Атырау, 28 қараша 13:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ: «Азғыр туралы шындықты неге жасырады?»

4 889 просмотра

Image 0ҚР Энергетика Министрлігі тарапынан 2012-2014 жылдар аралығында Аумақтың экологиялық мәртебесін анықтау мақса-тында «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондары аймағы және оған іргелес елді мекендердің қоршаған ортасын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, тұрғындар денсаулығын, радиологиялық жай-күйін, радиа-циялық мөлшерін кешенді бағалау жұмыстары жүрді. Осы жұмыстардың қорытындысы жақында қоғамдық тыңдауда айтылды. Құрманғазы аудандық Мәслихатының депута-ты, Батыс Қазақстан «Нарын» антиядролық қозғалысы Үйлестіру Ке-ңесінің мүшесі Мансұр ҚУАНЫШАЛИЕВ Энергетика Министрлігінің есебі оны мазалаған сауалдарға жауап бермегенін айтты.

Оның пікірінше, Азғыр ядролық полигонының жергілікті тұрғындарға тигізген зардабын кешенді зерттеу жұмыстары шала, атүсті жүргізілген. Есепте Азғыр өңіріндегі жерасты суы таза, ал, тұрғындардың денсаулық жағдайының көрсеткіштері жақсы делініп отыр. Зерттеудің мұндай позитивті қорытындысымен келісе қою қиын.

- Мысал келтірейін, - дейді М.Қуанышалиев. - Қоғамдық тыңдауда Азғырдағы ауыз суды зерттеу нәтижесін ұсынған-лаған «Экосервис» ЖШС-нің маманы Азғыр құдықтарының суы таза екенін хабарлады. Ал оның сапасыздығы су таситын водовоздар және құдықтардың санитарлық норма талаптарына сәйкес болмауынан екен.

- Ал, шындығында қалай?

- Шындығында олай емес, оны ауыз су құрамын зерттеген Азғыр ғылыми-өндірістік радиологиялық экспедициясының мәліметі көрсетіп отыр.

- №2002 гидрогеологиялық ұңғымаларға арналған бұрғы қондырғысы орналасқан Азғыр халқы күні кешеге дейін су ішкен Лауан участогіндегі суда стронций - 8350 мкг/л;

- Азғыр ауылынан 1 шақырымда орналасқан №1081 бұрғысында стронций - 25600мкг/л. Норма бойынша, стронций 100 мкг/л болу керек.

- Азғырдың №1 құдығында барий - 271 мкг/л, №4 құдығында – 240 мкг/л, норма бойынша - 100 мкг/л-дан аспау керек.

- №2002 гидрогеологиялық бұрғысында марганец - 1160 мкг/л, №2004-те - 350 мкг/л, №2005-те - 277мкг/л, №1081-де - 807 мкг/л. Азғыр халқы су ішіп отырған Азғырдың №2 құдығында 2230 мкг/л; «Бұлақ» құдығында - 442 мкг/л, мал су ішіп отырған Азғырдың №2 құдығында - 2230 мкг/л; норма бойынша марганец суда 100 мкг/л-дан аспау керек;

Сол секілді ұңғымалар мен құдықтарда темірдің де бірнеше есе мөлшерде артық екендігі анықталды. Бұл жергілікті халыққа осы су көздерінен ауыз суды мүлдем пайдалануға болмайды деген сөз.

- Қоғамдық тыңдауда есеп жасаған авторлар Азғыр тұрғын-дарының денсаулығы жақсы деген мәлімдеме жасапты...

- Иә. Қоғамдық тыңдау барысында Денсаулық сақтау министрлігі «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми орталығы» РМҚК «Азғыр» және «Капустин Яр» полигондары іргесіндегі ауылдар тұрғындарының денсаулық жағдайын және дозалық жүктемесін анықтау мақсатындағы зерттеу жұмыстарының қорытындысын хабарлады. Орталық өкілдерінің айтуларынша, өңір адамдарының денсаулық көрсеткіштері экологиялық жағынан таза аймақтар тұрғындарының денсау-лық көрсеткіштерінен де жақсы жағдайда екен (!). Алайда қоғамдық тыңдау үстінде мен тікелей сұрақ қойғанымда бұл Орталықтан ешкімнің Азғыр өңірінің бірде-бір ауылына келіп, адамдардың денсаулығын тексермегенін айтты және оған қаржының бөлінбеуі себеп екенін тілге тиек етті. Олар мәліметтерді жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің статистикалық есептеуі бойынша алып, қорытынды жасағанын мойындауға мәжбүр болды. Бұған не дерсің?

- Азғыр суы мен топырағының радиоактивті және басқа да бүлінуінің басты себебі жерасты ядролық жарылыстар екені анық...

