12 мамырда болған нөсер жаңбырдан үйлері суға кеткен 53 отбасы мектептерден Темірханов, 8 «А» мекенжайында орналасқан кеңсе ғимаратына көшірілді.
КІШКЕНТАЙ БАЛАЛАР КӨП
Бұрын шетелдік компаниялардың кеңселері орналасқан үш қатарлы кірпіш ғимаратқа кереуеттер, көрпе-көпшіктер әкелініп, кілемдер төселді, теледидарлар қойылып, шағын асхана жасақталды. Орынжай иелері қолдарындағын ұсынса, бір бөлігін басқа фирмалар әкеліп, көрпе-көпшік Қарабатандағы жатақханадан жеткізілді. Орынжай иелерінің айтуынша, өздерінің жаңа тұрғындарына баспананы қашанға дейін керек болса, соған дейін беруге дайын екен. Осы жерде қала билігі тұрғындардың күнделікті проблемаларын шешу үшін «Диалог орталығын» ашқан.
Орталыққа қалалық әкімдіктен делегация - әкім Нұрлыбек ОЖАЕВ, оның үш орынбасары, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қанат ӘЗМҰХАНОВ, Атырау қаласының прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВ, ҚІІБ бастығы Қамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ, қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВА, қалалық ТКШ бөлімінің қызметкері Марта НҰРҒАЛИЕВА және т.б. келді.
Адамдар орынжай дәлізіне алдын ала жиналған екен, 174 уақытша тұрып жатқандардың арасында кішкентай балалар көп екені көзге бірден көрініп тұр. Олар айналарында болып жатқан нәрселерді қызық көріп, ойнайтын жолдастары көбейгендеріне қуанып жүр. Ал ересектер анда-мында көшуден әбден запы болған, үйлеріне қайтқылары келеді. Дегенмен олар өздеріне барлық жағдайлар жасалып, азық-түлік және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етіп жатқандарын да мойындайды.
Жания НҰРСАФИЕВА 13 мамырдан бері «көшіп жүр». Олардың Худин көшесінде орналасқан («Атырау» сауда ойын-сауық орталығының арты) 4 пәтерлі үйлерін бірден су басып кеткен.
- Пәтерлеріміздегі суды бір рет айдап шығарды, алайда су қайтадан пайда болды. Мен бірнеше рет өтінім бергенмін, алайда кезек әлі келер емес. Үйде өмір сүру мүмкін емес, алдымен бізді №2 мектепке жіберді, қазір осында тұрып жатырмыз, - дейді әйел.
ӘР ОРЫНБАСАРҒА БІР-БІР БЛОКТАН
Қала әкімінің айтуынша, 12 мамырда 5 сағаттың ішінде жауын-шашынның 5 айлық нормасы түскен. Сол күннен бастап арнайы техникамен 302 мың текше су шығарылды, алайда үйлер мен аулаларға су қайтадан жиналып тұр. Нөсер жауыннан үйлері суға кеткен тұрғындар бірнеше қалалық мектептерге жайғастырылды, ал 20 мамырда барлығы сол жерден кері көшірілді. Өйткені оқушылар емтихандарға, ҰБТ-ға дайындалуы керек, соңғы қоңырау болады, ал 1 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарын бастайды.
- Барлық жұмыстар блоктар мен секторларға жүйеленді, - деп хабарлады қатысушыларға Н. Ожаев. – Қала 11 секторға бөлінді, әрқайсысында құрамына әкімдік, мәслихат өкілдері, сарапшылар, жобалаушылар, сәулетшілер кірген бағалау комиссиялары жұмыс жасап жатыр. Суды шығару жұмыстарын орынбасарым Әділбек ЗАЙДУЛЛИН басқарады. Қазіргі уақытта комиссия аулаларды аралауды аяқтап жатыр, енді екінші блок жұмыстары – бағалау басталады. Бұл блок бойынша жұмыстарға орынбасарым Амантай АЙТБАЕВ жетекшілік етеді. Эвакуация және зардап шеккендерді орналастыру мәселелерімен тағы бір орынбасарым Гүлмира ШӘКІРОВА айналысады.
Көптеген қалалықтардың тұрғын үй жағдайлары әлі үйге қайтуға мүмкіндік бермей отыр: қанша рет шығарылғанына қарамастан су қайтпай отыр, жер асты сулары шығып жатыр. Ал кейбіреулері үйлері қайта тұруға жарамайтынын түсініп те жатыр, бұған дейін де күрделі жөндеуді қажет еткен үйлерін жаңбыр пайдасыз қылды: едендер көтеріліп, қабырғалар түскен, үй ішінде сыздың, қалдық сулардың иістері шығып тұр, оны мұқият дезинфекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізсең де кетіре алмайтын шығарсың. Қазір адамдар жатақханада, содан кейін қала билігі тұрғын үйді жалға алуға көмектеспекші. Мұның барлығы зардап шегушілердің өздеріне тиесілі өтемақыны алғанға дейін созылады.
ЖАЗ БОЙЫ ЕСЕПТЕЛЕДІ
Әрине, жұрттың барлығын бағалау рәсімі қашанға дейін созылады және өтемақы төлене ме деген сұрақтар толғандырды.
Қала прокурорының айтуынша, барлық есептеулер 2014 жылғы 14 желтоқсанда ел үкіметі бекіткен «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (шығынды) өтеу ережелеріне» сәйкес жүргізіледі және ол 2 айға созылады. Бағалаушылар өз қорытындыларын шығарып, мемлекеттік сараптама жүргізіледі, қажетті құжаттардың барлығын ресімдеуге уақыт керек.
Өтемақылар жөніне келсек, қалалық билік тек ақшамен ғана емес, материалдар мен жұмыс күшімен көмектесуді ұсынды.
- Біреулердің қолдау көрсететін, жаңа үй салуға көмектесетін ағайын-тумалары көп, оларға тек материалдар қажет. Ал кейбіреулерде материал алатын қаржылары бар да, жұмыс күші жоқ.
Көптеген адамдар комиссияның шешімі мен төлемдерді күтпей-ақ жарамсыз үйлерін бұзып, қосалқы шағын үй болса да салып алуға бола ма, бұл өтемақы алуға кедергі болмай ма деп сұрады. Оларға «еш мазасызданбай, сала беріңіздер» деп жауап берілді.
- Мен 7 жылдан бері кезекте тұрмын, мүгедекпін, менің үйім апатты үйлер қатарына енгізілген, қазір онда тұру мүлдем мүмкін емес, осы жағдайда бізге кезексіз үй беруге болмай ма екен? - дейді қала тұрғыны Лиза ӨТЕБАЕВА. Мұндай кезекте тұрғандар залда көп екен. Алайда олар үй алға қарай да тек кезек бойынша беріледі деген жауап алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА