамында күкіртсутектің көптігімен игерілген болса, бұрын-соңды осы екі фактордың қатар орын алуы кездеспеген екен.

Бұл жердегі судың тереңдігі бар болғаны 3-4 метр болғандықтан кенішті игеру де қиындайды. Бұл ауданда балықтың бағалы түрлері уылдырық шашады, құстардың ұя салатын және көшетін жерлері орналасқан, бұл Каспий итбалықтары көбейетін жер. Бұдан басқа, бес ай бойына Каспийдің солтүстік бөлігі мұзбен құрсауланып жатады.

Аджиптіктер растап отырғандай, мұндай жағдайда теңіз түбіне бекітілген темір-бетон конструкцияларды немесе қадаларға орнатылған болат тұғырнама секілді дәстүрлі бұрғылау және өндіру технологияларын қолдану мүмкін емес екен. Сондықтан теңіз нысандары жасанды аралдарға салынған. Олар екі түрге бөлінеді: 1) автоматты режимде жұмыс істейтін шағын бұрғылау және өндіру аралдары; 2) жұмысшылар жұмыс істейтін технологиялық пайдалану кешендерінің ірі аралдары. Технологиялық пайдалану аралдары көмірсутектерді сұйық (мұнай мен су) және газ түріндегі фазаларға бөлетін, шикі газды кептіретін, сондай-ақ газды жер қойнауына айдау жүйесі мен электр энергиясын өндіретін технологиялық модульдерден тұрады.

 

БЕТОН МЕН ІЗБЕСТЕНТҰРАТЫН АРАЛ

 «D» аралы – теңіз кенішінің орталық нысаны. Оны салу үшін 6,2 млн. тонна ізбес тасы мен 80 мың құрастырмалы бетон элементтері пайдаланылған. Бұл жерде аралдың өзіндегі ұңғылардың мұнайы, сондай-ақ «А» аралы (жалпы қуаттылығы тәулігіне 220 мың баррель болатын 8 ұңғы) мен басқа бұрғылау аралдарындағы мұнайлар шоғырланады. Технологиялық пайдалану кешенінде мұнай газдан ажыратылғаннан кейін шикізат екі тұрба құбыры арқылы 92 км қашықтықта орналасқан «Болашақ» зауытына тасымалданатын болады. «D» аралының көлемі – 1,7 км де 1,2 км. Бұл жерде жалпы өнімділігі тәулігіне 270 мың баррель болатын 12 ұңғы мұнай өндіру үшін дайындалып қойылған (суретте: Умберто Каррара ұңғылардың бірін көрсетіп тұр). Осы жерде жер қойнауы қысымын ұстап тұру үшін шикі газ ішінара айдалатын болады.

Бес жасанды аралдан тұратын Қашағанда барлығы 20 пайдалану ұңғылары бұрғыланған. Каррараның айтуынша, олардың әрбіреуі тәулігіне 15-тен 35 мың баррельге дейін мұнай өндіре алады екен. Тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінде кенішті өндіру тәулігіне 370 мың баррель құрайды деп жобаланып отыр. Әрі қарай жоба қуаттылығын тәулігіне 450 мың баррельге дейін көбейту екінші кезеңге байланысты болады. Соған сәйкес айдау көлемдері де қосылады, - деді Каррара. Оның айтуынша, мұнай өндіру басталғаннан кейін қазіргі құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған 6 мың адамның орнына аралда 200-250 мұнайшы (қазақстандық және шетелдік кадрлардың арақатынасы 50/50 болады) қалады екен.

 

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗІЛЗАЛА ТУРАЛЫ ЖАҚ АШПАДЫ

Естеріңізге салсақ, екінші кезең бойынша ҚР үкіметі мен консорциум арасында бірқатар келіспеушіліктер орын алған еді. Бұл тұрғыда Каррара түсінік бермегенді жөн көрді. Өнім бөлісі туралы келісімге сәйкес, осы кеніште экологиялық апат бола қалған жағдайда материалдық жауапкершілік қазақстандық тарапқа жүктелетіндігі туралы белгілі болған фактіні де талқыға салудан бас тартты. Каррара консорциум акционерлері қабылдаған шарттарға комментарий беруге құқығы жоқ екенін мәлімдеді. Есесіне табиғат қорғау шаралары туралы, атап айтқанда, нөлдік шығарындылар бағдарламасы жөнінде: жаңбыр суынан бастап канализацияның лас суларына дейінгі барлық қалдықтар жинақталып, әрі қарай тазарту және қайта қолдану үшін жағалауға жіберілетіндігі туралы баяндап берді. Тазартылғаннан кейін су ішу үшін жарамды болады екен (бірақ, менің түсінуімше, оны қолдануға ешкімнің ниеті болмайды).

Бұрғылау шламы мен құрамында мұнайы бар су Баутинодағы теңіз операцияларын қолдау базасынан 18 км қашықтықта орналасқан Қошанай базасында өңделеді. Құрлықтағы және теңіз кеніштеріндегі барлық негізгі нысандарға қоршаған ортаға төгілудің алдын алу үшін геомембрана салынған.