- Иә. Жарылыс алаңдарында пайда болған тұз қабаттарының қуысында радиоактивті заттар сақталып қалған. Бұл қуыстар түгелге жуық жерасты суларымен толып тұр. Демек, радиоактивті тұздықтардың жерасты сулары (горизонт) ағынымен жан-жаққа тарап, өзен-көлдерге қосылу қаупі бар деген сөз.

Жер астында ядролық жарылыстар жүзеге асырылған алаңдардағы өсімдіктер мен топырақтағы радий мен цезий мөлшері 2006-2007 жылдары 6500 беккерель/кг-ге дейін жетті. Егер жерасты сулары ағынымен радиоактивті тұздықтардың таралуын, радиоактивті топырақтардың желмен шаң-тозаң түрінде ауаға ұшуын, радиоактивті газдың атмосфераға таралуын, сонымен қатар радий-цезийдің және радий-стронцийдің жартылай ыдырау мерзімі 27-30 жыл, плутоний - 238, оның изотопы - 90 жыл, плутоний - 240-6600 жыл, плутоний - 239-24000 жылға созылатынын ескерсек, онда Азғыр маңының қоршаған ортасының адам денсаулығына аса қауіпті әсері ұзаққа созылатынын, тіпті, мәңгілік болуы мүмкіндігін де жоққа шығармай, мойындауымыз керек.

Тағы бір алаңдатып отырған жайт, сынақ алаңдарында топырақты тазартудан кейін радиациялық фон 2007-2009 жылдары, шамамен, 40 мкр/сағ-ты құрады. Ал, қазір 150 мкр/сағ-қа дейін көтеріліп кетті. Радиоактивті заттардың миграциясы қайдан? Неліктен? Бұған кім жауап береді?

- Сіз бұдан бұрын да Азғыр тұрғындарын ядролық жарылыстар зардабынан қорғау бойынша ешқандай шаралар алынбай отырғандығы жөнінде бірнеше рет айтқансыз. Бұл мәселеде жылжу бар ма?

- Ядролық жарылыс жасалған 11 алаңның жәй сыммен қоршалғанына 15 жыл болды. Қоршаулардың қазіргі күйі сын көтермейді. Сымдары үзіліп, бағандары құлап жатыр. Тіпті, аса қауіпті №2 және №5 жарылыс алаңдарына мал емін-еркін кіріп-шығып жүр. Облыс бюджетіне төленетін «экологиялық» төлемдер соңғы үш жылда (2012-2014 ж.ж.) 146,5 млрд-ты құраған. Осы уақыт ішінде 5,0 млрд теңгеге 48 аса маңызды табиғат қорғау іс-шаралары жүзеге асырылған. Атап айтсақ, Жайық өзенінің жағалауын бекіту, Исатай селосын құм басудан қорғау, экологиялық ағарту және насихаттау қызметтерін өткізу, т.б. Алайда, Азғырдағы атом алаңдарын қоршау жұмыстары мүлде жүргізілген жоқ. Бұл облыстың қоршаған ортаны қорғау саласындағы құзырлы органдарына аса маңызды болып саналмайтыны қалай? Әлде Азғыр жері Атырау облысының құзырына кірмей ме? Аса маңызды табиғат қорғау іс-шараларының бірі - құм басудан қорғау болса, онда осы Азғырдың 9 елді мекенінің бәрі де құм астында жатыр ғой.

- Жоғарыда сіз айтып өткен Азғыр ғылыми-өндірістік радиологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын қаншалықты жиі жүргізіп отыр?

- Бұл экспедиция жыл сайын сәуір-қазан айларының аралығында жарылыс алаңдарына мониторинг жүргізеді. Бірақ оның нәтижелерінен жергілікті халық мүлдем хабарсыз. Ал, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік органдар мен ұйымдардан уақытылы, толық және дұрыс экологиялық ақпарат алуға құқылы.

2008 жылы облыс бюджетінің қаржысына «Азғыр полигоны бойынша ақпараттық деректер қоры» құрылып, Ядролық Физика Институтымен (ЯФИ) келісімшарт жасалды. ЯФИ ай сайынғы мониторинг қорытындыларын Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына беріп отыруға міндеттелген. ҚР «Тұрғындардың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Заңының 20-бабында мемлекеттік органдар БАҚ арқылы өлкенің радиациялық жағдайы туралы халыққа хабарлап отыруға міндеттелген. Бірақ ол іс жүзінде орындалып отырған жоқ. Бұл не құпия? ҚР Конституциясының 31-бабының 2-тармағында: «Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады» делінген. Мұны неге естен шығарамыз?

