Атыраудағы нөсер салдарын баспанасыз қалған ондаған отбасы әлі күнге дейін сезінуде. Көптен күткен жолдар салынған кезде биіктетілген еді, енді ол жағымсыз жағдайда қалдырды: көптеген үй ылдида қалды. Біз гидрогеология ардагері Едіге САБУРОВТАН (суретте) қаланы құрғатып, топан су салдарынан қалай құтылуға болатынын сұраған едік. Оның жауабы біз үшін күтпеген жайт болды.
ЖЕРАСТЫ СУЫНЫҢ ДЕҢГЕЙІ
Атыраулық синоптиктердің мәліметі бойынша, мамырдың 11-інен 12-сіне қараған түні 55 мм жауын-шашын түскен. Биіктігі 5,5 см болатын су қалыңдығын елестетіп көріңіз. Әсер етпей ме? Ал, енді осы цифрды селолық округтерді қосқанда бүкіл қала алаңына көбейтіңіз (қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметтері бойынша - 25 мың га). Сонда орасан көп цифр шығады - бір түнде 13,75 млн тонна су түскен.
Бұған нашар булануды (өйткені, бұл күндері салқын болды), бүкіл қала аумағындағы жерасты суының жоғарғы деңгейін, әлсіз дренаждау қабілеті мен топырақ өткізгіштігінің төмендігін қосыңыз. Судың кететін жері жоқ еді.
Соңғы мәліметтер бойынша, коммуналдық қызметкерлер бар болғаны 302 мың текше метр су тартып шығара алған. Бұл жауған жауын-шашынмен салыстырғанда теңіздің тамшысындай ғана. Бүкіл суды тартып шығару үшін 10 тонналық бір КамАЗ 1 375 000 рейс жасауы тиіс, ал, бұл ақылға қонбайды. Судың көп бөлігінің топыраққа сіңіп кеткені түсінікті...
«АЖ» редакциясы «Запказнедра» Өңіраралық департаментіне (ҚР Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің профильді ведомствосы) Атыраудағы жерасты суының деңгейі туралы сауал жолдады. Айта кетелік, бұл мекеме үшін жерасты суын өлшеуді оның мердігері «Атыраугидрогеология» ЖШС (бұрынғы Гурьев гидрогеологиялық экспедициясы мемлекеттік мекемесі) орындайды.
Өңіраралық департаменттің жауабын келтірелік: ««Запказнедра» ӨД Атырау қаласының жерасты сулары туралы ақпаратқа қатысты мынаны хабарлайды: қалалық құрылыс жағдайында жерасты суларының режимін зерттеу «Атырау облысындағы жерасты суларының режимі мен балансы, жағдайы мен тиімді қолданылуын зерттеу» нысаны бойынша жұмыстар аясында қала шеңберінде орналасқан жерасты сулары мониторингісі мемлекеттік желілерінің 58 режимдік ұңғымасы бойынша жүргізіледі. Жерасты суларының деңгейін өлшеу, жобаға сәйкес, айына үш мәрте орындалады. Жалғанған кестеде 2015 жылғы 8 және 15 мамырда жүргізілген режимдік бақылау мәліметтері келтірілген. Кестенің соңғы бағанында олардың арасындағы айырмашылықтар, яғни, бір апта мерзімде жерасты сулары деңгейінің көтерілу шамасы көрсетілген.
Төкпе жаңбырдан соң қала аумағында экстремалды жоғарғы деңгей 0,25-0,5 м белгілерінде тіркелген».
Егер кестеге қарасақ, қай аудандарда жерасты сулары жақын орналасқанын көруге болады. Мәселен, Майлин мен Амандосов көшелерінің бұрышы (Бұл Алмагүл ауданы жаққа қарай бірінші учаскедегі бүкіл жеке сектор): жауынға дейін осы ауданда орналасқан ұңғымалар 30-45 см, жауыннан кейін – 23-40 см белгіні көрсетті. Құрманғазы көшесінің бойында («Мерей» базарына қарсы) жауыннан кейін су деңгейі 73-86 см-ге дейін көтерілді. Кей аудандарда жерасты сулары одан да жоғары: 1,10-1,30 м-ге көтерілді. Алайда, гидрогеологтардың айтуынша, бұл жерде Жайықтың жақын орналасуы (мәселен, Әйтеке би көшесі) мен көктемгі тасқын күндерінде өзендегі су деңгейінің көтерілуі рөл атқарады.
