Атырау, 27 желтоқсан 04:14
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қоқыс мәселесі сессияда қаралмақ

8 799 просмотра

Қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама өткен жылы жасақталған болатын. Бірақ оны облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына енді ғана ұсынбақ.

Облыстық табиғат ресурстары мен табиғат пайдалану басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢ хабарлауынша, тек өткен жыл ішінде облыста 155 мың тонна қалдық жиналған. Облыстың әр тұрғынының үлесіне орташа алғанда 300 келідей өнеркәсіптік және тұрмыстық қоқыстан келеді екен.

Қуанов қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары баяғыда ескіріп, жарамсыз боп қалғандығын айтқанмен басқа құпияны ашпады. Әсіресе тиісті коммуналдық қызметтері жоқ ауылдың жағдайы мүшкіл. Аудан орталықтары мен ауылдық округтердің төңірегі қоқыстарға толған.

Бағдарлама жасақтау барысында көзге көрінер фактілер анықталды: қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және оларды өңдеу ішінара, тек облыс орталығында ғана жүзеге асырылады. Мұндағы өңделетін қалдықтар үлесі шамалы ғана.

Қала мен облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысатын әкімдіктер мен кәсіпорындар ұсынған есептеу көлемінің салыстырмалы талдауы біздегі есептеу нормаларының қалдықтардың нақты көлемімен сәйкес келмейтінін көрсетті. Бағдарлама аясында Атырау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтау нормаларын қайта қарау және басқа елді мекендер үшін жаңа нормаларды жасақтау, соның негізінде қоқыстарды жинау үшін жаңа тарифтерді түзетіп, бекіту, Атырау қаласынан қатты тұрмыс қалдықтарын алдын ала сұрыптап, өңдеу үшін арнайы жарақталған алаңдар салу ұсынылады.

Пилоттық жоба ретінде қоқысты бөлек жинау үшін контейнерлер орнату, сондай-ақ, облыстағы ірі елді мекендерде қайталама шикізатты стационарлы және көшпелі қабылдау қосындарын ашу жобаланған. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі аудандарда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу және сақтау жүйелерін жетілдіру боп табылады. 7 аудан орталығы мен жекелеген селолық округтерде арнайы техникалар алу мен полигондар, сондай-ақ,  түрлі типтегі қоқыс сұрыптайтын кешендер салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Құлсары қаласында 174 млн. теңгеге бір ірі полигон (40 га), Мақат, Ганюшкино, Аққыстау, Индер және Махамбет поселкелерінде жалпы сомасы 420 млн. теңгеге 5 орташа полигон (16 гектардан), Сүйіндік, Котяева, Миялы және Сағыз елді мекендерінде жалпы сомасы 232 млн. теңге болатын 4 шағын полигон (9 гектардан) салынатын болады. Атырау қаласынан сұрыптау кешенінің құрылысын салу қарастырылған. Басқа елдердің тәжірибесі сұрыптау кешендерінің полигонға әкелінетін қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемін 10 есе азайтуға, ал 60 пайыздан астам қалдықты экологиялық таза өнім өндіру үшін қайталама шикізат ретінде пайдалануға мүмкіндік беретінін көрсетті. Негізінен әңгіме жыл сайын Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 14 мың тоннадай жиналатын полиэтилен және полимерлі (ПЭТ-бөтелкелер) қалдықтар туралы болып отыр. Оларды қайта өңдеп, құмды-полимерлі, аяқжол плиталарын, жол жиектерін және т.б. дайындау үшін пайдалану жоспарлануда.

Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтардың морфологиялық құрамы көрсеткендей, қағаз бен картондардың үлестік салмағы жылына орташа алғанда 36 пайыз немесе 30 мың тонна құрайды екен. Оларды пайдалану тұрғысында да жоспарлар бар. Испандық «Имайб Иберика» фирмасы макулатураларды жылу-изоляциялық плиталар жасау үшін өңдейтін шағын зауыттарға арналған жабдықтарды жеткізеді. 2 зауыттың жалпы өнімділігі жылына 132 мың шаршы метр изоляция плитасын құрайды. Бұдан басқа, макулатураны дәретхана қағазы үшін өңдейтін, әрбіреуінің қуаттылығы жылына 730 тонна болатын екі шағын зауыт салу жоспарланған.

Ал тамақ қалдықтары тыңайтқыштар, биогаздар өндіру үшін пайдаланылар еді. Атырау қаласы мен оның төңірегіндегі аумақты көгалдандыру жөніндегі бағдарлама аясында қала маңынан жалпы алаңы 4 мың гектар болатын 2 жасыл белдеу аймағын құру жоспарланған. Аймақтағы топырақтың жағдайын ескерсек, жасыл белдеуді жасау үшін тыңайтқыш қажеттілігі он есе көбейеді. Жалпы, Қуановтың пікірінше, «қалдықтар» инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту үшін жақсы сала көрінеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

6 қазан 2011, 21:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.