Атырау, 28 қараша 12:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мемлекеттік сатып алудағы қайшылықтар

2 183 просмотра

Image 0Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманың қолданылуына қатысты азаматтық істер жөнінде дөңгелек үстел өтті.

Оған қатысуға мүдделі мемлекеттік органдар (Атырау облысы әкімінің аппараты, мемлекеттік сатып алулар жөніндегі басқарма, қаржылық бақылау инспекциясы, денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс басқармалары, білім беру саласын бақылау департаменті), сондай-ақ экономикалық соттың судьялары шақырылды.

Судьялар ауданаралық экономикалық сотында қарастырылатын істердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алуларға қатысты екенін атап өтті. Бүкіл мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың осы процедура арқылы тауарлар мен жұмыстарды сатып алуға міндетті екендігі белгілі. Оның тәртібі Мемлекеттік сатып алулар туралы арнайы заңмен реттеледі. Жеткізушіні (немесе ықтимал жеткізушіні) мемлекеттік сатып алуға алақол қатысушы деп тану туралы талап-арыздарды көбінесе ауруханалардың, мектептер мен балабақшалардың беретіндігі байқалады. Алақол қатысушылар тізіліміне енгізілген заңды тұлғаның немесе ЖК-ның 2 жылға дейін мемлекеттік сатып алуларға қатысуға құқығы жоқ.

Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ильяс САДБАННЫҢ айтуынша, анағұрлым жиі кездесетін заң бұзушылық – мерзімдердің сақталмауы екен:

- Тапсырыс беруші немесе ұйымдастырушы тендер қорытындылары бекітілгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде жеңімпазға келісімшарт жобасын жолдайды. Алайда жобаны электронды почтамен жіберетін жағдай жиі кездеседі, бұған жол беруге болмайды. Заңға сәйкес, бұл құжатты пошта арқылы хабарламамен немесе веб-портал арқылы жіберу керек.

Сондай-ақ, жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі – мемлекеттік органдардың сотқа талап-арызды заңда белгіленген мерзімде ұсынбауы. Мәселен, мердігер келісімшартта келісілген жұмыс көлемін орындамаса немесе мерзімге үлгермесе, мұның бәрі оны алақол қатысушы деп тану үшін негіз болып табылады. Мемлекеттік органдар тиісті талап-арызды 30 күнтізбелік күн ішінде беруі тиіс. Егер бұл мерзім сақталмаса, Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы талап-арызды қабыл алмауды ұйғарады. Осылайша, алақол мердігер жазасыз қалады.

- Мұндай қомақты айыппұлдар талап-арызды дер кезінде бермеген мемлекеттік органдарға салынады. Бұл сіздердің міндеттеріңіз ғой. Бәлкім, әлдебіреулер уақытты әдейі өткізіп жіберетін шығар? – деді қатысушыларға қарап мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Анаргүл САЛИХОВА.

Судьялар мұндай заң бұзушылықтардың негізінен заңгерлері жоқ балабақшаларда, мектептер мен ауруханаларда кездесетінін атап өтті.

Мемлекеттік органдар өз талап-арыздарынан ұтылып қалатын жағдайлар да кездеседі екен:

- Мәселен, тапсырыс беруші ірі нысан құрылысы бойынша жұмыстар сатып алады, - дейді И.Садбан. – Алайда ғимаратты салу үшін жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасау керек. Тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алулар арқылы ЖСҚ жасауды тиісті лицензиясы бар мамандандырылған мекемеге жүктейді. Келісімшарт бойынша мердігер ЖСҚ-ны көлеміне қарай 2-3 ай ішінде немесе жарты жыл ішінде әзірлеуге тиіс. Бірақ мерзіміне үлгермейді. Тиісінше, тапсырыс беруші сотқа барады, ал ол жерде мемлекеттік органның ЖСҚ орындау үшін негізгі мәліметтерді уақытында ұсынбағандығы, тиісінше, мердігердің кінәсі жоқтығы анықталады.

Судьялар атап өткендей, мемлекеттік сатып алуларға қатысты даулардың кейбір санаттары бойынша тәжірибелер жинақталуда. Сондықтан олар барлық мүдделі тараптардың өздерін тыңдап, даулы сәттерді бірге шешуге шақырды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

26 мамыр 2015, 14:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.