Қаланы су басудың негізгі себептері мен көздеріне қатысты «Запказнедрадан» төмендегідей жауап берді:
«Атырау облысы аумағындағы жерасты суларының режимін, балансын және жағдайын, оларды тиімді пайдалануды зерттеу» нысаны бойынша есептер мәліметтерге сүйенсек қаланың қазіргі аумағы Каспий теңізінің кезең-кезеңмен қайталанып тұратын трансгрессиясы және Жайық өзеніндегі өзгерістерге байланысты процестердің әсерінен қалыптасқан аккумулятивті теңіз және аллювиальді саға шеңберінде орналасқан.
20 метрге дейінгі тереңдіктегі тіліктің жоғары бөлігі литологиялық және фациальды қатынаста оны құрайтын жыныстардың біртекті болмауымен сипатталады: теңіз және құрлықтық сазбалшықтар, балшықтар, құмдақтар, сағалық, аллювиальды, көл және сор генезисінің құмдары.
Атырау қаласының аумағының гидрогеологиялық жағдайы өзінің күрделілігімен ерекшеленеді.
Біріншіден, қаладағы құрылыстар алаңы жұқа дисперсті материалмен қапталған, олардың сүзу қасиеттері өте төмен. Су тартып шығарушылардың мәліметінше, сүзу коэффициентінің көлемі төмендегідей: саз балшық үшін – тәулігіне 0,1 м, балшықтар үшін – тәулігіне 0,25 м, құмдақтар үшін – тәулігіне 0,5 м және құм үшін тәулігіне 1,0 м.
Қаланың жер астындағы гидрогеологиялық тілікте – сазбалшықтар - 35%, балшықтар - 30%, құмдақтар - 25%, құмдар - 10%-ды құрайды.
Қала аумағы үшін сүзу коэффициентінің орташа өлшенген мәні тәулігіне 0,33 м құрайды. Алайда тіліктегі шұғыл фациальды өзгеріс сүзу коэффициентінің кең ауқымда өзгеруіне әкеліп соғады.
Екіншіден, аумақ дұрыс дренаждалмайды, гидравликалық еңіс 1 шақырымға 0,00004-0,00008 м құрайды. Мұндай жағдайда өзен арнасының дренаждаушы әсері өзен кемерінен 200 м-ден аспайтын қашықтықта байқалады. Суландырылған болып барлық литологиялық айырмашылықтар табылады.
Барлық факторлар кешенінің нәтижесін-де қала аумағы үшін жоғары деңгейлі жерасты суларының локальды учаскелердің болуы тән. Көп жылдық бақылаулардың мәліметтері бойынша олардың аумақ-тарының кеңейгенін байқауға болады.
Жылдық циклдегі деңгейлер режимі олардың жоғары орналасуына байланысты жауын-шашынның аз жауған мөлшеріне, су құбырларынан аққан су есебінен қосымша инфильтрация және жасыл желектерді суару есебінен тез әсер ететінімен сипатталады.
Қала құрылысы жағдайында қалыптасқан күрделі гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық жағдайда жер астына сүзілген аз ғана атмосфералық ылғал немесе техногендік судың өзі де жерасты суларының деңгейін көтеруге жеткілікті. Көп мөлшердегі атмосфералық жауын-шашын кезінде су ағызатын құрылғылардан су жер астына сіңіп, жерасты суларының локальды горизонталын қалыптастырады, сол «верховодка» дегеніміз өз кезегінде су басу, учаскелердің қайта сорлануы сияқты көптеген жайсыз жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін.
КАМАЗДАР ПРОБЛЕМАНЫ ШЕШПЕЙДІ
Гидрогеолог Едіге Сабуров былай дейді:
- Қаладағы орталық аудан, Сәтпаев көшесінің шартты түрде – ұзындығы 2000 метр бөлігін алайық. Даңғылдың екі жағындағы ағын судың ені, шамамен, 150 метрден (бүкіл цифрларды минимуммен алып отырмын). Төңіректің бәрі асфальтталған, осы алаңдағы, соның ішінде, жақын маңдағы үйлерден (қабатты үйлер мен жеке үйлерден) аққан бүкіл су ең аласа нүктеге құйылады. Егер ашық жер болса, ол жерасты суларына толы. Сол мамыр түні 55 см жауын-шашын түсті, сонда жан-жақтан 33 мың текше су құйылатын болғаны. Осы бөліктегі суды құрғату үшін бір 10 текшелік КамАЗ күніне 3 300 рейс жасауы тиіс. Егер күніне орташа алғанда осындай бір КамАЗ 100 текше тартатын болса, бізге Сәтпаев көшесінің тек бір бөлігін кептіру үшін 330 КамАЗ қажет.
Бүкіл қаладағы суды құрғату үшін 3-4 мың КамАЗ қажет. Енді салық төлеушіден, мәселен, менен: өз қалтаңыздан осы машиналар үшін төлеуге әзірсіз бе деп сұраңыз. Жоқ. Біз үнемі иесіз деп есептеп, бюджеттен абстракцияланамыз. Бірақ ол біздікі ғой. Ешкім де мұндай көлемдегі КамАЗ-ды сатып алмайды. Демек, проблема КамАЗ-да емес.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
КӨГАЛДАНДЫРУ. Теректердің тамырлары арқылы топырақтан суды сіңіріп алып, жапырақтары арқылы судың көп бөлігін буландыратыны белгілі. Су деңгейін өсімдік есебінен шығынсыз төмендетуге болады. Қай жерде өсімдік болса, сол жерде топырақ босайды, тамыр болғандықтан жер сорғыш (губка) секілді болады. Өсімдік – табиғат берген сорғы.
ДРЕНАЖ. Бұған қатысты да бізде оңай емес. Дренаждың бірнеше түрі бар.
Көлденең: перфорацияланған тұрба төселеді, су құдыққа құйылып, сол жерден тартып шығарылады. Біздің жағдайда осындай бір тұрбаны 2,5-3 м тереңдікке төсеу үшін бүкіл ылди ескеріліп (әйтпесе, су ақпайды), бізге әр көшені қазып, бетінен мыңдаған тонна қоймалжың балшықты сарқып алуға тура келеді. Арнайы есептеулер бар. Оның авторы - еңбек сіңірген гидротехник Нұғман ҚАРАБАЛИН. Мен оның дұрыстығына өз тәжірибем арқылы көз жеткіздім. Біздің жағдайда көлденең дренаж мүмкін емес. Сәулелік дренаж деген бар – бірақ бұл өте қымбат тұрады.
Тік дренаж проблеманы локальды шешуі мүмкін. Тағы бір жол бар – Санкт-Петербордағыдай, Париждегідей айналдыра жерасты каналын салу. Метродағы тоннель сияқты көрінеді, бұл жерде бүкіл коммуникация, тұрбалар, телефон, ортасында – сарқынды сулар құйылатын арық болады. Біздің жағдайда, бұл да құны жағынан ақылға қонымсыз деп ойлаймын. Бірақ егер Париж тарихын еске түсіретін болсақ, Наполеонға дейінгі бүкіл ғасыр бойы қала лас суларға батып, адамдар індетке шалдыққан болатын. Тек император ғана тоннельді сала бастаған еді.
СІЗ МҰНЫ «СЕПТИК» ДЕП АТАЙСЫЗ БА?
Бізде жеке сектордағы әр аулада «септик» бар. Шұңқыр қазып, оны ракушеблокпен қалаймыз немесе оған металл бөшке саламыз. Көбінесе, вакуумды үнемдеп, су жаймен топыраққа кету үшін тастардың арасына немесе бөшкеге саңылау жасаймыз. Бірақ басқа қалаларда қатаң сақталатын арнайы құрылыс нормалары мен ережелер бар. Мәселен, Таразда жерасты сулары өте тұщы: адамдар аулаға шағын ұңғыма қағып, суды тартып шығарып, ішеді. Сондықтан ол жерде лас сулардың жерасты суларына құйылмауын қатаң қадағалайды. Бізде тұщы су болмаса, төге берейік деп есептейді. Төгеміз. Экономикалық зиян жоқ секілді. Бірақ не болатынын қараңыз. Септик лық толған кезде оның ішіндегі су капилляр бойымен секілді топыраққа сіңе береді. Су деңгейінің көтерілгені аз болғандай, топырақ лас сулармен қанығады. Тіпті, сіз септикті тартып шығарсаңыз да, ластанған су топырақта қалады. Бұған біздің септиктеріміздің стандартты еместігін қосыңыз, онда ауа айналмайды. Үнемі шіру процесі жүреді. Ол жерде бактериялардың көбейетіні сондай, бүкіл ауру болуы мүмкін. Бактериялар өте өміршең болып келеді. Кеңес дәуірінде бізде әлдебір ескі моланы шайып кеткен кезде сүйектерді тасымалдағанда оба, тырысқақ және т.б. аурулардан қауіптеніп, аса сақтық танытатын еді. Оның үстіне, бізде бұл тұрғыда қауіпті өңір. Осы ластанған су септиктің айналасындағы топырақты қанықтырады. Ол бір кездері жоғарыға шығуы мүмкін. Бір-екеуі жұқтырса, індет көзді ашып-жұмғанша таралып кетеді. Енді біз өмірімізге қауіп төніп тұрғанда, бізге жерасты тоннелін немесе ең болмағанда орталықтандырылған кәріз жүйесін салу қымбат па деп сұраймыз. Біз өз өмірімізді қаншалықты бағалаймыз? Орташа қазақстандықтың өмірі, шамамен, орташа статистикалық еуропалықтың өмірінен жүздеген есе арзан екенін түсінемін.
Егер қала тарихын парақтайтын болсақ, көпес балық аулау үшін елді мекеннің негізін салды. Елді мекен балық аулау экономикасына тәуелді болды. Енді үлкейгеннен кейін, тіпті, облыс орталығына айналған кезде де оның көшелері үнемі балшыққа батып жататын. Кеңес дәуірінде де солай болды. Бірінші учаскеде мен үйімдегі суды өзім тартып шығардым. Баспана бергені есімде жоқ, үкімет ол кезде біз туралы ойламайтын. Ал сұрау туралы біздің ойымызда да болмайтын. Бірақ бізді асфальттың аз болуы құтқаратын еді.
СОЛТҮСТІККЕ КЕТУ КЕРЕК
Қаланы судан қалай құрғатып, құтқаруға болатынын білмеймін. Топырақ қаныққан, суды қабылдамайды, беті тегіс, дренаж жүйесін немесе тоннель салу өте қымбат. Бір жолы – басқа жерден жаңа қала салу керек. Мұнда коммуникациядан бастап міндетті түрде су бұруды ескеру керек. Мәселен, егер су құбыры арқылы бізге 100 текше су берсе, сонша бөлінуі тиіс, оған жауын-шашынды қосыңыз. Бізде бас жоспарлар шексіз әзірлене береді, бірақ су бұру туралы ешкім ойламайды. Бізде мұндай ұғым жоқ. Оның орнына септиктер бар. Орталықтандырылған кәріз жүйесі, заманауи булану алаңы болуы керек.
Жаңа қала идеясы менікі емес. Әлі есімде, тәуелсіздік қарсаңында жұмыс бойынша далада болған едім. Қарасам, ол жерде облыстың бірінші басшысы топпен бірге жүр екен. Олардың не істеп жүргенін сұрадым. Қаланы көшіретін жер іздеп жүргенін айтып еді.
Егер сіз жергілікті агрономдармен сөйлессеңіз, бізде агрессиясы аздау топырақ қай жерден басталатынын сұрасаңыз, Жалғансайдың сыртында және өзен бойымен солтүстікке қарай екенін естисіз.
Біз Атырау қаласынан қалай еткенде де кетеміз: 10 жыл немесе 20 жылдан кейін болсын, білмеймін, бірақ кетеміз. Оның себебі бірнешеу.
Құрылыс тығыздығының жоғарылығы, тар көшелер, заманауи көлік жүйелері мен коммуникациялар салудың мүмкін болмауы. Қазірдің өзінде көлік коллапсы байқалады.
Экология туралы көп айтпаймын. Құрметті Мұфтах ДИАРОВ қалаға зауыттардың қауіпті жақындықта тұрғанын үнемі айтады. Басқа қауіптілік – ресейлік су қоймасы. Жайықтың жоғарғы жағында бірнеше су қоймалары бар, ол жерде РФ-ның әрбір өңірі ТЖ болған жағдайда шлюздерді ашу жөніндегі шешімді өздіктерімен қабылдау құқығына ие. Ал егер сол ТЖ орын алса ше? Су біз салған бүкіл әлсіз бөгеттерді шайып жібереді.