Журналистерге бондарды – жүзбелі жабдықтарды көрсетті. Олар мұнай төгіле қалған жағдайда мұнай қабатының теңіз бетіне жайылуына мүмкіндік бермейді (суретте). Учаскені оқшаулағаннан кейін мұнайды арнайы мұнай жинағышпен – скимерлермен жинап алады.

Аралдағы бүкіл ресурстар шағын мұнай төгіндісін жоюға есептелген (1-деңгей). Орташа ауқымдағы төгінді орын алған жағдайда (2-деңгей) Баутинодан көмек күтеді. Онда апатты жағдайларға арналған негізгі техникалық құралдар орналасқан. Теңіз кешеніне кемелердің жазғы уақытта тек 18 сағаттан соң, ал қыста мұз қатқан кезде 36 сағаттан кейін ғана жете алатындығы қауіп тудырады.

Едәуір халықаралық ресурстарды тарту жобаланатын 3-деңгей бойынша мұнай төгіндісі бола қалса қалай болмақ деген сұраққа, аджиптіктердің жауабы күмілжіп шықты.

Медиа-турдың екі күні ішінде менеджерлер бірде бір рет салынып жатқан Солтүстік Каспий әрекет ету базасы туралы тіс жармады. Осы жөнінде сұрақ қойылғанда тағы да комментарий беруден бас тартты.

Естеріңізге салсақ, 3-деңгейдегі мұнай төгіндісі бола қалған жағдайдағы консорциум жоспарына сәйкес, апаттан құтқару бригадасы Англиядан ол жерге 72 сағат ішінде келе алады екен. Осы уақыт ішінде мұнайдың кету көлемі 6-дан 8 мың тоннаға дейін құрауы мүмкін. Каспийдің тайыздығын ескерсек, бұл көлем бүкіл Солтүстік Каспийге тарап, ондағы бүкіл тіршілік иесін құртуға жеткілікті. Ақтау мен Атырау қалалары ауыз сусыз қалады. Өйткені Ақтау суды теңіз тұщытқышы арқылы алса, Атырау суды Жайық өзенінен алады. Алайда бүкіл тіршілік иесі үшін күкіртсутек қауіпті. Ол 3-деңгейдегі апат орын алған жағдайда 1,5-2 сағат ішінде Атырау мен Ақтау қаласына жайылып кетеді.

- Теңіз кенішіндегі бүкіл жабдықтар азғана мөлшердегі күкіртсутек концентрациясын сезіне алатын 1 000 сезімтал сенсорлық датчиктермен жарақталған. Апат бола қалған жағдайда олар іске қосылып, жабдықтарды автоматты түрде тоқтатады. Ал жұмысшылар тыныс алу қорғаныш құралдарын пайдаланып, 340 адамға дейін сыятын арнайы панажайға жасырынады, - деді сұрағыма лажсыз жауап берген У.Каррара. – Ал бізде жұмысшыларды әкету үшін апаттан құтқару кемелері жеткілікті. Біздің мұзжарғыш кемелеріміз қалыңдығы 60 см болатын мұз қабығын жарып өтеді. Олардың әрбіреуі бортқа 340 адамға дейін тиеп, еш қатерсіз көшіре алады.

Ол сондай-ақ, компанияда 150 кеме, 5 тікұшақ, 2 тікұшақ алаңы бар екендігін, тағы да 2 тікұшақ алғылары кеп отырғанын әңгімеледі.

 

БОЛАШАҚҚА АРНАЛҒАН ТАҢДАУЛЫЛАР

«Болашақ» зауытына келер болсақ, ол жердегі құрылыс жұмыстары да аяқталып қалған. Жыл аяғында зауыт аумағы құрылыс қоқыстарынан толықтай тазартылуы тиіс екен. Бізді зауыт аумағына автобуспен апарып, зауытты орталықтан басқару тетігін және штаттан тыс жағдай орын алғанда «Д» аралымен тіке байланыстыратын қызыл телефонды көрсетті.

- Осы секілді жобалар аяқталғаннан кейін кадрлардың босатылуы – қалыпты процесс. Босатылған кадрлар динамикасына бақылау жасау және оларды орналастыру үшін бізде департамент құрылған. Ол жергілікті жұмыспен қамту органдарымен тығыз жұмыс жасайды. Бүгінде Қарабатанда 15 мың адам жұмыс істейді. Ал зауыт іске қосылғаннан кейін ол жерде 300 қызметкер болады, оның 90 пайызы қазақстандықтар, - деді У.Каррара.

Компания менеджерлерінің айтуынша, зауытта Аджиптің дүние жүзіндегі нысандарында тәжірибеден өткен компанияның арнайы жобаларының түлектері ғана жұмыс істейді екен. Қызметкерлерді оқыту жөніндегі менеджер Тимур ШАКУОВТЫҢ айтуынша, жобада жұмыс істеу үшін Оманнан, Германиядан және дүние жүзі мұнайшылары үшін арнайы салынған Сингапурдағы тәжірибе зауытынан тәжірибеден өткен 900 үздік түлектер таңдалған.

- Біз  таяу 20 жылда жобаны қызметкерлермен қамтамасыз ету үшін үздіктерді іріктеп алдық, - дейді Т.Шакулов.

Жақын арада «Аджип» оқу орталығын өзінің ісін жалғастырушы «NCOC» операциялық компаниясына бергені белгілі болды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

26 қазан 2011, 19:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.