Қызылқоға ауданында бруцеллез жұқтырған мал саны көбеюде. Кейбір көшелерге шектеу жарияланған.
Осы жылы аудан бойынша 6 078 ірі қара, 53 882 қой-ешкі, 101 бас түйе тексерістен өткен. Аудандық ветеринариялық лабораторияның қорытындысымен 172 ірі қарадан, 1 159 қой-ешкіден, 3 түйеден бруцеллез ауруына оң нәтиже анықталып отыр. Жекеленген ауылдарда бруцеллезге ұшыраған мал шамадан тыс көбейіп кеткен. Мәселен, Көздіғара округінде - 412, Ойылда - 204, Жанкелдинде - 101, Миялыда - 136, Тайсойғанда 174 бас қой-ешкі бруцеллезге оң нәтиже берген. Індет көп тараған Тасшағыл ауылындағы Досығалиев көшесіне, Миялы ауылындағы Б. Нысанбаев көшесіне шектеу (карантин) жарияланған.
Өткен жылы «Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» ММ-нің Атырау облысы бойынша филиалы ауруға шалдыққан малды оқшаулап, жаппай өртеген болатын. Уақ жандықтардың басына бюджеттен 18-25 мың теңге көлемінде ақша төленді. Базар бағасына сай келген бұл баға тұрғындарды қанағаттандырды. Ал, биыл жағдай өзгерді. Енді қой-ешкілерді «Құрманғазы» сервистік дайындау орталығының шұжық цехына тапсырады. Түйені «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою цехында, ірі қара малын Миялы ауылындағы қасапханада сойып, етін мал иесінің өзінің алып кетуіне жағдай жасалған.
- Қызылқоға өңірінің адамдары егін салумен айналыспайды, тек малмен күнелтіп отыр. Ет-сүт өнімдерін сатады. Тұрғындардың басқа табыс көзі жоқ, сол себепті бұл жағдай көп отбасын шығынға ұшыратып отыр. Былтыр малдың жаппай өртеуі ұйымдастырылғанда бар пәле сонымен кеткен болар деп ойлағанбыз. Өкінішке орай, қайта шығып отыр, - дейді қызылқоғалықтар.
Мұндай жағдайда тұрғындардың мал басын көбейтуге деген құлшыныстарының біраз төмендейтіні түсінікті. Бірақ Тасшағыл ауылының тұрғыны Берік ЖҰМАЕВТЫҢ пікірінше, бұл - тығырықтан шығудың жолы емес:
- Жылқы малын көбейту ісі жақсы болғанмен, сен оны кез келген уақытта сата алмайсың. Бұл тұрғыдан алғанда уақ жандық тиімді, бірақ басқа жағынан қарасақ, осы қой-ешкілер бруцеллез ауруына жиі ұшырайды. Өткен жылы біздің ауылдан көп малды құртты. 2013 жылы 700-ге жуық уақ жандықтың көзі құртылды. Досығалиев көшесінде шектеу жарияланды. Биыл тағы сондай жағдай. Қорамдағы уақ жандықтың 8 басынан ауру табылды. Екі шыбыш, екі тоқтымды шұжық цехына тапсырғанда небары 7 мың теңге алдым.
Жергілікті халық мал бағасының төмен төленуінен ауру малды жасыру фактілерінің енді жиі кездесетінін айтады. Мамандар бүкіл мал сырғаланғандықтан мұндай жағдайдың орын алуы мүмкін еместігін айтады. Ал, бір малбегі бруцеллездің шығуы аулалар мен қоралардың ескілігімен байланысты деп есептейді. Дезинфекциялау жұмыстары қанша рет жүргізілгенімен, ескі қораларда вирус ұзақ сақталып қалады.
Біз Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВТАН жағдайға түсінік беруін сұрағанбыз:
- Бұрындары малдан қан алу ай сайын бөлек жүретін. Биыл жаппай бір уақытта жүргізілді. Сондықтан ауру мал бірден анықталды. Өз басым мал бруцеллезге ұшыраған жоқ, бруцеллездің оң нәтижесі анықталып отыр деген пікірдемін. Бұл өңірде аталмыш ауру 1982 жылы шықты. Содан бері күресудеміз. Қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА