Қостанайда пластик бөтелкенің қалдықтарынан түрлі өнім шығаратын кәсіпорынның ашылғанына 4 жыл болды. Осы аралықта өндіріс орны кеңейіп, өнімділік 3 есеге артқан. Пластик қалдықтарынан алынатын материалдардың тиімділігін және сапасын жақсарту үшін биыл тағы бір цехтың құрылысы басталды.
Жылу сақтағыш синтепондар, геокаркас, геосетка, жол құрылысына қажетті жұмсақ төсеніш. Осының бәрі пластик бөтелкелердің қалдығынан жасалған. Қазір Қазақстан бойынша киім, көрпе, жастық ішіне салатын синтепонның 95 пайызын осы кәсіпорын шығарады. Былтырдан бастап, жол құрылысында қолданылатын геотекстил өндірісі қолға алынды.
«Қазір біз геотекстилмен Қазақстан нарығының 30 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Орал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону алаңын салғанда, «Астана-Қарағанды» автобаны, «Астанада-Павлодар» жол құрылысына осы біздің материал қолданылды. Бұл жұмсақ төсеніш тасжолды пайдалану мерзімін 7есеге арттырады», - дейді кәсіпорын директоры Марат Сәдуақасов.
Кәсіпорын апта сайын 100 мың шаршы метр геотекстил орамдарын өткізеді. Бұл материалдың артықшылығы асфальт астындағы құм мен тастың сумен шайылып кетуінен сақтайды. Ал күніне 25-30 мың шаршы метр геотекстил өндіретін технологиялық желі бойында не бары 4 адам жұмыс істейді. Талшықты қолмен тиегендері болмаса, одан дайын өнім шыққанға дейінгі бар процесс автоматтандырылған.
Пластик бөтелкелерді Қазақстан бойынша жинайды. Сосын ұнтақталған қалдықты Ресейге жөнелтіп, ол жақтан дайын талшықтар әкелінеді. Жақын болашақта шикізат толық Қостанайда өңделетін болады. Сол үшін биыл жаңа цехтың құрылысы басталды.
Мәлімет: khabar.kz
13 шілде 2015, 09:51