1 маусымда Коммуникациялар қызметі жергілікті филиалының баспасөз орталығында әлеуметтік «Жанашыр» жобасының таныстырылымы өтті. Оның мақсаты – балалар үйінің тәрбиеленушілеріне еңбек ұжымдарының қамқорлық жасауы болып табылады.
ЕРСҰЛТАН ЗАУЫТТА ЖҰМЫС ЖАСАҒЫСЫ КЕЛЕДІ
– Бүгінде компаниялар мен қарапайым азаматтар дүркін-дүркін балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетіп отыратын болған. Азық-түліктер, киім-кешек, ойыншықтар, кеңсе тауарлары және т.б. әкеледі. Бірақ балаларға бір мәртелік сыйлықтар ғана емес, ертеңгі күніне сенім беретін тұрақты, жүйелі қолдау қажет. Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша, балалар үйіндегі балаларға қолдау көрсеткісі келетін компаниялар үшін корпоративтік әлеуметтік «Жанашыр» қамқорлық жобасы әзірленді, - дейді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН.
Идея мынадай: ұжым баланы өз қамқорлығына алып, оны үш бағыт бойынша өмірге жетелейді: тәрбие, білім және әлеуметтік қолдау. Яғни, компания қызметкерлері баламен бірге демалыс және мереке күндерін өткізуге, онымен араласуға, кеңестер беруге қамқорлық көрсетеді. Оқудан бос уақытта балалар ересектерге көмектесе алады – компания балаларды өз қызметімен таныстырып, олардың қолдарынан келетін жұмыстарды орындауға жиі тапсырма беріп тұрады. Ұжым музыка немесе білім беру курстарына, спорт үйірмелеріне қатысқысы келетін баланы қолдай алады. Ең бастысы – бұл болашақта жұмысқа орналасуына кәсіпорынның көрсететін көмегі болып табылады. Сондай-ақ, интернат түлегі әрі қарай өзіне баспана сатып ала алуы үшін жоба шеңберінде компанияларға банктерден тұрғын үй депозитін ашу ұсынылды.
Бүгінде облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 709 бала бар. №1 интернатта 72 бала, тағы 49-ы отбасылық түріндегі балалар ауылында тұрады. Барлығы 121 бала. Оған қоса үш жасқа дейінгі 29 сәби Сәбилер үйінде тұрып жатыр. Интернаттағы және «Шаңырақтағы» балаларға қамқоршылар олардың қайсысы көмекке көбірек мұқтаж екенін – ешқандай туысы жоқ, мұрадан үміткер бола алмайтынын білуі үшін егжей-тегжейлі сауалнамалар толтырылған.
Төрт кәсіпорын балаларға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Isker консорциумы өз қамқорлығына отбасы түріндегі «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушісі Дамир ТӨРЕБАЕВТЫ өз қамқорлығына алды. АМӨЗ №1 интернат тәрбиеленушісі Ерсұлтан УРБАЕВҚА, АтырауСуАрнасы» – сол интернаттың тәрбиеленушісі Айман БАЯУОВАҒА, «Потенциал Ойл» –«Шаңырақ» тәрбиеленушісі Равиль МЕҢДІҒАЛИЕВҚА көмектесуді ұйғарды.
– Ерсұлтан бізге болашақта зауытта оператор немесе технолог болып жұмыс жасағасы келетінін айтты. Ол 8-сыныпты аяқтады, қазір каникулда оны Алматыға лагерьге, содан соң сауықтыру шипажайына жібереміз. Оқу жылы аясында математика, физика, химия пәндері бойынша қосымша сабақтардың ақысын төлеуге әзірміз. Ал 9-сыныптан кейін тиісті мамандыққа колледжге түсуіне көмектесеміз. Тұрғын үй құрылыс банкінен оның атына міндетті түрде есепшот ашып, қаржы аударып тұрамыз, - деп әңгімеледі «АМӨЗ» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Азамат АКИШЕВ.
Интернат мекемелерінің түлектері тегін баспана алуға құқылы. Өткен жылы, мәселен, 163 түлек пәтер алды, тағы 100 пәтерді биыл беру жоспарланып отыр. Алайда, біріншіден, әлі кезек күту керек, екіншіден, бұл баспана коммуналдық меншік иелігінде, мемлекеттен сатып алмайынша меншігіне өте алмайды. «Жанашырдың» ерекшелігі мамандығын алып, жұмысқа орналасқаннан кейін жас маман баспана алуға – ұжым бастапқы сомасын жинап беруге көмектескен соң өзі жауапты болады. Осылайша, жоба авторлары мемлекеттік шығындар тиімділігін көтеріп қана қоймай, біреуге иек артуға үйреніп қалған адамдарда кездесетін арқа сүйеушілікті жоюға үміт артады. Өйткені ата-анасыз қалған балаларды тәрбиелеу жүйесі кеңес дәуірінде қалыптасқан. Ол кезде мемлекет, шын мәнінде, адамды өмірге жетеледі. Содан бері қарай көп нәрсе өзгерді, бірақ балалар үйіндегі жүйе өзгерген жоқ.
«БҰЙРЫҚ БОЙЫНША ЕМЕС, ҚАЛАУЫ БОЙЫНША»
Брифингтен соң біз Шыңғыс Мұқанға бірнеше сұрақ қойдық.
– Жобада «ұжымдық әлеуметтік қамқорлық» деген жаңа ұғым бар. Бұл не өзі?
– Қамқорлық деп әдетте адамның бала үшін жеке жауапкершілігі түсіндіріледі. Ал бұл жерде әңгіме ұжымдық жауапкершілік туралы болып отыр. Ұжымдық қамқорлық – бұл заң жүзіндегі емес, іс жүзіндегі процесс. Балалар үйінің тәрбиеленушісіне тұратын орын, азық-түлік пен киім-кешек беру қажет болмағандықтан (балалар үйінде барлық жағдай жасалған), ұжымға баланың мүмкіндігін ашып, оның кейінгі тағдырына ықпал ету мүмкіндігі беріледі. Ұжым ата-анаға да, мұғалімге де, жұмыс берушіге де айналады. Әрине, мұнда балаларды қолдау мекеме басшысының бұйрығымен емес, қызметкерлердің түсіністіктерімен және қалауларымен жүзеге асуы өте маңызды. Сондай-ақ, материалдық қолдау мекеме немесе оның құрылтайшылары есебінен ғана емес, ұжымнан, мәселен, кәсіподақ жарналары есебінен жүзеге асуы маңызды.
– Әңгіме қандай материалдық қолдау мөлшерінде болып отыр?
– Атап өтейін, қаржы көлемі ұжым мүшелерінің өз еріктеріне және көмектесу ниеттеріне байланысты. Әлеуметтік қолдауға келер болсақ, онда, мәселен, тұрғын үй-жинақ жүйесі арқылы бір бөлмелі пәтерге қаржы жинау үшін, айына 50 мың теңгедей қажет болады. Көптеген ұжымдар үшін бұл қолдан келерлік іс деп ойлаймын.
– Тәрбиеленушіге қандай да бір ерекше талаптар қойыла ма?
– Айтарлықтай талап жоқ. Қамқорлыққа алынған бала жалпы мақұлдаған мораль нормаларын, мінез-құлық ережесін сақтауы және оқуда үлгерімділік танытып, жалпы өз өмірін жақсы жағына өзгертуге талпынуы тиіс. Ал біз – мемлекет пен қоғам – оған көмектесеміз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
P.S. «Жанашыр» жобасына қатысқысы келетіндер М.Қазыбаев атындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат директоры Сәния Төлегенқызы Мусиеваға, +7701 868 92 17; жұмыс телефоны 21-27-17, сондай-ақ Облыстық отбасы түріндегі балалар ауылы мен Жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара Аманғалиқызы Ботатаеваға, +7701 640 83 59; жұмыс телефоны 39-21-70, хабарласа алады.