Атырау, 28 қараша 13:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Минскідегі кәртішкелік жүйе бізде де болса...

2 622 просмотра

Image 0Фотосурет: 42.tut.by «IBA Group» компаниясы Атырау қалалық әкімдігіне жаңа автоматтандырылған бақылау және қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу жүйесін ұсынды. Жоба техникалық тұрғыда қарапайым емес, оны енгізуге 3-5 жыл кетуі мүмкін.

АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН АСТАНА

IBA Group – бас кеңсесі Прагада орналасқан Орталық және Шығыс Еуропадағы ИТ-саласының жетекші тасымалдау қызметін көрсетушілердің бірі болып табылады.

Бұл автоматтандырылған бағдарламаны компания бастапқыда Минскіде әзірлеп, енгізген. Ол жерде енді автобустар, троллейбустар, трамвайлар, метро және қала маңындағы электричкаларды қосқанда бүкіл қоғамдық көлік автоматтанған жүйемен жұмыс істейді.

Жүйе мынадай. Көлікке арнайы ақпарат оқығыш құралдар – валидаторлар мен электронды компостерлер орнатылады. Валидатор, өз кезегінде, мәліметтерді орталық серверге жіберу үшін жүргізушінің бортты компьютерімен жалғанған. Жолаушылар жолақы үшін Mifare Plus технологиясының базасындағы iCard әмбебап картасымен төлейді. Бұл смарт-картаның анағұрлым кең тараған контактісіз технологиясы. Жолаушының электронды ақпарат тасығышына қажетті ақпарат, соның ішінде, егер оның иесі зейнеткер немесе оқушы болса, жеңілдіктер жөніндегі ақпараттар енгізіледі.

Қажет болған жағдайда, кәртішкені қолма-қол ақшамен банк арқылы, арнайы терминалдардың көмегімен толтыруға болады. Жолаушылар кәртішкені валидаторға жақындатады да, одан жол ақысы алынады.

Жүйеге түрлі сағатта және түрлі бағыттар бойынша жолаушылар ағымына бақылау жасайтын аналитикалық бағдарлама енгізілген. Бұл жүргізушінің жұмысына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Ол жұмысты бастағанда өз кәртішкесін жандандыруға міндетті. Бақылаушылардың да жолаушылар төлеміне бақылау жасайтын өз кәртішкелері бар. Салонға кірген кезде бақылаушы «қояндарға» қулық асыруға мүмкіндік бермей, жолақыны бақылаушы жақындағаннан кейін төлеуі үшін кәртішкені валидаторға жақындатып, оның жұмысын бұғаттап тастайды. Тексеруді аяқтаған соң, бақылаушылар өз кәртішкелерін қайтадан валидаторға жақындатып, бұғатын алып тастайды.

Бұдан басқа, Минскіде бұл кәртішке электронды әмиян және оқушының кәртішкесі ретінде қолданылады.

Жолақы төлеу құралы болып табылатын кәртішке әрі қарай коммуналдық және басқа да қызметтерді төлеуге болатын электронды әмиян ретінде қолданылуы мүмкін. Шын мәнінде ол қала тұрғынының кәртішкесіне айнала алады. Біз көлік жобасынан бастап отырмыз, өйткені ол бір жағынан жолаушылар ағымын есептеу үшін экономикалық негізделген тетік болса, екінші жағынан әкімдіктің басқа ведомостволары үшін статистика береді. Содан кейін жобаға такси қызметін, арнайы техника жұмысын енгізуге болады. Бұл осы салада тәртіп орнатуға, көілктер ресми маршруттардан ауытқымас үшін бақылау жасауға мүмкіндік береді, - деді Орталық Азиядағы IBA Group ресми өкілі Михаил БУНАС.

МӘСЕЛЕ ҚҰНЫ – 4 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Белоруссия астанасында кәртішке сататын 300 нүкте, сондай-ақ метрода 70 терминал бар. 1 млн кәртішке шығарылған (соның ішінде көлік қызметінің қызметкерлері үшін), орташа алғанда тәулігіне 1 млн 200 мың транзакция жүргізіледі. Компания алуан көлік түрлері мен жолаушылар санаты үшін әртүрлі тарифтер әзірлеген. Қала қонақтары үшін бір мәрте жол жүру нұсқалары бар. Екі миллионға жуық тұрғыны бар Минск үшін осы жүйені әзірлеу және орнату 16 млн долларға, Львов үшін – 9,2 млн долларға шыққан. Мұндай жүйені Алматыда орнату мүмкіндігі де талқыланды. Сол кезде 12-13 млн доллар сома айтылған еді. Ал Атырау қаласы әкімдігінің жолаушылар тасымалы жүйесіне тәртіп енгізуге тырысып жүргендеріне бірнеше жыл болды. Қазіргі уақытта, мәселен, 250 автобус пен маршруттарға GPS жүйесін орнату және негізгі 25 автобус аялдамасына ақпараттық табло орнату жұмыстары жүргізілуде.

Атырауда 280 мыңдай тұрғын бар. Біздің қаламыз үшін жоба құнын есептеуге жұмыс тобын құрып, логистика жасау керек және т.б. Шамамен алынған есептеулер бойынша, бұл 3,5-4 млн доллар тұратын болады. Жоба әзірлеушілер қаржыландыру үшін инвесторларды, атап айтқанда, Еуропалық даму банкін тартуға болатынын атап өтті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

1 маусым 2015, 12:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.