Былтыр ЯФИ-дің 4 өкілі келіп, кешенді зерттеу жұмыстарын атүсті жүргізіп кетті. Тек радонометрмен әр үйден радон мөлшерін өлшеді. Негізінде радон радиоактивті газын үйден емес, жарылыс болған алаңдардағы «әскери ұңғымалардың» түбінен өлшеу керек.

М.Қуанышалиев: Кезінде полигон зардабынан Азғырда лейкемия ауруынан 10 жасар оқушы қыз Г.Жанғазиева, мал дәрігері Е.Ботағарин, Балқұдық орта мектебінің мұғалімі Б.Қапаева мезгілсіз өмірден озды. Азғыр селолық округіне қарасты елді мекендерде 1990-2004 жылдар аралығында онкология ауруларынан – 69 адам, қан айналысы ауруларынан – 85 адам, өзіне-өзі қол салудан – 14 адам қайтыс болды.

Ай сайын радиациялық фонға мониторинг жүргізетін Азғыр экспедициясының қолындағы құралы - СРП-68-01 аспабы (прибор). Бұл әрі ескі, әрі геологиялық барлау жұмыстарына арналған, сынақ алаңдарын зерттеуге бармайтын, өлшемі микрорентген аспап. Бұл – зерттеу жұмыстары бойынша берілген есеп түгелімен қате деген сөз. Өйткені, қазір микрозиверт өлшемінен де асып, Халықаралық тәжірибедегідей кюримен өлшенетін аспапты қолдану керек.

Біздің елімізде аймақтардың экологиялық жағдайын реттейтін заңдық негіздер қарастырылмаған. Ал, Ресей елінде әртүрлі экологиялық аймақтардың мәртебесін анықтаған бірнеше нормативтік-құқықтық актілер бар. Солардың бірі «Жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақ» деп аталады. Біздің парламентке де осындай заңдарды қабылдайтын мезгіл жетті деп есептейміз.

- Жабылған Азғыр ядролық полигонынан бөлек өз жұмысын жалғастырып отырған Ресейдің «Ашулук» ракеталық полигоны бар. Бұл полигон қызметі де шекарадағы қазақ ауылдарының тұрғындарына жайсыздық әкелген.

- «Ашулуктың» шекарамызға, соның ішінде Азғырға жақын орналасуы халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Азғырдың тұзды қабаттарында ядролық жарылыстардан кейін пайда болған қуыстарға сейсмикалық әсер ету қауіпті болып танылды. Сондықтан, ҚР Үкіметінің 18 қараша, 1998 жылғы №1176 санды қаулысымен Азғыр төңірегінде геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстарына тыйым салынған. Алайда жарылыс алаңдарымен іргелес 25-30 шақырым жерде орналасқан Ресейдің «Ашулук» ракеталық полигонында екі жыл бойы (2011-2012 ж.ж.) тозығы жеткен снарядтар жару арқылы утилизацияланды.

«Ашулукқа» іргелес қоныстанған біздің малшылардың қора-қопсылары құлап, үйлерінің қабырғалары жарылды. Асан, Азғыр, Балқұдық ауылында жарылыс күші анық білініп, есік-терезе солқылдап, ыдыс-аяқ сылдырлады. «Ядролық тұздыққа» толы тұз қабаттарындағы қуыстардың қандай техногендік күйге ұшырап жатқанын бір Алланың өзі біледі. Оның үстіне, Азғырдың дәл іргесінен шекара бойынан «Ашулук» полигонына жалғас Ресей мемлекеті танктері үшін ату-жаттығу полигонының құрылысын бастап кетті...

- Сіз тығырықтан шығудың қандай жолдарын ұсынасыз?

- Біз, азғырлықтар, жоғарғы органдардан өмірлік маңызы бар мәселелерді жедел түрде шешуді сұраймыз: 1. Ядролық сынақ жасалған аса қауіпті 11 алаңға мықты қоршау тұрғызу; 2. Әрбір жарылыс алаңының айналасына радиоактивті топырақтың желмен көтеріліп ұшуына қарсы шөлейт аймаққа төзімді тал-терек отырғызып көгалдандыру; 3. Жарылыс алаңдары төңірегінің гидрогеологиялық картасын жасап, жерасты суларының ағынының бағытын анықтап, алдын алу шараларын жасау; 4. Республикалық, облыстық деңгейде «Азғыр ядролық сынақ алаңдарына іргелес елді мекендерді экологиялық сауықтыру және әлеуметтік қорғау» бағытында арнайы бағдарлама қабылдау; 5. Азғыр өңірі шекаралық аймағынан жаппай үдере көшу қарқынын тоқтатып, елді тұрақтандыру аса маңызды геосаясат. Сондықтан Азғыр өңірінің су, газ, жол мәселелерін түпкілікті шешу қажет; 6. Азғырлықтар үшін Ганюшкино селосынан оңалту орталығын ашу.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 маусым 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.