Септиктерімізге оралайық. Тіпті, біз дренаж жасасақ та, бұл суды қайда бұрамыз деген сұрақ туындайды. Су тұзды, ластанған. Егер қала төңірегімен жүріп қайтсақ, экологиялық «шахид белдігін» көре аламыз. Қоқыс шығарындысын ешкім бақылауға алмайды. Жер-жерде септиктегі суды төгіп жатқан сарғылт машиналарды көресің. «Шахид белдігі» жиналуда. Ол жерде жел соғып тұрады, мал да жүреді, бәрі бір сәтте індетпен «жарылуы» мүмкін.
Мен жамандық шақырғым келмейді, бірақ егер ертеңгі күнімізді ойлар болсақ, жаңа қала болуы тиіс. Әкімдер бізде қонақ үйдегідей - әрқайсысы 5-6 жылдан тұрып кетеді. Жаңасы келіп, бұрынғы әкімді сынға алып, өз жұмысын бастайды. Сабақтастық деген жоқ. Алайда бізде осындай жағдайда нөсерден кейін қандай болады, картасын жасап, қаншасы суға кетуі мүмкін, не істеу керектігі туралы баяғыда-ақ жобасын жасап шығаруға тиіс еді. Бізде экологиялық ҮЕҰ-дар өте көп, көпті біліп, еске сақтаған ақсақалдардың қамқорлығымен жиналуға болады ғой. Оларда құнды ақпараттар өте көп.
АЛДАМЖАРОВ: БІР КЕЗДЕРІ СОНДАЙ ИДЕЯ БОЛДЫ
Біз қаланы көшіру идеясының авторымен хабарластық. Ол 1990-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеген Ғазиз АЛДАМЖАРОВ болып шықты. Қазір ол Алматыда тұрады, былтырға дейін Қазақстанның Коммунистік партиясына басшылық етті.
– Ғазиз Қамашұлы, сіз шынымен де қаланы көшіргіңіз келді ме?
– Иә, бұл бір кездері менің идеям болатын. Кез келген қаланы тазартып, сыпырып, басты көшелерді жөндеуге болады. Бірақ жауын жауып өтсе, оның шынайы бейнесі көрінеді: кәріздік дренаждың жоқтығынан балшық пен шалшық су түзіледі. Дренаж салуға әлденеше рет талпынды, бірақ ол топырақтың әсерінен аяқталмай қалды. Кезінде мамандар судың неліктен кетпейтінін түсіндірді. Мәселе мынада. Қалада бір-бір жарым метр жерде суды өткізбейтін шыны тәрізді қабат бар екен. Мұны Ленинград гидрогеология институтының тиісті мамандары растады. Сол кезде қаланы көшіру туралы ой келді. Әбден көзімізді жеткізу үшін біз оларды шақырдық. Нақты есімде жоқ, одан бері қаншама жыл өтті.
Ленинград гидрогеологтары топырақты зерттеп, қаланы құрғатудың бірнеше нұсқаларын ұсынды. Олар қаланы шаршыларға бөліп, шаршылардың периметрі бойынша дренаждың рөлін атқаратын каналдар (су мен шіріген қалдықтар жиналатын орынға айналған қазіргі қаладағы арықтар секілді емес) қазуды ұсынды. Екінші нұсқа: тік дренаж болатын.
Қай нұсқа жақсы болады деп сұрағанымда, олар Каспий суы деңгейінің тербелісін, климаттың өзгерісі мен мол су тасқынын ескеріп, қаланы көшірген жақсы екенін ұсынды. Біз осы жұмысты қолға алдық. Сол уақытта Теңіз кеніші дами бастады. Соған байланысты мен елдің жоғарғы басшылық деңгейінде: Теңізді игерумен қатар жаңа қала мен электричка үшін жол салу туралы ұсыныс енгіздім.
Жаңа қаланың орны үшін Махамбет ауданын (16-17-ші ауылдар, Сарайшыққа қарсы) таңдау жоспарланды. Өйткені, ол жерде жерасты суларының орналасқан тереңдігі өте үлкен. Сол жерге мамандарды апардық. Сәулетшілерге 250-300 мың адам тұратын болашақ қаланың құрылысын жобалауға тапсырма бермек болдым. Осы бас жоспарды жобалау идеясы мынадай еді: қаланың негізгі әкімшілік бөлігі жағалау бойына орналастырылып, ол арқылы тармақталып жан жаққа құрылыс салу жоспарланды. Ешкім қарсы болмады. Сол кездері облыстық және қалалық сәулет басқармасында жұмыс істеген мамандардың көпшілігі менімен бірге 16-шы ауылға барды. Ол естерінде шығар. Егер көшіруді жүзеге асырғанда қала өзгеше болып шыққан болар еді.
– Қала қандай қаржыға салынбақ болды, шамамен есептеулер болды ма?
– Есептеулерге жетіп үлгермедік. Бірақ идея мынада болатын. Сол кезде мен Теңізден түскен табыстың 30 пайызын ең болмағанда 10 жылға әлеуметтік саланы дамыту үшін, баспана салу үшін жергілікті деңгейде қалдыруға рұқсат етуді өтіндім. Өйткені, жергілікті тұрғындардың лайықты өмір сүруге құқығы бар. Өңірді дамыту үшін және осы мәселе үшін Атырау қаласында республикалық мұнай концерні құрылды, сондай-ақ, Атырау облысына мұнай-газ компанияларының бас кеңселерін көшіру ұйғарылды. Мен лауазымнан кеткеннен кейін көптеген кеңселер автоматты түрде Алматыға көшіп кетті.
Жаңа қаланы салу идеясын атқарушы комитет отырысында және үкімет деңгейінде айттым. Бәрі де ауызша келісім берді. Сол кезде Теңізден вахталық поселке салу, Құлсарыны дамыту мәселесі тұрды. Біз адамдарды қинау қажет емес, оларды өмір сүру мүмкін емес аймаққа тықпалаудың керегі не деп, бүкіл қаржыны жаңа қала салуға жұмылдыруды, таңертең оған отырасың да, 2 сағаттан соң жұмыста боласың деп, электричкаларды шығаруды ұсындық. Мен бүгінде Шеврон жұмыс жасап жатқан шарттармен келіспедім. Бұл жеті мөрмен жабылған келісімшарт, өйткені, кеніш болмашы ақыға берілген. Ал жаңа керемет қаланы сол кезде салуға болатын еді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор
15.05.2015 күнгі ахуал бойынша жерасты сулары деңгейінің кестесі
№ р/с | Ұңғымалар мекен-жайы | №№ ұңғыма | Су деңгейіне дейінгі тереңдік, ұңғымамен | Деңгейдің көтерілуі, м (+) | |
8 мамырда жүргізілген өлшемдер | 15 мамырда жүргізілген өлшемдер | ||||
Атырау нүктесі, қалалық құрылыстар учаскелері (сол жақ жағалау) | |||||
1 | Привокзальный м/а, №2 мектеп-балабақша маңы, Берғалиев көшесі | 16 17 19 | 1,06 1,0 1,12 | 1,0 0,97 1,04 | +0,06 +0,03 +0,08 |
2 | Темірханов көшесі (Шағала қонақ үйіне қарсы, жағалау) | 93 | 2,0 | 1,20 | +0,80 |
3 | Темірханов пен Мәмекұлы көшелерінің қиылысы | 94 | 1,25 | 1,05 | +0,20 |
4 | Бейбарыс даңғылы (Әлиев көпірінің түбінде) | 96 98 | 0,80 0,92 | 0,70 0,62 | +0,10 +0,30 |
5 | Момышұлы көшесі (Светлана аялдамасы) | 97 | 1,25 | 1,10 | +0,15 |
6 | Махамбет пен Уәлиханов көшелерінің қиылысы | 188 188А | 1,48 1,37 | 1,20 1,05 | +0,28 +0,32 |
7 | Майлин мен Амандосов көшелерінің қиылысы | 189 189А | 0,30 0,45 | 0,23 0,40 | +0,07 +0,05 |
8 | Канцев көшесі | 190 190А | 1,43 1,45 | 1,20 1,18 | +0,23 +0,27 |
9 | Абай көшесі (облыстық әскери комиссариат) | 191 | 1,32 | 1,20 | +0,12 |
10 | Дружба көшесі | 192 193 | 0,65 1,03 | 0,43 0,97 | +0,22 +0,06 |
11 | С.Датұлы көшесі | 194 | 1,18 | 1,08 | +0,10 |
12 | Смағұлов көшесі («БСМП» маңы) | 195 196 | 2,74 2,01 | 2,08 1,91 | +0,66 +0,10 |
13 | «КАЗнипиНЕФТЬ» маңы | 197 | 1,31 | 1,30 | +0,01 |
14 | Махамбет пен Досмұхамедов көшелерінің қиылысы | 198 | 1,22 | 1,18 | +0,04 |
15 | Әліпов көшесі | 199 | 1,20 | 0,68 | +0,52 |
16 | Махамбет көшесі | 200 | 1,63 | 1,19 | +0,44 |
17 | Смағұлов көшесі («Ағила» сауда үйі маңы) | 201 | 1,23 | 1,0 | +0,23 |
18 | Азаттық көшесі («Сауран» СҮ маңы) | 203 | 1,20 | 0,92 | +0,28 |
19 | Әуезов көшесі | 204 | 0,95 | 0,90 | +0,05 |
20 | Әуезов көшесі («Мұнайшы» стадионы) | 205 | 1,59 | 1,46 | +0,13 |
21 | Әуезов көшесі (Жилгородок, соңғы аялдама) | 206 | 1,97 | 1,84 | +0,13 |
Атырау нүктесі, қалалық құрылыстар учаскелері (оң жақ жағалау) | |||||
22 | Досмұхамедов көшесі мен Досмұхамедов өткелінің қиылысы | 42 | 0,93 | 0,56 | +0,37 |
23 | Пушкин көшесі мен Жансүгіров көшесінің қиылысы | 43 | 1,42 | 1,15 | +0,27 |
24 | Әйтеке би көшесі (жағалау) | 90 91 92 | 3,45 3,34 3,46 | 2,35 2,02 2,45 | +1,10 +1,32 +1,01 |
25 | Жангелдин көшесі | 101 | 2,95 | 2,24 | +0,71 |
26 | Құрманғазы көшесі | 103 | 1,98 | 1,43 | +0,55 |
27 | Атырау-әуежай көлік жолында (Тойота орталығына қарсы) | 104 | 2,32 | 2,15 | +0,17 |
28 | Атырау-Еркінқала көлік жолында | 119 167 | 1,68 1,0 | 0,95 0,62 | +0,73 +0,38 |
29 | Құрманғазы көшесі («Мерей» базарына қарсы) | 168 169 | 1,23 1,38 | 0,50 0,52 | +0,73 +0,86 |
30 | Құрманғазы көшесі («Тамаша» СОК артында) | 170 170А | 1,56 1,30 | 1,06 0,36 | +0,50 +0,94 |
31 | Әйтеке би көшесі (Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ маңы, 21 қабатты үйдің алды) | 171 | 3,0 | 2,70 | +0,30 |
32 | Құлманов көшесі («Сбербанк» алды) | 174 | 1,60 | 1,23 | +0,37 |
33 | Байтұрсынов пен Жарбосынов көшелерінің қиылысы | 176 176А | 0,90 0,93 | 0,60 0,56 | +0,30 +0,37 |
34 | Құлманов пен Пушкин көшелерінің қиылысы («БТА банк» жанында) | 177 177А | 1,0 1,40 | 0,87 1,32 | +0,13 +0,08 |
35 | Досмұхамедов пен Пушкин көшелерінің қиылысы | 179 | 1,88 | 1,63 | +0,25 |
36 | Товарищеская мен Досмұхамедов көшелерінің қиылысы | 180 | 0,91 | 0,63 | +0,28 |
37 | Құрманғазы көшесі | 181 181А | 1,45 1,70 | 1,31 1,55 | +0,14 +0,15 |
38 | Төлебаев пен Гагарин көшелерінің қиылысы | 182 | 1,57 | 1,22 | +0,35 |
39 | Молдағұлова мен Мақатаев көшелерінің қиылысы | 184 | 1,96 | 1,87 | +0,09 |