Дүние жүзіндегі ең ірі мұнай-газ корпорациясының бірі «Шеврон» өз сайтында 2014 жылдың қорытындысы туралы есеп берді. Қазақстанда компания үш жоба бойынша – Теңіз, Қарашығанақ және Каспий Тұрба құбыры консорциумында (КТК) жұмыс істейді.
КІРІСТЕР 20 МЛРД ДОЛЛАРҒА АЗАЙДЫ
Шеврон тоқсан сайын өз акционерлері алдында есеп береді, бірақ анағұрлым толық ақпаратты жыл сайынғы егжей-тегжейлі есебінде ұсынады.
Сонымен, дүние жүзіндегі бүкіл бөлімшелерінде саттықтан түскен өндірістік қызметтегі «Шеврон» кірістері 200,5 млрд долларды құраған. Олар 2013 жылмен ($220,1 млрд) және 2012 жылмен ($230,5 млрд) салыстырғанда едәуір азайған.
Мұнай мен мұнай өнімдерін сатудан түскен кірістер $119,6 млрд долларды құрады. Бұл 2013 жылы $134 млрд және 2012 жылы $140,7 млрд болған еді. Мұнай кірісінің ең көп болған кезі - 2011 жыл, ол кезде Шеврон оны өткізуден $149,9 млрд табыс тапқан еді.
Шеврон корпорациясының таза пайдасы 2014 жылы 19,2 млрд долларды (2013 жылы $21,4 млрд, 2012 жылы – $26, 1 млрд) құрады.
2014 жылы мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 2,5 млн баррельді құрады. Мұндағы мұнайдың 74 пайызы АҚШ-тан тысқары жерде (20-дан астам елде) өндіріледі.
Есепте жазылғандай, 2014 жылдың ортасынан бастап бірқатар факторларға байланысты шикі мұнай бағасының әжептәуір құлдырауына қатысты кірістер азайған. Атап айтқанда, ОПЕК-ке кірмейтін елдерде мұнай өндірудің күрт артқаны байқалады. АҚШ-та тақтатасты мұнай өндіру ұлғайған, дамушы елдер өсімі төмендеген және ОПЕК-тің 2014 жылдың 4-ші тоқсанындағы мұнай бағасының шегін сақтау шешімі.
Сонымен, шеврондық аналитиктер компания үшін анықтаушы деп атайтын Брент маркасындағы мұнайдың орташа бағасы 2014 жылы 99 долларды құрады. Бұл 2013 жылы 109 долларды құраса, 2015 жылы наурыздың басында Брент 61 доллар болды.
КТК КЕЗЕҢМЕН КЕҢЕЙЕДІ
Қазақстан бойынша. «Теңізшевройл» ЖШС игеріп жатқан Теңіз және Королев кеніштеріндегі «Шевронның» қатысу үлесі 50 пайызды құрайды. Концессиялық келісім мерзімі 2033 жылы аяқталады. Өткен жылы ТШО тәулігіне орташа алғанда 239 мың баррель шикі мұнай, 334 млн текше фут табиғи газ, 20 мың баррель сұйытылған табиғи газ өндірген. ҰЕҚБЖ/ККЖ жобалары бойынша ақырғы инвестициялық шешім 2015 жылдың екінші жартысында қабылданатын болады.
Қарашығанақ жобасындағы «Шеврон» үлесі 18 пайызды құрайды. Өнім бөлінісі туралы келісім мерзімі 2038 жылы бітеді. 2014 жылы Қарашығанақта тәулік сайын орташа алғанда 13 мың баррель мұнай, 126 млн текше фут табиғи газ және мұнай конденсаты түрінде 29 мың баррель ілеспе шикізат өндірілген.
КТК-да «Шевронның» 15 пайыз үлесі бар. 2014 жылы КТК-ны кеңейту жұмыстары жалғасты, жоба кезеңмен жүзеге асырылуда. Нәтижесінде келешектегі Теңіз және Қарашығанақ кеніштерінің кеңею есебімен тұрба құбырының өткізу қуаттылығы көбейеді.
«ШЫҒЫНДАРДЫ АЗАЙТАМЫЗ»
Ал жақында «Шеврон» өзінің сайтына бірінші тоқсанның есебін орналастырған еді. Сол есепке сүйенсек, корпорацияның таза пайдасы 2015 жылдың алғашқы үш айында 2,6 млрд долларды (2014 жылы осы кезеңде 4,5 млрд доллар), сату мен өндірістік қызметтен түскен кіріс 32 долларды (2014 жылдың бірінші тоқсанында 51 млрд доллар) құраған. «Шеврон» корпорациясының атқарушы директоры Джон УОТСОН пайданың азаюын мұнай бағасының күрт төмендеуімен байланыстырып, ағымдағы баға жағдаятына бірқатар қадамдармен қатар шығындарды азайту жауап болады деп мәлімдеді.
Дайындаған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА